Латын қарпімен оқуға көмектесетін мобильдік қосымша әзірленді
2018 ж. 30 мамыр
7417
1
ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қоры атқарушы директорының орынбасары Сұлтан Айтжанов «Qazaq Latyn Keyboard» мобильдік қосымшасының іске қосылуы жайында айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілінің дамуы мәселелеріне ерекше назар аударып келеді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасында Мемлекет басшысы қазақ тілінің кезең-кезеңмен латын графикасына өтуін белгіледі. Бүгінде әлемдік ақпараттың 70 пайызы латында. Біз осы қазіргі заманғы ақпараттық кеңістікке енуіміз керек және бәсекеге қабілеттілікті арттыруға тиістіміз. Біздің «Qazaq Latyn Keyboard» қосымшамыз жастарды жаңа алфавитпен оқуына жәрдемдеседі. Латын графикасындағы қазақ тілі баршасына қолжетімді болады», - деді С. Айтжанов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның атап өтуінше, «Qazaq Latyn Keyboard» жобасы қазақ тілін латын пернетақтасында стандартты түрде пайдалануға мүмкіндік береді.
«Пайдаланушыларға ыңғайлы болу үшін пернетақтада терудің транслитерациясы құрылды. Аталған қызметтің көмегімен қазақша сөздерді кириллицада теруге болады, содан кейін бағдарлама автоматты түрде оны латын графикасына аударады», - деді ол.
Белгілі болғандай, алдағы уақытта адамдардың ұсыныстары нәтижесінде қосымшаны жетілдіру көзделіп отыр. Қосымшаны App Store және Android жүйелері арқылы жүктеп алуға болады.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстанда ресми құжаттарды сауатты әзірлейтін портал (https://resmihat.kz/) таныстырылды.