Абақтыда кімдер атылып, кімдер азапталды екен?
2019 ж. 22 шілде
3186
2
Жаркент қаласында тарихи маңызы бар ғимараттардың бірі атақты Уәлібай салдырған мешітті көбіміз білеміз. Бұл мешіттен басқа қалада ескі ғимараттар да баршылық. Олардың қай жылы салынып, қандай қызмет атқарғаны тарих қойнауында жатыр. Соның бірі – патшалық Ресейдің ағаш бөренеден салдырған абақты үйі. Алайда, ол шын мәнінде абақты болған ба, жоқ басқа қызмет атқарған ба деген сұрақ туындайтыны анық. Бірақ ел есінде ол түрме болып қалған. Ғимарат жөнінде деректер де аз. Оның қай жылы салынғанын ешкім білмейді де. Бұдан екі жыл бұрын кездейсоқ абақты үйіне тап болғаным бар.
Ағаш бөренелерден салынған ғимарат алғашында бітпей қалған құрылыстай көрінді. Өйткені, кеңес үкіметі құлағаннан кейін талай құрылыс тоқтап, қаңтарылып тұрғанын көзіміз көрген. Соның бірі болар деп те топшыладым. Әсіресе, көзге ерекше көрінетін құрылыстың дәл ортасы еңселі екі қабатты болып салынса, оның төбесі ашық, көлденең тастаған бөренелі жуан белағаштарымен тұрғаны бір әсер қалдырды. Шатыры жоқ. Қабатта үңірейген үлкен үш терезесімен қалған. Олардың аралары бөренелер арқылы бөлініпті. Әдемі болып шабылған бөренелердің қалыңдықтары жиырма сантиметрдей, бәрі біркелкі төрт қырланып шабылыпты. Қиюласып бөлінген жерлері де бір сызықтың бойымен төменгі қабатқа бірдей түсіпті. Ғимаратқа таңданып тұрғанымда бізді қарсы алған қария: «бұл аты шулы абақты ғой», – деді. «Абақты, кейін түрмеге айналған» дегенде, есіме әкем марқұмның 1916 жылы Қарақара жайлауын болған албандардың ұлт-азаттық көтерілісінде елдің игі жақсыларын бастаған Ұзақ пен Жәмеңке, Тұрлықожа, Әубәкірлердің ақ патшаға қарсы шығып, «әскерге бала бермейміз, бала бергенше шал өлсін» деген қарсылығынан кейін оларды Қарақол мен Жаркенттің абақтысына апарып қырды. 1928 пен 1932 жылдардағы зобалаңда талай жазықсыз жандарды Жаркенттің абақтысында қамап, атқан» деген сөзі түсті. Тағы да ойыма күдік ұялады «Қай жылғы түрме?» дегенім де, қария: «заманнан келе жатқан абақты. Ел кейін түрме деп атап кеткен. Соның қалған қаңқасы» дегенді айтты. «1930-жылдары атамыз Ұзақ батырдың жеті баласының отбасымен Жаркенттің қызыл қоңыр абақтысына қамапты» деп айтқан Ұзақ батырдың шөбересі Жанәбіл ағаның айтқан әңгімесі де еске түсті. Сол кісі айтқан түрме екені осы екеніне сонда көзім жетті. «Айыптары байдың, зомагердің тұқымдары деп, Ұзақтың балалары – Оман, Дәуленхан, Тәліпті әйелдерімен және де жақындарын Жаркентке қамаған» деген еді. Батырдың балаларын түрменің бастығы құтқарыпты. Ол Дәуленханды танып: «ел Қытайға қашып жатыр. Мұндағылардың бәрі өледі. Сенде өлесің. Қытайға қаш. Мен сендерге көмектесемін. Осы маңда диірмен бар. Сол жердің басына апарамын. Диірменнен азын- аулақ азық алып, қашыңдар» деген. Соның көмегімен біздің әкелеріміз қашып, өздері отырған Мыңжылқыға келген. Дәуленхан бастаған 28 жан шекарадан өткен. Бұл әңгімені мені тәрбиелеп өсірген Ұлбай шешем айтқан еді. Ол кісі атақты Жәмеңкенің Сүлеймен деген баласының қызы» еді. Қарасаздық ұстазым Жалғас Келдібекова апайда: «Менің естияр кезім. 1923 жылы дүниеге келгенмін. Құжатта 1924 жылы деп жазылған. 1930- жылдары елге ауыр тиді. Алғашында байларды тәркілеу басталып, кейін олардың малын тартып алды. Елде ашаршылық жайлап, қиналған жұрт Қытайға ауды. Оларды шекараға жеткізбей ұстап, Жаркенттің түрмесіне қамады. Іздеп барғандар қайтпады. Ағасын іздеген інісі мен туысы да сол жақта қалды. Жоғалғандарды іздеуге мұндағылардың шамасы болған жоқ. Ашаршылық кезі. Ол жылдарды қалай ұмытайын. Ел басына түскен тауқымет зұлмат болды. Кейін заманның тыныш кезінде Жаркенттегі түрмеде өлген әкелерімді іздеуге барғым келді. Бірақ ол кезде түрме болды ма, білмедім» деген. Осыдан кейін менің ойымда ол түрме бар ма, жоқ па деген сұрақ жүрген. Енді міне, оның барына көзім жетті. Ойда жоқта түрменің алдына тап болғаным. Аты шулы түрме оңтүстіктен солтүстікке қарай созылып, ағаш бөренеден салыныпты. Дәл ортасы екі қабат болып жасалыпты. Кірер жағы күншығысқа қараған.