Судья Орақбаева ойына келгенін істей бере ме?
2019 ж. 27 шілде
3446
0
Біз газетіміздің өткен санында «Мұнайхимия өнеркәсібі жұмыскерлерінің «Абыройлы еңбек» локалдық кәсіподақ комитетінің» төрағасы Ерлан Балтабайдың үстінен ойдан шығарылып қозғалған істің қалай сотта қаралғаны, Шымкент қаласындағы Еңбекші аудандық сотының судьясы А.Орақбаева ойына келгенін істеп, сот үдерісін спектакльге айналдырып жібергенін, яғни, заңның процессуалдық нормаларын белден басып, 25.06.2019 ж. «сот үкім шығару үшін кеңесу бөлмесіне кетті» деп алып, одан шыққаннан кейін «үкім іс қаралып болған сот отыр
ысында оқылады» деген заң талабын орындаудың орнына ... «үкімнің қашан оқылатынын қосымша хабарлаймыз» деп, отырысты жауып, кетіп қалғаны жайлы жазып едік. Үкім 2.07.2019 күнгі отырыста да, 15.07.2019 отырыста да оқылмайды. Судья тек 17.07.2019 күні барып, Е.Балтабайды жеті жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарады. Қолына кісен салады. Жалпы, әлеуметтік-саяси тұрғыдан тағылған айыптаумен сотталған адамның қолына кісен салудың өзі адами құқықты бұзу үшін, адамның еңсесін басып, оны моралдық-психологиялық тұрғыдан таптап-езу үшін жасалатыны көзге айқын көрініп тұр, әйтпесе кісі өлтірмеген, қарақшылық қылмыс жасамаған адамға бұндай ауыр шараны қолданудың қажеттілігі қанша?
Жалпы, мұндай үкімді шығару-шығармау хикаясының халықаралық форумдармен тікелей байланысы бар. Европарламенттің 2019 жылдың 14 наурызындағы қарарында (резолюцияда) біздің еліміздегі адамның еңбек жолындағы құқықтарының қорғалмауына назар аударылған болатын. Өйткені, еңбек құқығы – адам баласының негізгі құқықтарының бірі. Европарламентке Қазақстандағы бұл мәселені жеткізген Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) мен Тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясы (ТКФ) болатын. Ал, олардың құлағына бұл жағдай жайын құйған мен, Жаңабек Әбішев болатынмын. Құймасыма болады. Ол үшін 2017 жылғы халықаралық кездесулердің бәрінде мен оларға «сендер – сатқынсыңдар!» деп жүрдім. Неге? Себебі, мен 2013 жылдан бері көріп жүрмін, олар біздің елімізге келеді, келуін келгенмен, биліктің сойылын соғып «бізге басшыларыңыз уәде берді, жағдайды жөндейміз деді, халықаралық талаптар мен қалыптарға (нормаларға) сәйкестендіреміз, кішкене шыдаңыздар, бәрі дұрысталады» деп, кішкентай балаша арқамыздан қағып, алдап-сулап, бізді жұбатып кетіп жүрді.
Сондықтан, америкалық делегация бізді қолдаған бір жиында мен былай дедім: «Сіздер бізді алдап жүрсіздер! Міне, мына азамат, Халықаралық еңбек ұйымының Орталық Азия бойынша өкілі менің жалған айтуыма жол бере қоймас, екі сағат бойы осы жерде айтылған әңгімеге талдау жасадым. Сіздер мәселенің қайдан шыққан себебі жайлы емес, салдары жайлы ғана айтып отырсыздар! Демек, сіздерде мәселені шешуге деген құлық жоқ. Ал, оны шешу үшін себебін білу керек. Себеп мынада. Кәсіподақ, сіздердің емес, біздің елдің билігі тұрғысынан қарағанда – оппозиция. Олай болатын себебі – соңғы кемі жүз он жыл айналасында Кеңес Одағында жұмыс беруші біреу ғана болды, ол – кеңес өкіметінің өзі. Оның ісінің дұрыс емес жерін айтсаң болды, сен автоматты түрде оппозиция қатарына кіріп кетесің. Біздің елде де дәл кәзір сондай жағдай – жұмыс беруші негізінен биліктің немесе онымен аффилирленген ұйымдар. Олар кез келген тәуелсіз ұйымды кірпіше жиырылып қарсы алады. Ал, сіздерді сатқын деп артық кетсем кешірім сұраймын, мүмкін, мен сіздерді нашар білетін болармын, есесіне мен сіздерді сатып алып отырған біздің билікті өте жақсы білемін. Енді сіздердің сатқын екендеріңізді дәлелдеп берейін. Ол мынадан көрінеді. Сіздер кешігіп қалдыңыздар. 2013 жылдан бері қайда жүрдіңіздер? Сіздер сол жылы келдіңіздер, дауыстарыңыз естіле бастады, бірақ, содан бері түк бітірген жоқсыздар, біздің биліктен алған ақшаға мәз болып, бізді алдап қойып, жұбатып қойып жүріп жаттыңыздар. Дұрыс қой, өз халқын өзі қанап жатқан біздің билікпен айқасудың сіздерге қандай күйіп бара жатқан қажеттігі бар? Сіздер төрт жыл бойы бізге «сабыр, сабаларыңызға түсіңіздер, аптықтарыңызды басыңыздар, қызбалыққа салынбаңыздар» деп, біздің «ыстығымызды» түсірумен болдыңыздар. Соның салдарынан, кемі төрт жылдан астам уақытқа кешіктіңіздер.
