РФ-дан жеткізілген көліктер мәселесі: Әрбір өңірде Call-орталықтар ашылды
2021 ж. 11 қараша
14412
0
Ішкі істер министрлігі еліміздің барлық өңірінде шетелде тіркелген автомобильдерге қатысты сұрақтар бойынша call-орталықтар ашты, деп хабарлайды Polisia.kz.
Ведомство мәліметінше, Ресей Федерациясынан әкелінген көлік құралдарын пайдалану және тіркеу, сондай-ақ ІІМ есептік деректерінен өз көліктерінің Ресей Федерациясында тіркелгенін тексеру әдістері туралы сұрақтардың өзектілігіне орай, азаматтардың ыңғайы үшін байланыс телефондары құрылды.
Ол телефон нөмірлеріне жүргізушілер қызықтырған сауалдар бойынша жүгіне алады. Call-орталық телефондары сағат 9:00-ден 23:00-ге дейін қоңырау қабылдайды.
«Ресейде тіркелген автокөліктердің мәселелері бойынша азаматтар тарапынан өтініштердің көп болуын ескере отырып, ҚР ІІМ сенімді ақпаратты жедел ұсыну үшін ел аумағында call-орталықтар ашты», – делінген министрлік баспасөз қызметінің хабарламасында.