Түрменің ұзындығы шамамен 100 метрдей. Ортадағы екі қабатының өзгешелігі бір қабаттан сыртқа екі метрдей шығыңқы болып салынуында, әрі еңселі. Бірінші қабатында ғимаратқа кіретін есік және оның екі жағында екі терезесі бар. Олардың аралары өзара бөлінген. Бөлінген тұстарында бөренелердің бұрыштары шығып тұр. Ал екінші қабатта үлкен үш терезе үңірейіп, төбесі аңғал-саңғал күйде ашық. Төбесінде шатыры жоқ, көлденен жатқан белағаштарымен тұр. Терезелердің аралары да бөлінген. Бас аяғы бірдей жуан бөренелердің қиюласып жасаған жұмыс аса шеберлікпен істеліпті. Қиюласып өрілген бөренелердің түстері қоңырлау. Көрер көзге түрменің екі қабатты келбетімен ерекше көрінгенімен оған қанаттас жатқан екі жағындағы ұзын бөлігі қарапайым. Үлкен, кішілі терезелер арасы бөлінген. Бөліктері көрер көзге суық көрінді. Ғимараттың қатты тоналғаны және бар.
Бұл үйдің тарихы арыда. Салынғанына 120 жылдан әрі болуы керек. Бірде-бір шеге пайдаланбай салынған құрылыс. Қай жылы салынғанын ешкім дөп басып айта алмайды. Бұрынғы патшалық Ресейдің казактары Ұзынқара тауының теріскейіндегі Тянь-шань қарағайынан салғызған абақтысы дейді білетін жұрт. 1937 жылға дейін талай жазықсыз жандарды тұтқындап қамап, атыпты. Неше бір елім, жұртым дегендер осында отырған екен. Олардың ішінде жер аударғандар болған. Кейін абақты осындағы педучилищенің қыздар жатақханасы болған. Бұдан кейін балабақша да болыпты. Кеңес үкіметі тарағаннан кейін бос қалған түрмені әркім ағашы үшін тонап, осындай жағдайға жеткізген. Түрменің жасалу жағында еш мін жоқ. Ағаш тілін білетін шеберлердің қолынан шыққан. 90-жылдары жоғары жақтан пәрмен келіп, «тарихи маңызы бар ғимарат» деп, бұзуды тоқтаты. Содан бері суық қолдыларда тиылды.Ертеректе түрменің екі бұрышында қарауыл мұнарасы да болған екен. Біз отырған үйде түрме қызметкерлері тұрыпты. Үш бөлмелі. Үйдің алдында қақпа мен сырттан келетіндерден сәлем – сауқатын қабылдайтын орын және монша болған. Одан кейінгісі түрме. Есігі осы жақтан. Екінші есік түрменің дәліз арқылы сыртқа шығады. Оған қарсы тамақ жасайтын асхана бар. Әкемнің әкесі Бәубек Жаркент өңіріне танымал болыс болған екен. 1930 жылдары ұсталып,осы түрмеге отырыпты. Кейін Қарағандыға айдалып, сол жақта өлді деген хабар келген. Атамыз үш әйел алыпты. Талай дау-дамайға төрелік айтыпты. Бір жылдары атамыз бес жыл шешілмеген келген қыз дауын шешіп беріпті. Дау шешілгеннен кейін атамызға 12 қыз берген. Ол 12 қызды ауылға әкеліп, Мамай деген атаның ұрпақтарына таратқан. Ол атаның жағыз ұлын да үйлендіріпті деген әңгіме айтылады. Әсілі жақсылық ешқашан да ұмытылмайды. Сол Бәубектің Сәдуақасының баласы менмін. Үлкенатамыз 80-ге келіп қайтыс болса, әкем 94-ке келіп өмірден озды. Ел ішіндегі неше бір жақсыларды жазықсыз осында қамап, атқан деген әңгімені әке-шешелеріміз жиі айтып отыратын. Түрме ақ патша мен кеңес заманына қалған. Кеңес заманында түрме тұрған көше Қызыл әскер деп аталған еді. Кейін Желтоқсан көтерілісінің батырының бірі Ербол Сыпатаевтың есімін берді, – деді Әбдібек Сәдуақасұлы.
Әңгімемізге Бейсен Қабылбеков ақсақалда араласты. «Түрменің батыс жағында ол жылдары үлкен жар болған екен. Жар Үсек өзенімен жалғасып жатыпты. Жарға абақтыда отырғандарды апарып атқан. Өлгендері жардың топырағымен беттерін жасырған. Қазір ол жаққа құрылыс түстіп кетті. Қазылған жердің бәрінен адамдардың сүйегі шығып жатқанын ел көрген. Үсек өзенде су диірмен де болған. Ол да орыстардыкі еді», – деді қария.
