Қазақстандықтарға 600 жекеменшік клиника тегін қызмет көрсететін болады
2018 ж. 07 қаңтар
2184
0
Биыл Қазақстан халқы 600 жекеменшік клиникадан тегін медициналық көмек ала алады. Бұл Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры барлық жеткізушілерінің жартысына жуығын құрайды, деп хабарлайды Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының хабарламасына сілтеп Stan.kz.
“Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 2018 жылы тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында халыққа қызмет көрсететін медициналық ұйымдармен келісімшарт жасасу процедурасын аяқтайды. Келісімшарт бірінші кезекте бірінші медициналық-санитарлық, жедел медициналық және өзге де басымдықты бағыттар бойынша көмек көрсету үшін жасалды”, – деп жазылған қор ақпаратында.
Ағымдағы жылдың қаңтарындағы мәліметтер бойынша, 2018 жылға арналған медициналық қызметтерді сатып алу көлемін бөлу жөніндегі өңірлік және республикалық комиссиялар медициналық көмектің жоспарланған көлеміне өтінім берген 1385 медициналық ұйыммен келісімшарт жасасу туралы шешім қабылдаған.
Ал 2018 жылдың 5 қаңтарындағы мәліметтерге сүйенсек, медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне жасалған келісімшарттардың жалпы сомасы 673 млрд теңгені немесе ағымдағы жылы республикалық бюджеттен медициналық көмек көрсетуге бөлінген барлық қаражаттың шамамен 80 пайызын құрады.
Қалған қаражат ел Үкіметі мен Денсаулық сақтау министрлігі қор алдына қойған міндеттер мен мақсаттарды ескере отырып, жылдың ішінде орналастырылатын болады.
“Биыл мемлекеттік тапсырыс аясында халыққа шамамен 600 жекеменшік медициналық ұйым қызмет көрсететін болады. Бұл қордың барлық жеткізушілерінің 43 пайызын құрайды. 2017 жылмен салыстырғанда жекеменшік жеткізушілердің саны 130 медициналық ұйымға артты. Ағымдағы жылы жекеменшік медициналық ұйымдармен жасалған келісімшарт сомасы 95 млрд теңгені құрайды. Бұл 2017 жылдың дәл осындай көрсеткішінен 2 есеге артық”, – делінген қор ақпаратында.