БІЛІМДІ ҰРПАҚ – БОЛАШАҚҚА БАСТАР ЖОЛ
2019 ж. 06 шілде
4818
0
Білім саласының жүгі қай кезде де ауыр. Әрі зор жауапкершілік жүктейтіні бесенеден белгілі. Ел тізгінін қолға алған жаңа Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен билік басында көптеген ауыс-түйістер орын алды. Соның бірі – Білім және ғылым министрі болып Асхат Аймағамбетовтың тағайындалуы еді.
Премьер-Министр Асқар Мамин болса, Білім және ғылым министрлігінің алдында мектепке дейінгі, орта, кәсіптік-техникалық және жоғары білімді жаңғырту, сұранысқа ие заманауи мамандар даярлау, білім және ғылымның сапалы жүйесін дамыту сынды ауқымды міндеттердің тұрғандығын атап көрсеткен-ді.
ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС – КЕЗЕК КҮТТІРМЕЙТІН МӘСЕЛЕ
Білім саласындағы басты әрі маңызды мәселенің бірі болып табылатын жемқорлықты жою ісін қолға алған министр бұл тұрғыда қандай нақты шаралар атқарылатындығын да тілге тиек етті. «Жемқорлықпен күрес – алдымызда тұрған ең маңызды мәселенің бірі», – деп атап айтқан Асхат Аймағамбетов: « –Мен жаңа министр ретінде жемқорлықпен күрестің аса маңызды проблема екенін түсінемін. Қазіргі уақытта жемқорлықпен күрес стратегиясын қайта қарап жатырмыз. Ұстап алғаннан кейінгі әңгіме басқа. Мәселе – мұнда белгілі бір құқықтық кемшіліктерге байланысты. Ол кемшіліктер көп жағдайда, жемқорлыққа қатысты заңбұзушылықтарға себеп болып жатады», – деді. Білім саласындағы орын алатын жемқорлықты жоюға жете мән беретіндігін айтқан Асхат Аймағамбетовтың бастамасымен елордадағы Қазақ мемлекеттік заң университеті ғимаратында білім саласындағы «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі ашылды. Сондай-ақ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев пен Білім және ғылым министрлігінің арасында арнайы меморандумға қол қойылды. Жемқорлықпен күресті қарқынды жүргізу арқылы мүлде болдырмаудың жолдарын қарастыру керектігін айтқан министр бұл салада бүгінде келеңсіз оқиғалардың кездесетіндігін де жасырмады. Қазақстан азаматтарының көпшілігінің білім саласына қатысы бар екендігін ескерген сала басшысы бұл тұрғыдағы жұмыстарды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесе отырып бір жүйеге келтіретіндігін айтты. Аталмыш агенттіктің басшысы Алик Шпекбаев: «Қазақстан бүгінгі таңда жемқорлықтан таза, заманауи мемлекет құруда. Заманауи елдің ең негізгі басымдығы – ашықтық, айқындық, қоғам алдында есеп беретін мемлекет құру. Мұнан кейінгі басымдық – кәсіби, дербес, экономикалық тұрғыда ынталандырылған мемлекеттік аппарат қалыптастыру», – деген-ді. Шындығында, жаңа министрдің ұстанған бағыты көкейге қонымды. Орындалуы күрделі түрлі реформаларды ойлап тауып, тыңнан түрен салғанша, ең әуелі білім саласында орын алатын сыбайлас жемқорлықтың тамырына түбегейлі балта шаба білсе, тындырымды тірліктің бір парасы осы болар еді. Оның үстіне, елімізде жең ұшына жалғасқан жемқорлықтан ада, таза қоғам қалыптасса, онда білімді ұрпақты да, білікті кадрларды да дайындау аса қиындық тудыра қоймас еді. Жаңа министрдің бұл бағыттағы жұмыстарына сәттілік тілей отырып, бүкіл қоғам болып осынау игі істің атқарылуына септігімізді тигізсек, келер ұрпақтың алдында жүзіміз де жарқын болары анық деп білеміз.МЕКТЕПТЕРДІҢ РЕЙТИНГІ ҰБТ НӘТИЖЕСІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ ЕМЕС
«Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында: «Орта білім беру жүйесінде негізгі тәсілдер белгіленген, қазіргі кезеңде солардың орындалуына баса назар аударған жөн» деп атап көрсеткендей, орта білім беру жүйесін дамыту – бүгінгі заман талабы. Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесі қолға алынған сәттен бастап еліміздегі мектеп бітіруші түлектер мен олардың ата-аналары үшін бұл ең маңызды сынақ ретінде бағалануда. Бұған дейін мектептің деңгейін осы ҰБТ көрсеткішімен бағалаудың белең алғаны да белгілі. Сондықтан, ҰБТ десе мектеп бітіруші түлектен бастап, ата-ана, мектеп директорларына дейін аяғынан тік тұратындай күйге жеткен едік. Ал, енді жүйелі жұмыс жүргізуді ғана көздеген жаңа басшы Асхат Аймағамбетов ҰБТ нәтижелері бойынша мектептердің рейтингі жасалмайтындығын шегелеп айтты. Биыл еліміз бойынша, ҰБТ-ны 117 242 адам тапсырды. Ендігі жерде олар жинаған балл саны бойынша, мемлекеттік білім грнантының арнайы конкурына қатыспақ. Сондай-ақ, мектеп түлектерінің жағдайына бей-жай қарамаған Мемлекет Басшысы: «Биылғы жылдың 1-қыркүйегінде аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балалары үшін жоғары оқу орындарына қосымша 5 мың білім гранты бөлінетін болады. Әзірше 5 мың, одан кейін бұл жүйе жұмыс істейтін болса, көре жатармыз», – деп жоғарыда біз атап өткен санатқа кіретін отбасылардың балаларын назардан тыс қалдырмайтындығын жеткізді. Бұл өз кезегінде жұмыстың маңызды элементі әлеуметтік аз қамтылған халықтың ішінен талантты балалар мен жасөспірімдерді оқыту және жоғары оқу орындарына түсуге дайындау жүйесі болып табылатындығын баса айтты. Сонымен қатар, қазақстандық мектеп бітірушілердің әлемнің 500-ден аса университеттерінде тегін білім ала алатындығы да жастарға берілген – зор мүмкіндік. «Халықаралық бағдарламалар орталығының» мәліметінше, «Еуропаның 435, Азия елдерінің 30-ға жуық, Беларусияның 7, Ресейдің 84 университеттері арнайы гранттар мен тегін оқу ұсынып отыр. Еліміздегі білім саласы туралы ой түйген «Астана» Халықаралық ғылыми кешенінің басқарушы директоры Серік Ирсалиев Қазақстанда білім берудің әрбір деңгейінің өсуі үшін барлық мүмкіндіктердің қарастырылғандығын атап өткен-ді. Оның сөзінше, біздің елде орта білім беру деңгейінде – «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Дарын» орталығы, кәсіптік білім беруде – «Кәсіпқор» холдингі, жоғары білім беру деңгейінде –Назарбаев Университеті және «Болашақ» бағдарламасы жүйелі жұмыс істеп, тындырымды тірліктер атқаруда. Мұның барлығы жоғарыда біз атап өткендей, Елбасымыздың Жолдауындағы білім беру жүйесінде негізгі тәсілдердің белгіленгендігі және осы бағытта ауқымды істердің атқарылып жатқандығының айқын көрінісі екендігі анық. Яғни, біздің елімізде сапалы білім беру бағытын ұстанып, балаларын мектеп қабырғасынан-ақ, білімділікке баулимын деген ата-ана үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған. «Назарбаев Зияткерлік мектептерімен» қатар, әртүрлі бағыттағы тереңдетілген гимназия-лицейлердің де оқушылардың білімін одан әрі жетілдіру жолында істеп жатқан жұмыстары ұшан-теңіз екендігін атап өтуге тиіспіз. Тек осынау мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, өз игілігімізге жарата алсақ болғаны.МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ БІЛІМ ИГІЛІГІН БАРША БАЛА КӨРУГЕ ТИІСТІ