Енді не істей аласыздар сіздер? Сіздерге өткенге талдау жасау қажет. Одан дұрыс қорытынды шығару қажет. Оның ең дұрысы мынау болмақ – сіздер біздің билікке қайтсеңіздер дұрыс ықпал ете аласыздар? Бүгінгі таңда, біздің өкімет халықаралық көптеген шарттарға қол қойғанымен, оларды өзі орындамай жатқан кезде оған не істеуге болады? Ол шарттар басымдыққа ие ғой! Біздің заңдарымыз жаман емес. Бірақ, олар да қағаз жүзінде, жақсы күйінде іске аспай қалып жатады.
«Не істеу керек?» деген сұраққа келсек, біздің билікке әсері болар жалғыз әдіс қалды, ол – санкциялар салу. Біздің билік мұнай сата алмайтын болуы үшін. Халық ашыға бастауы үшін. Ол әлі ашыға қойған жоқ. Ешкім өзінің отырған үйін сатуға әлі барған жоқ. Кеңес кезінен қалған майымыз әлі бар... Адам ашыққан кезде ғана «пісіп-жетіледі».
Сондықтан, бізге де «Магнитский тізімі» керек. Сол тізім бойынша қалталылардың шетелдердегі есепшоттарын бұғаулау басталу да тиіс. Одан бөлек басқа да санкциялар қажет. Онсыз болмайды.
Бұл айтылған ұсыныстарым орындалуы үшін Европарламенттің алдына мәселе қойып, оларды шешуге кірісу қажет».
Менің осы сөзімнен бері де екі жыл өтті. Аздап болса да еңбек ету, алға жылжушылық бар. Соның арқасында, Европарламенттің 2019 жылдың 14 наурызындағы қарары қабылданды. Соның арқасында, 2019 жылдың 14 наурызындағы қарар жөнді орындалмағаннан кейін, Еропарламенттің 2019 жылдың 21 маусымындағы қарары қабылданды.
Европарламенттің мәжілістеріне біздің кәсіподақ көшбасшылары баруы, қатысулары тиіс. Наурызда барғанда оларды мәжіліс залына кіргізбеді. Кеңес өкіметі тұсынан келе жатқан, тоқсан жылдық тарихы бар кәсіподақты ТКФ құрамынан шығарып тастады.
Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) мен Тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясы (ТКФ) – екеуі де үлкен ұйым. ТКФ-ны Халықаралық еңбек ұйымымен тепе-теңдікті сақтап тұру үшін құрған АҚШ-тың Орталық Барлау басқармасы деп саналады. Еш жерде монополия болмағаны дұрыс. Екеуіне де кәзір жұмыс алушылармен қатар жұмыс берушілердің өкілдері де кіріп жатыр. Не үшін? Жұмыс берушілердің өздері де кәзір кәсіподақтың болғанын дұрыс көріп жүр.Кәсіпорын терең дағдарысқа түсіп кетпеуі үшін ол тұрақты түрде, бір қалыпты жұмыс істеп тұруы тиіс. Жұмысшылардың да, кәсіпорын қожайындарының да, кәсіподақтың да көздегені осы. Дәл осы жерде антогонистік мүдделер қиылысады. Оған жету үшін жұмысшылар ереуілге шықпағаны жөн. Шығуға мүмкіндіктері бар, оны жасап алған. Мүшелік жарна оларда ең алдымен ереуіл кезінде керек болады деп қор құруға жұмсалады. Ереуіл болмауы үшін қожайындар жұмысшыларымен пайдамен бөлісуі тиіс. Батыста кәсіпорын қожайындары өнімнің өзіндік құнының есебін жұмысшыларға өтірік көрсете алмайды. Олай етейін десе сауатты жұмысшылар тәуелсіз аудит компанияны шақырады. Салық инспекциясын іске қосады. Қысқасы, алдауға жол бермейді. Сонда нақты таза пайда бар ма, жоқ па, көрініп тұрады. Пайда бөліске түседі...
