Биыл мектеп формасының бағасы қандай болады – білім басқармасының жауабы
2019 ж. 25 шілде
2128
0
Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармасы мектеп формасына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Басқарма басшысы Әнуар Жанғозиннің айтуынша, биыл бір мектеп формасына шамамен 30 мың теңге кетеді.
"Біз жергілікті тауар өндірушілердің ұсыныстарын зерделеп шықтық. Негізі, сапалы форма ғана емес, аяқ киім тігетін фирмалар да бар. Бір мектеп формасын, шамамен, 20 мың теңгеге алуға болады. Оған қоса, аяқ киім алса, тағы он мыңдай кетеді. Осылайша, бір баланы мектепке дайындау үшін 30 мың теңге қажет болады", - деді Жанғозин баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, мектеп формасына көйлек, жилет пен шалбар кіреді. Тағы бір жылы киім де алуға болады. Ал қыздар үшін – сарафан мен жеңіл жейде немесе жилет, белдемше және шалбар керек. Жаңа оқу жылында мектеп формасына қатысты талап өзгермейді. Форманың түсі қара-көк болып қала береді. Ал ата-аналар тауар өндірушіні өздері таңдай алады.
"Ата-аналар форманы қай жерде алса да, өз еркі. Базардан ба, дүкеннен бе, ательеге тапсырыс бере ме, оны өздері біледі. Ең бастысы, түсі қара-көк болуы қажет. Ал мектепте форманы нақты біреуден алуға міндеттесе, білім басқармасына хабар беруіді сұраймыз", - деді Жанғозин.