Мәдениет министрі "ӘНҰРАН" деген сөздің қолданыстан алынатынын айтты
2019 ж. 21 маусым
7740
33
Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова терминдерді өзгерту шаралары туралы әңгімеледі, деп хабарлайды sputniknews.kz.
Министрдің айтуынша, халықаралық терминдерді қазақ тіліне қайтару үшін терминологиялық қорға мониторинг жүргізілді. Осыған орай бұрын қазақ тіліне аударылған 3 300-ден астам жалпыға бірдей қабылданған термин мен ұғым қайта қаралып бекітілді.
"Олардың 300-ге жуығы – халықаралық терминдер. Мысалы, "мұражай" деген сөз "музей" болатын болды. Мұрағат – архив, тағы сондай-сондай нәрселер", – деді Райымқұлова бүгінгі есеп беру кездесуінде.
Бұдан бөлек, азатжол – абзац, пайыз – процент, сынып – класс, құрсым – шина, теңгерім – баланс, әнұран – гимн, мұқаммал – инвентарь, ақау – дефект, шегендеу – демаркация, мейрамхана – ресторан, қимыл – анимация, ал "әлеует" деген сөз "потенциал" болып қайта өзгертілді.
"Бүгінде "Termincom.kz" сайтының негізінде терминологияның қазіргі жағдайы мен негізгі қағидалары туралы ақпараттандыру үшін электронды платформа іске қосылды", - деп атап көрсетті Райымқұлова.
Айта кетсек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұған дейін халықаралық терминдерді қазақ тіліне аудару мәселесін бірнеше рет көтерген болатын. Айтуынша, бірқатар терминнің аудармасы қисынсыз болса, кейбірі жап-жақсы аударылған. Қазақ тілі ғұмырлы болсын десек, оны жөнсіз терминологиямен қиындатпай, қазіргі заманға лайықтауымыз қажет. Кейбір аудармаларды негіздеу тәсілдерін қайта қарастырып, терминология тұрғысынан қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындату керек, деген еді Назарбаев. Ол латын әліпбиіне көшу бұл мәселені реттеуге мүмкіндік беретініне сенім білдірді.