БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК – ЗАМАН ТАЛАБЫ
2019 ж. 15 маусым
3782
0
Кез-келген елдің экономикасының негізі – шағын және орта кәсіпкерлік. Дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенетін болсақ, шағын және орта кәсіпкерлікті қалыптастыру мен дамыту елдің экономикасын көтеруде маңызды орынға ие. Бұл туралы Елбасы Н.Назарбаев «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында: «Экономиканың жоғары технологиялық жаңа салаларын құру ғылымды қаржыландыруды ішкі жалпы өнімнің 3 пайызынан кем емес деңгейге дейін арттыруды талап етеді. Ішкі жалпы өнімнің энергия тұтыну ауқымын 2 есе азайту маңызды.
Шағын және орта бизнес 2050 жылға қарай Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің қазіргі 20 пайызы орнына кемінде 50 пайызын өндіретін болады. Еңбек өнімділігін 5 есеге – қазіргі 24,5 мыңнан 126 мың долларға дейін арттыру керек. Әлеуметтік саланы дамытудың 2050 жылға дейін басты бағдарлары нақты индикативті цифрларда көрсетілген... Біз ішкі жалпы өнім көлемін жан басына шаққанда 4,5 есе – 13 мың доллардан 60 мың долларға дейін арттыруымыз керек. Қазақстан халық құрылымында орта тап үлесі басым елге айналады», – дейді. Алдымен экономика, одан кейін саясат формуласын ұстанатын Елбасымыздың шағын және орта кәсіпкерлікке деген ынта-ықыласы дүйім жұртты қуантқан еді. Елбасының тапсырмасына сәйкес, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 29 желтоқсандағы №919 қаулысымен «2017-2021 жылдары нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті Дамыту» Бағдарламасы бекітілді.
Жаңа бағдарламаның негізгі мақсаты– өздігінен жұмыспен қамтылғандарды, жұмыссыздарды және басқа да біліктілігі жоқ тұлғаларды төмендегі үш бағыт бойынша міндеттерді шешу арқылы нәтижелі жұмыспен қамту.
Суретте:
Өз ісінің шеберлері Мадияров Әділбек (оң жақта) пен Қанафин Нұрсұлтан (сол жақта)
Кәсіпкерлік шаруашылықты жүргізу тәсілі ретінде жаңа іске адамның жеке энергиясы мен капиталын жұмсаудан көрінеді. Сондықтан, ол оның мақсаты мен нәтижелігі жағынан жеке оның құралы-шығындарды азайту, үнемділігі тұрғысынан да тиімділігін, тәртібін барынша ойластыруды талап етеді. Мұндағы кәсіпкерлік әрекеттің ең бастысы, тиімдісі-таңдаудың дұрыстығы немесе таңдаған істің кәсіпкердің жеке потенциалына сәйкес келуі.
Кез келген істі бастағанда айқын мақсат пен тәуекелге бел буып, барыңды салып еткен еңбектің еш кетпейтінін көпшілігіміз білеміз. Дегенмен, алған бетінен қайтпай, көптің керітартпа сөзіне ілесіп кері тартпай, алға қарай қадам басатын жандардың да аз емес екенін көріп көңіл қуанады.
Нарық заманында кәсіптің көзін тауып, өз істерін дөңгелетіп, ойға алған ісін жүйелі түрде жүзеге асыру кез-келген дамның қолынан келе бемейтіні ақиқат.
Кәсіпкер жұмылдырған қаржысымен, сонымен бірге ол өз уақытымен, еңбегімен, тіпті, өзінің іскерлік атағымен да тәуекелге барады. Кәсіпкер болу үшін капиталдың иесі болудың қажеті жоқ, оның басты капиталы – ұшқыр ой мен тұтынушының психологиясын білуі қажет. Нақ осылар кәсіпкерге пайда әкеледі. Кәсіпкер – бұл меншік иесі, ол нарыққа өзінің дербес жауапкершілігі арқылы тәуекелге баратын адам.
Осындай жандардың қатарында Алматы қаласынан техника жөндеу орталығын ашып, көлік жөндеу ісімен айналысу арқылы ел алғысына бөленіп жүрген өз ісінің хас шеберлері – Әділбек Мадияров, Нұрсұлтан Қанафин мен Мекен Қабдылмаликовтің ісі көпке үлгі десек артық айтқандық емес.
Елбасы Жастар жылының салтанатты ашылуында: «Жастар – еліміздің қазіргі әлемдегі бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы. Қазақстанның болашағы сіздерге – сіздердің білімдеріңізге, энергияларыңыз бен патриотизмдеріңізге байланысты. Біз қазір жасап жатқанның бәрі сіздердің бақытты өмірлеріңіз үшін, сіздер өз әлеуеттеріңіз бен мүмкіндіктеріңізді толық мәнде жүзеге асыра алуларыңыз үшін жасалып жатыр», – деген-ді.
Жастарға осылайша жігер бере отырып: «Бизнеспен айналысамын деушілерге жол ашу аса маңызды. Шағын несие берудің және оқыту ісінің оң тәжірибесі негізінде барлық өңірде «Жас кәсіпкер» бағдарламасын әзірлеу қажет. Бұл жоба аясында жыл сайын білім алатын жұмыссыз жастар мен өзін өзі жұмыспен қамтығандардың санын 100 мыңға дейін жеткізген жөн», – деп жастардың кәсіпкерлікпен айналысу қажеттігін баса айтты.
Сондай-ақ, жиын барысында жастарға қолдау көрсетудің негізгі маңызды бес бағытын нақты айтып, көрсетіп берді.
Елімізде осындай зор мүмкіндіктер жасалып жатқанына қарамастан, жұмыссыздықты желеу етіп, үйінде жатқан жастар да табылатыны өкінішті. Ал біз тілге тиек еткен, жігіттердің ісі сүйсінуге тұрарлық. Өзі қатарлы замандастары үлгі алып, дәл осылай кәсібін дөңгелетер болса, біздің еліміздің болашағы жарқын екеніне күмәніміз болмасы анық.
Көпке үлгі болған жігіттер кез-келген автокөлікті сапалы әрі жылдам жөндейді. Бағасы да қарапайым халық үшін қол жетімді деңгейде. Елдің алғысына бөленіп жүрген атпал азаматтар Әділбек пен Нұрсұлтан өз жұмыстарын жетік білетін мамандар. Ал Мекен Дәуенұлы көліктің электрлік жағын жөндейтін бес аспап жігіт. Сонымен қатар, салауатты өмір салтын берік ұстанатын спортшы. Еркін күрестен спорт шеберлігіне үміткер балуан екенін айтып өтсек артық болмас.
Кәсіптерін дөңгелетіп отырған бұл азаматтар өз істерін бірлесе жүргізіп, бүгінде көлік жөндеудің қыр-сырын толық меңгерген. Заман талабына сәйкес техника жөндеу орталығын жаңаша жабдықтап, түрлі тетіктердің кілтін дөп басқан мамандардың қызметіне жүгініп жүрген халықтың барлығы дерлік ризашылықтарын білдіруі сапалы қызметтің жемісі екендігі сөзсіз.
Жаңа мүмкіндіктерді іздеп, жаңа технологияны пайдаланып, өз жұмыстарына жан-тәнімен беріліп, көпшілікке қалтқысыз қызмет ететін осындай жастардың қатары күннен-күнге көбейе берсе екен дейміз!
Дәурен ӘДІЛБЕК
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
qazaquni.kz