Жағдайы бола тұрып құрбандық шалмағандарға қатысты шариғат үкімі қандай?
2018 ж. 20 тамыз
8326
0
Осы ФБ-ны қарап отырсам Айт күні неге қанды қасап болады, соншама малды қырудың қажеті қанша, одан да неге тал екпейміз, неге қоқыс жинамаймыз деген сарында «сұрақтар» өріп жүр. Біреулер өзгелерді адастыру үшін өздері біліп тұрып әдейі осындай сұрақтар ұйымдастыра ма? Әлде өздерін тым білгіш санап «ақыл» айтқысы келе ме. Әйтеуір тегін емес. Бірақ қандай құйтұрқылыққа да Алла тағаланың жауабы әлмисақтан дайын. Баяғыда қараңғылық туралы теория талқыланып жатқанда студент Альберт Эйнштейн: «Қараңғылық дегеніміз – жарықтың жоқтығы» деген екен. Сол айтпақшы надан пікірлердің өзі иманның кемдігінен сияқты көрінеді. Нәсіп болып әлгіндей аузы «қисайғандардың» жүрегіне иман ұялап, ниеті түзелсін!
Қасиетті Құранда Алла тағала адамдарды өзін танып, өзіне ғана құлшылық жасауы үшін жаратқанын (Зариат сүресі, 56-аят) айтады. Құрбандық шалу – сол құлшылығымыздың жағдайы келген мұсылманға міндетті бір түрі. Алайда адамға таңдау еркіндігі берілген. Бұл жерде құрбандық шалу-шалмау әр кімнің өз еркінде. Алла тағалаға Сіздің құрбандық шалған-шалмағаныңыздан келіп кетер ешнәрсе жоқ. Жаратқан Иемізге Сіздің ниетіңіз ғана жетеді.
Менің түсінігімде өткен жылдан биылғы жылға аман-есен жеттіңіз, енді келер жылғы Құрбан Айтқа дейін аман-есен, тірі жүруіңіз үшін, өзіңіздің амандығыңыз үшін, отбасыңыз аман болу үшін жаныңыздың орнына мал құрбандық шаласыз. Мұсылман адамдар сол үшін, ең алдымен Алланың ризалығы үшін құрбан шалады. «Алладан өздеріне ризық ретінде берілген құрбандық малдарды белгілі күндерде Алланың атын айтып, құрбандық шалсын. Оның етінен өздерің де жеңдер, жоқ-жітікке де жегізіңдер!» (Хаж сүресі, 27- 28) делінген ғой Құранда.
Құрбандыққа шалынған мал еті тау-төбе болып далада ысырап болып қалып жатқан жоқ. Бізде құрбандық еті алдын ала түзілген тізімдер бойынша мүжәлсіз отбасыларға беріледі. Тіпті өзіңіз танитын, білетін жағдайы нашар отбасылар болса соларға апарып берсеңіз де болады. Көп елдерде құрбандық еті рефрижатор арқылы аштық жайлаған Сомали сияқты елдерге, басқа кедей елдерге жіберіледі.
Құрбандық шалатын жағдайы болып тұрып құрбандық шалмағандарға қатысты шариғат үкімі де бар. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кімде-кім құрбан шалуға шамасы келе тұра оны істемесе, біз құлшылық қылатын орынға (яғни мешітке) жақындамасын» деген. Мешіт бұл ғибадат жасайтын, Алладан тілек тілейтін орын. Мешітке жоламасын дегені Алладан тілек тілемесін дегені. Алладан тілек тілей алмайтын тек шайтан ғана. Сондықтан Алла тағала баршамызды шайтанның азғыруынан сақтасын.
Бүгінгі Арапа күні жақсы дайындықпен өтіп, құдай қаласа ертеңгі Құрбан Айт намазымыз бен шалатын құрбандықтарымыз қабыл болсын! Құрбан айт мерекеміз мүбәрак болсын! Қателіктеріміз бен білместіктеріміз болса бір Алла кешірсін!
Марат Тоқашбаев, Фейсбук парақшасынан