Өнімнің өзіндік құнында жалақының үлесі соңғы отыз жылда бізде жиырма бес пайыз болса, батыс әлемінде жетпіс пайыздан жетпіс сегіз пайызға өсті. Кәсіпорын дағдарысқа түсе бастаса, қожайын мен кәсіподақ келіссөз жасайды. Жұмысшылар артық сағат жұмыс істеуге бар, бірақ, кәсіпорынды жабуға, мамандар штатын қысқартуға, қысқасы қожайынға ойына келгенін істеуге жол бермейді.
Біз осыған жете алмай келеміз...
Еропарламенттің 2019 жылдың 21 маусымдағы қарары қабылданды дедік. Онда біздің елге қатысты қабылданар санкциялар «спецпараграф» деп аталған. Дәл осындай спецпараграф бізден бұрын Беларусь еліне қатысты қабылданған болатын. Оның мәнісі – «заңдарыңызды өздеріңіз қол қойған халықаралық заңдар талабына сай өзгертіңіздер» деген талап. Биылғы қыркүйек айының аяғына дейін біздің билік жоғарыда айтылған мәселелер бойынша заңнамаларға қандай оң өзгеріс кіргізгені жайлы Европарламентке есеп беруі керек. Ол есеп берілмесе, санкциялар іске қосылады. Біз болсақ, заңдарымызды жөндеудің орнына Ерлан Балтабайды жеті жылға соттап жібердік...
Судья биылғы 21 маусымнан 17 шілдеге дейін үкімді жазбай созғылап келгенінің себебі астанадан не істеуі керектігі жайлы нұсқау күтті деп болжалдауға мәжбүрміз. Ерлан Балтабайдың ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабының талабы бойынша «сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға салды» деген желеумен сотталуы ешбір құқықтық шеңберге сыймайды. Ешкім оған қаржыны сеніп тапсырған жоқ. Мүшелік жарна төленген сәттен бастап қоғамдық ұйымның ақшасы екенін, мемлекет пен қоғамдық ұйым бірінің ісіне екіншісі заңға сәйкес араласа алмайтыны жайлы газеттің өткен санында толық жазған болатынбыз.
Заңдарымыз түгелдей дерлік ресейлік заңдардан көшірме түрінде жасалған. Десократияға жақындау. Соның өзімен біраз жұмыс істеуге болар еді. Бірақ, бізде адвокаттар бұл мамандыққа полициядан, соттан зейнетке, доғарысқа шыққаннан кейін келеді. Батыстағыдай өмір бойы адвокат болып істеу деген бізде жоқтың қасы. Бұрын сот пен полицияда істеген жандар сотпен ілініскісі келмейді.
Судья А.Орақбаева Е.Балтабайға қатысты қозғалған қылмыстық істегі «азаматтық талапты кейін қараймыз» дейді. Заңда бұл көзделмеген. («Азаматтық талап» деп қылмыстан туған залалды, яғни, моралдық және материалдық шығынды айтады). Екіншіден, азаматтық талап бір рет алынса, қайтып берілмейді және азаматтық талап алынған кезде сол қылмыстық іс жабылуы тиіс. Неге? Қылмыс экономикалық, моралдық және физикалық болып үшке бөлінеді. Осының бұл істе екеуі – моралдық және физикалық қылмыс жоқ. Бұл істе жәбірленуші, дәлірегі жалған жәбірленуші «ұрлаттым» деген 10,8 млн.теңгеге байланысты азаматтық талабын қайтып алып отырған соң, іс жабылуы тиіс еді. Судья және бұған, маңызды мәселеге, жазбаша ұйғарым бермей процессуалдық заң талабын тағы бір рет бұзып отыр. Бұдан басқа да заң бұзушылықтары бар судьямен енді апелляциялық сотта кездесу қалып тұр...
Жаңабек Әбішев,
Өмірзақ Ақжігіт
qazaquni.kz