Айфон, құндыз тон, аста-төк той: Қазақстандықтардың басында қанша кредит бар?
2017 ж. 02 наурыз
3304
0
Қазақстанда еңбекке жарамды сегіз жарым миллион адам болса, оның бес миллионнан астамы банк алдында қарыз. Бұл - Ұлттық банк жанындағы несие бюросының былтыр таратқан мәліметі. Несиені көп алатын Алматы қаласының тұрғындары NUR.KZ порталына не үшін банк көмегіне жиі жүгінетіндерін айтып берді. Олар бірауыздан Қазақстандағы несиенің пайызы тым жоғары екенін тілге тиек етті. Портал жүргізген әлеуметтік сауалнамадан белгілі болғандай, алматылықтар ақшалай несиені баспана мәселесін шешу үшін, автокөлік пен басқа да тұрмыстық қажеттіліктерді сатып алу үшін алады екен.
Тасқын, такси жүргізушісі:
- Менің басымда үш несие бар. Бүгін біреуін жапсам, тағы бес-алты күннен кейін екіншісін төлеймін. Айдың соңында тағы біреуі келеді жалмаңдап. Сонымен тапқанымның бәрін сол несие жабуға жұмсаймын. Өзімнің тұрақты жұмысым жоқ. Жұбайым - мектепте мұғалім. Несиені сол кісінің атынан аламыз. Алған кезде тегін беріп жатқандай қуанамыз, сосын төлер кезде қиналамыз. Бірінші несиемді астымдағы көлікті сатып алу үшін алдым. Қалаға барып-келіп жұмыс істеген соң, жаяу жүрген қиын екен. Ал екіншісі - несиеге балама алған ұялы телефон. Ол енді білінбей кетеді. Үшінші несие - үй болған соң қонақ шақырамыз деп, үлкен үстел алдық. Оның да рахатын көріп жатырмыз. Бірақ сол банктің пайызы өте жоғары екен. Байқап қарасам, бағасына бірге бір қосып тұр.
Айжан, медбике:
- Менің атымда екі несие бар. Біріншісі - үйдегі тұрмыстық техника. Екінші несиені анам ауырып, сол кісінің еміне деп алдым. Жалақым аз, айдан айға әрең жеткіземін. Бірақ ай сайынғы несие төлемім жалақымның 30 пайызынан аспауын қатты қадағалаймын. Өйткені ары қарай да өмір сүру керек. Балаларым бар.
Бота, сатушы:
- Менде екі несие бар. Екеуін де той жасау үшін алдым. Әлі бір жыл төлеймін. Керек кезде қолма-қол ақша ешкімнен шықпайды ғой. Тіпті жақын туысыңнан сұрасаң таппайсың. Сондай кезде қиналғаннан амалсыз банкке барамыз. Әйтеуір уақытында төлеп тұрсам болды. Бірақ төлем жақындағанда банктен телефон шалып, төле де төле деп мазаңды алатыны бар. Кейде шынымен ақша таппай қалсақ, банкке қарызды қайтаруды кейінге шегере тұру туралы өтініш айтып барамын. Көп жағдайда түсініп жатады.
Әлима, үй шаруасындағы келіншек:
- Айфон, құндыз тонды несиеге рәсімдеп алып жатқан құрбыларым бар. Өз басым несие деген нәрсеге өмірі жолап көрмеппін. Мен қолда бар ақшаға қанағат тұтып жүрген адаммын. Жолдасым екеуміз баспаналы болсақ деген мақсатымыз бар. Ондай нәрсеге несиеге кіруге болады. Ал киім, анау-мынауға бола банктен үстемесі жоғары қарыз алғым келмейді.
Гүлмира, мұғалім:
- Мен айына екі несие төлеймін. Осыдан жеті жарым жыл бұрын ипотекаға бір бөлмелі пәтер алғанмын. Содан соң несиеге салоннан судай жаңа көлік алдым. Бір жыл айдадым да, жолдасыма бере алдым. Оның қарызы бітіп қалды деген кезде былтыр жазда тағы бір автокөлік алдым. Тұрақты айлық алған мұғалімдер сияқты мемлекеттік бюджеттік қызметкерлерге банктер ойланбай береді. Бірақ есептеп қарасаң, мен ұтылып жатырмын. Өйткені автокөліктің бағасы екі-үш есе еселенеді. Мысалы астымдағы корейлік көлікті салоннан 3 миллион теңгеге алдым. Оны жауып болам дегенше үстінен тағы 3 миллион қосады екенмін. Қымбат, бірақ сонда да қоймаймыз (күледі).
