«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы тұрғылықты жері бойынша уақытша тіркеу мерзімін телефон хабарламасы арқылы ұзартуға болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Енді уақытша тіркеу мерзімін SMS арқылы ұзартуға болады
2018 ж. 31 қаңтар
3757
1
Бұл қызмет биыл ақпан айының соңына дейін іске қосылады. Мемлекеттік қызмет көрсетудің проактивті тәсілдерін кеңейту мақсатында жасалған жаңа сервиске сәйкес уақытша тіркелу мерзімінің аяқталуына бір күн қалғанда, азаматтың телефонына хабарлама келіп, мерзімді SMS арқылы ұзартуға болатыны туралы ескертіледі.
«Қызмет алушы тіркеуді ұзартуды қаласа, хабарламада көрсетілген кодты жолдау арқылы келісімін растауы тиіс. Сондай-ақ, пәтер иесіне де SMS-хабарлама жолданады. Нәтижесінде, деректер базасындағы меншік құқығы расталса, тұрғылықты жері бойынша уақытша тіркеу автоматты түрде ұзартылады», - деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма басшысы Абылайхан Оспанов.
Айта кетейік, проактивті қызметті пайдалану үшін мобильді азаматтар базасына тіркелу, яғни азаматтың жеке сәйкестендіру нөміріне телефон нөмірін байланыстырып қою қажет. Мұны электрондық үкімет порталындағы жеке кабинетте немесе кез келген Халыққа қызмет көрсету орталығында жүзеге асыруға болады.