Қазақстанда ет бағасы қаншалықты қымбаттады

Қазақстанда ет бағасы қаншалықты қымбаттады

Биыл сегіз айдың ішінде еттің орташа бағасы 7,4 процентке көтерілді. Соның салдарынан ет сатып алу көлемі азайып отыр, деп хабарлайды energyprom.kz.

Бір жылдың ішінде қойдың еті қатты қымбаттап кеткен. Оның бағасы бірден 14,9 процентке көтерілді. Одан кейін жылқы еті – 9,4 процентке, сиыр еті - 7,8 процентке, шошқа еті - 7,4 процентке, ал құс еті 3,2 процентке қымбаттады.

"Тамыз айында дүкендер мен базарларда сүйегі бар сиыр етінің орташа бағасы 2 200 теңге болған. Ал жылқы еті 2 500 теңгеден сатылды. Қой еті – 2 400 теңге, ал тауық етінің бір келісі 1 020 теңгеге саудаланды", - делінген ақпаратта.

Биыл қаңтар-тамыз айларында ет өндіру көлемі 43 мың тоннаны құрады. Ол өткен жылмен салыстырғанда 4,6 процентке төмен. Ал құс етінің өндірісі, керісінше, 4,3 процентке өсіп, 71,6 тоннаға жеткен.

Еттің бағасы көтерілген сайын оны сатып алу көлемі азайып келеді. Мәселен, жарты жылдың ішінде адам басына шаққанда қой етін тұтыну көрсеткіші бірден 10,6 процентке төмендеп, 2,5 келіге түскен.

Осылайша, қазақстандықтар қой етін аз тұтына бастады. Сол сияқты тауық, жылқы мен шошқа етін тұтыну көрсеткіші 2,7-4,4 процентке азайып отыр.

Ал сиыр етін сатып алу көлемі 0,9 процентке артты. Бүгінде әрбір қазақстандық 11,8 келі сиыр етін сатып алады.

Әрі қарай оқу: https://sputnik.kz/economy/20210928/18247389/Kazastan-et-bagasy.html