Асхат, күзетші:
- Отбасы болған соң мәселе де көп. Мен несиеге ақша алып, жер сатып алдым мысалға. Құрылысқа ақша жетпей, банкке тағы бардым. Бәрі қымбат. Құдайдың тегін топырағы мен құмы да Алматыда ақшаға сатылады. Біреуден сұрасаң, ешкімде ақша жоқ. Ешкім еріккеннен несие алмайтын шығар. Ақшадан қысылғанда несие жақсы көмектеседі. Ал қайтарымы қымбатқа түседі. Осы заманда басында несиесі жоқ адам табу қиын. Біреуге «алып берші» деп сұрасаң, оның өзінде төрт-бес несиесі бар болып шығады.
Қанат, әскери қызметкер:
- Қазір кейбір банктер әскери қызметкерлерге несие беруден бас тартты. Өйткені былтырдан бастап әскерилердің зейнетақы жүйесіне өзгерістер енді. Бізде ешқандай жинақ жоқ. Осыған байланысты банктер біздің қанша жалақы алып жатқанымыздан хабарсыз. Сәйкесінше бізге несие де берілмейді. Осыған дейін несиеге көлік алғанмын. Оны соғып, тағы қарызға белшене баттым. Енді несиеге көлік алмаспын деген ойға келдім.
Әлеуметтік сауалнамаға қатысқан елу адамның әр үшіншісінің басында кем дегенде бір несие бар екен. Несиені алушылар көбінесе бюджеттік мекеме қызметкерлері болып шықты.
Маман пікірі
Экономика ғылымының кандидаты Лейла Құдайбергенованың айтуынша, адамдарды несие алуға екі нәрсе итермелейді. Біріншісі қажеттілік болса, екіншісі жаңалыққа ұмтылу.
«Мүмкін жаңадан шыққан Айфон оған қатты қажет емес шығар, бірақ ол жаңа. Ол үшін сәннен қалып қоймау маңызды. Сәйкесінше жұрт оған назар аударады. Осылайша психологиялық тұрғыда адам өз-өзін толыққанды бақытқа кенелдім деп ойлайды», - дейді Лейла Құдайбергенова.
Қазір айлыққа дейін несиеге ақша беретін микронесиелік ұйымдар көбейіп кетті. Экономист маман ондай мекемелердің несиелік пайызы жоғары екенін атап өтті.
«Олардың өзі қажетті ресурсты екінші деңгейлік банктерден несиеге алғандықтан, ортадағы алыпсатардың рөлінде жоғары пайызды үстемені белгілейді. Микронесиелік ұйымдардың қаптап кетуі оған деген сұраныстың көп екендігін көрсетеді. Адамдар неліктен сондай жерден несие алғанды жөн көреді? Өйткені ақша беру схемасы жеңіл. Көп құжат тексермейді. Көп жағдайда оң жауап береді», - дейді сарапшы.
«Қазақстанда номиналды мөлшерлеме – 13-20 пайыз. Одан бөлек жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі белгіленген. Пайыздың жоғары болуының бар сыры осы санда тұр. Оның ішіне шотты жүргізу, несиені рәсімдеу қызметі үшін алынатын комиссия, сақтандыру сияқты қызметтер кіреді. Қазақстанда заң бойынша екінші деңгейлік банктер өздерінің жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін ұлттық банк бекіткен ресми мөлшерлемені жеті еселеп белгілей алады. Сонда несиенің мөлшерлемесі максималды 39 пайызға жетуі мүмкін» - дейді экономист.
Маман азаматтарға несиені алғанда саналы түрде шешімге келуге кеңес береді. Ол несиенің ай сайынғы төлемі жалақының 30 пайызына тең болуын қадағалау керектігін алға тартады.