Мен екі қарияның әңгімесінен кейін түрменің ішіне кірдім. Ұзын дәліздің екі жағы бөренелі бөлмелермен бөлініпті. Едендері қопарылып, қабырғалары сөгілген дәліздің екі жағында алты-жеті терезенің орны тұр. Үңірейген терезе, бұзылған қабырға, қопарылып алынған еденді көзіміз көргенде ғимарат қатты тоналғанын байқадым. Қабырғаларға жіңішке дірәнкілер қағылып сылаған екен. Оның орны қалыпты. Лай батпақтың бірі жоқ. Бөлінген бөлмелерден бөренелердің үңірейген тесіктерінің орындары тұр. Дәліздің төбелері де ашық. Ұзын дәліз солтүстік жақтағы есікпен жалғасыпты. Ол сырттағы шайхана мен тамақ жасайтын шағын кірпіш үймен байланыстаратын тәрізді. Асхананың да терезе, есіктері ашық-шашық. Түрменің батыс жағындағы екінші қабат түрменің шығыс келбетімен мүлде ұқсамайды. Мұнда алты кішкене терезе төбеге жақын қойылыпты. Екі терезе арқылы бөлінген. Ал бірінші қабатта үлкен үш терезе қалдырған. Түрменің бұл жағы да екі жағындағы бөліктен сыртқа шығынқы болып жасалып көтерілген. Түрме мен қоршалған кірпіш қоршаудың ортасында шағын футбол алаңына үлкендеу бос жер жатыр. Түрме қоршауынан кейін ел айтқан Үсек өзені бұл жерден алыс емес сияқты. Қазір ол жаққа құрылыс түсіп кеткен.
Заманнан бері келе жатқан түрме мен оның қызметкерлері тұрған үйі ғана ағаш бөренеден салынған болса, монша мен асхана және қоршалған қоршауы кірпіштен қаланған. Ежелгі Жібек жолы бойында орналасқан Жаркент ертеректе сауда жұмыс байланыстырған орынның бірі болғаны анық. Патшалық Ресей Жетісуды жаулап алғаннан кейін,1882 жылы Жаркенттің іргетасы қалап, өздерінің үстемдіктерін жүргізе бастағаны белгілі. 1892 жылы Жаркент уезі құрылып, орталығы Жаркент қаласы болыпты. 1891 жылдың 25 қаңтарында патшалық Ресейдің Түркістан бөліміне Жаркент-Қорғас кедендік бекеті «Қорғас бекеті» болып құрылды деген дерек бар. Бір деректе Жаркент мешіті 1892-1895 жылдары салынды десе, енді бір деректе мешіт 1887 жылы басталып, 1892 жылы салынып біткені жазылған. Демек, бұл түрме мешіттен бұрын салынған. Себебі, Жаркенттің уез болып құрылған дейін мұнда казактар отрядтарының казармасы болыпты. Жаркент он жылда көркейіп, сауда орталығына айналған. Ал ғимараттың қай жылдан түрме болғаны белгісіз. Тек 1916 жылы түрме болғаны анық. Одан кейін кеңес үкіметі орнағанда да түрме өз қызметін жалғастырған. Оған жоғарғыдағы мысалдар дәлел.
Түрменің не себептен бұзылмай қалғанына келетін болсақ, оның тарихи маңызы бар ғимарат болуында. Және де Жаркент өңірінде шегесіз ағаш бөренеден салынған бірден-бір ғимарат. Сонымен қатар, еліміздегі белгілі талай тұлғалар қамалып, жазаланып, атылған жері деп те айтылады. Мұны қаланың байырғы тұрғындары айтады. Бұл жөнінде 1990-жылдардан кейін құқық саласында қызмет істеген Есенғазы Байжұмаев та растайды. «Кеңес үкіметі құлағанан кейін бос тұрған ғимарат талан-таражға түскенін көрдім. Тарихта маңызы бар ғимаратты қалай да сақтап қалу үшін ауданға және облыс басшыларына хабарлап, тоқтатуды талап еттім. Менің пікірімді көпшілік қолдады. Содан кейін, түрме бұзылмай қалды. Сонымен қатар, түрме бұзыла бастағаннан кейін тылсымның сыртқы күштерінің әсері де болыпты. Ол туралы неше бір әңгімелер ел ауызында айтылып жүр. Осы күштің де әсері де түрменің бұзылмай қалуына себеп болды деп ойлаймын» деуі де шындыққа жанасатын сияқты.
Міне, Жаркент түрмесі туралы әңгіме осы. Өткен замандардан қалған 130 жылдай тарихы бар ғимараттың жұмбақ әлемі көп сырды жасырып жатыр. Мұнда кімдер атылып, кімдер азапталғаны да белгісіз. Ол мұрағаттарда сақталуы мүмкін.
Жексен Алпартегі
qazaquni.kz