Білім саласындағы тағы бір маңызды мәселенің бірі – мектепке дейінгі білімнің игілігін барлық баланың көре алмай келе жатқандығында. Осынау ауқымды саланың маңызын атаған Асхат Аймағамбетов мектеп жасына дейінгі балаларды балабақшаға орналастыру ісінен де айналып өткен жоқ. Білім және ғылым министрлігін қолға алғанына көп уақыт өте қоймаса да, білім саласының барлық тармағын жіті зерделеген министр қазіргі таңда елімізде 10 мыңнан аса мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына 881 мың баланың баратындығын, дегенмен, кезекте әлі 118 мың баланың тұрғандығын атап көрсетті. Балалардың барлығын балабақшамен қамтамасыз ету– дәл қазіргі күннің ең бір өзекті мәселесі екендігін жеткізген сала басшысы бұл бағытта атқарылып жатқан жанды жұмыстар оң нәтиже беретіндігін айтты. Бүгінде бұл бағытта мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігін іске қосу арқылы бүлдіршіндерді 95 пайыз балабақшамен қамтуға қол жеткізе білудің өзі зор жетістік. Балабақшаларға балаларды орналастыру барысында бармақ басты, көз қысты әрекеттерге жол берілмеуі үшін жолдама беру қызметі автоматтандырылып, дұрыс жолға қойылыпты. Тынымсыз тірлік көп уақыт өтпей-ақ, өз нәтижесін беріп те келеді. Бұл бәріміз үшін көңіл қуантарлық жағдай. Сондай-ақ, мектепке дейінгі білім беру ісінде кадрлардың сапалық құрамын жақсарту үшін тәрбиешілер біліктілігін арттырудың бірыңғай жаңартылған бағдарламасының енгізілуі білімді ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған төте жол дер едік. Сонымен қатар, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға да барлық жағдайдың жаалғандығы да ілкімді істердің бір көрінісі екендігі сөзсіз. Атап айтқанда, аталмыш балаларға балабақшаға бірінші кезекте орналасу құқығының берілуі – зор мүмкүндік. Алдағы уақытта бұл тұрғыдағы істер ары қарай жүйелі түрде өз жалғасын таба берсе, мектепке дейінгі білімнің игілігін барша баланың көретін күні де алыс емес. «Білімдінің күні – жарық, білімсіздің күні – қаріп» демекші, білімді ұрпақ тәрбиелеу бүгінгі күннің басты талабы. Өйткені, болашағымыз – бүгінгі білімді ұрпақтың қолында. Осы салаға басты назарды аударып, жас ұрпақтың бойына сапалы білім мен саналы тәрбиені жоғары деңгейде бере алсақ, онда келешегіміздің кемел екендігі сөзсіз. Әлбетте, мұның барлығы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың істің тетігін дұрыс таба білуімен тікелей байланысты екені тағы бар. Басшылыққа келгеніне санаулы уақыт болғанына қарамастан, білім саласының көшін ілгерілету жолында біраз істерді атқаруы көпшіліктің көңіліне қонғандай. Бастысы – жауырды жаба тоқып, кіл мақтанға берілмей, саладағы кемшіліктерді ашып көрсету арқылы оның шешімін табуға тырысып келе жатқаны үмітімізді үкілей түскендей. Білімнің бағының жанғаны – ертеңгі күні озық мемлекеттермен тереземіз теңеледі деген сөз. Ендеше, осынау асыл мұратқа жетуге бәріміз бірдей үлес қоса білсек, нұр үсіне нұр болары анық... Гүлмира БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ qazaquni.kz