Қазақстанда жеңілдетілген автонесие беру басталды
2022 ж. 16 мамыр
43858
0
Қазақстанда жеңілдетілген автонесие беру басталды. Жеңілдетілген автонесие бір адамға екі жыл ішінде екі рет берілмейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жеке автопаркті жаңартуды ынталандыру мақсатында ҚР азаматтарына жеңілдікпен несие беру бойынша автокөлік сатып алу, сондай-ақ автобустар паркін жаңарту үшін «Жасыл Даму» АҚ қаражаты есебінен бағдарлама әзірленді.
Жеңілдетілген несие бағдарламасы бойынша қаржыландырудың жалпы сомасы шамамен 100 млрд теңгені және Қазақстан өңірлеріндегі автобус паркін жаңартуға шамамен 30 млрд теңгені құрайды.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, халыққа автокөлікті несиелендіру келесі шарттармен жүзеге асырылады:
- сыйақы мөлшерлемесі 4%;
- несие сомасы 10 000 000 теңгеден аспауы керек;
- қаржыландыру мерзімі 7 жылдан аспайды;
- бастапқы жарна 0%-дан бастап;
- көлік құны 15 000 000 теңгеден аспайды.
Несие беруді Екінші деңгейдегі банктер жүзеге асыратын болады.
Қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында ЕДБ-де түпкілікті қарыз алушыға қаржыландыруды ұсыну мерзімдерінің сақталуын бақылаудың автоматтандырылған жүйесі болуы шарт.
Сондай-ақ бір түпкілікті қарыз алушыны екі жылда бір реттен жиі емес қаржыландыру түріндегі шектеулер бар.
Лизинг алушылар үшін автобустарды сатып алу шарттары төмендегідей болады:
- сыйақы мөлшерлемесі 0,01%;
- лизинг мерзімі 7 жылға дейін
- бастапқы жарна 0% бастап;
Жеңілдетілген автонесие түріндегі қолдаудан басқа, мемлекет жеңілдік сертификаттарының қолданылу мерзімі мәселелерін шешу шараларын пысықтауда. Бүгінгі таңда ӨКМ операторының функциялары «Жасыл даму» АҚ-на беруіне байланысты осыған дейін пайдалана алмаған жеңілдік сертификаттарын пайдалануға мүмкіндік беретін тетіктер зерделенуде. Бұл сертификаттарды пайдалану жүргізіліп жатқан тексеру әрекеттеріне байланысты уақытша тоқтатылды.