Аралдықтар кальцийлендірілген сода өндіретін зауыт құрылысына қарсы
2019 ж. 22 мамыр
2685
0
Қызылорда облысы Арал ауданы тұрғындары кальцийлендірілген сода өндіретін зауыт құрылысына қарсы шығып отыр. Олар жел тұрса, көкке көтерілетін құм мен тұздан көз ашпайтынын айтады. Ал зауыт іске қосылса, онсыз да нашар экологиялық жағдай ушыға түспек. Дауласқан тараптар бұл мәселені қоғамдық кеңес отырысында талқылады, - деп хабарлайды "Астана" арнасы.
Шыны өндірісіне қажет шикізат өндіретін кәсіпорын Қызылорда ғана емес, республикалық маңызға ие. Кезінде президенттің өзі осы зауытты тезірек пайдалануға беруді тапсырған еді. Жоба бойынша зауыт теңіздің құрғаған аумағында орналастырылады. Кәсіпорын қалдықтары сақталатын қойма да осы жерден салынбақ. Тұрғындардың сөзінше, бір тонна таза өнім алу үшін 10 тонна жойылмайтын қалдық қалады. Бұл аздай өндіріске 4 жарым миллион текше метр су керек көрінеді.
Айткүл ШАЛҒЫНБАЕВА, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС МҮШЕСІ:
Жоба жетекшілері Арал суының тұщы екенін ескермеген. Егер өндірістік қалдықты алдағы уақытта Арал теңізіне жіберетін болса, онда Арал теңізінің құрамы тұзданады. Яғни, балық өндірісіне оның де кері әсері болуы мүмкін. Жобаның жетекшілері САРАТС жобасының екінші кезенін де ескермей отырған сияқты. Өйткені олардың шлам өңдірістік қалдық полигоның сол дәл Арал теңізінің ұлтанында салып отыр.
Ал жоба жетекшілері алаңдауға негіз жоқ дейді. Өйткені зауытқа берілген жер телімі мұқият зерттеліп, экология департаменті бастаған 12 мемлекеттік органның келісімін алған. Жылына 300 мың тонна өнім өндіретін мекеме 700-дей жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтуы тиіс. Мамандардың сөзінше, Қазақстанның кальцийлендірілген содаға қажеттілігі жылына 400 мың тоннаға жуық. Әзірге қажетті сода шетелден тасылады.
Ғалымжан СЕРЖАНОВ, «АРАЛ СОДА» ЖШС ДИРЕКТОРЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
Уайымдайтын ештеңе жоқ. Шламның 92 пайызы судан тұрады . Одан қорқудың қажеті жоқ және ол арнайы бассейнге жиналады. Сосын белгілі бір температурада буланып кетеді. Теңізге де, дарияға да құйылмайды.