ҚР бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысы күшіне енді
2021 ж. 02 тамыз
8229
0
Бүгіннен бастап елдегі эпидеиологиялық ахуалды тұрақтандырып, бизнестің кедергісіз жұмыс істеуіне бағытталған жаңа қаулы күшіне енді. Жаңа құжаттың мәтінінде еңбек ұжымын вакциналауды қамтамасыз етіп үлгермеген кәсіпорындардың жұмысын реттейтін шектеулер де бар. Екінші жағынан құжатта Ashyq жобасына қатыспайтын, бірақ жұмысы келушілердің көп шоғырлануын талап етпейтін ұйымдардың жұмысына рұқсат беріліп отыр.
Әзірге бас санитардың жаңа қаулысы Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау және Қарағанды қалаларында күшіне енді.
Аталған қалаларда:
орталық мемлекеттік органдар мен, әкімдіктерден, құқық қорғау органдары мен денсаулық сақтау ұйымдарынан, БАҚ пен азық-түлік дүкендерінен, дәріханалар мен тіршілікті қамтамасыз ету ұйымдарынан басқа Ashyq жобасына қатыспайтын барлық кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметі тоқтатылды:
ойын-сауық, спорт, отбасылық, еске алу және өзге де бұқаралық іс-шараларды өткізуге болмайды;
мемлекеттік органдар, кеңселер, ұлттық компаниялар мен өзге де ұйымдар вакцина алған және соңғы үш ай ішінде ауырып жазылған адамдардан басқа қызметкерлерінің 80 пайызын қашықтан жұмыс істеуге ауыстыру міндеттелді.
Ashyq жобасына қатыспай-ақ жұмыс істеуге рұқсат берілген нысандардың санаты мынадай:
- құрылыс жұмыстары;
- өнеркәсіптік кәсіпорындар;
- жанаспайтын қызмет көрсету (көлік жуу, автомобильдерді, тұрмыстық техниканы, сағаттарды, телефондарды, компьютерлерді, аяқ киімді жөндеу, тігін ательесі, кір жуу орындары, химиялық тазалау, кілт жасау, тұрмыстық үй қағидаты бойынша қызмет көрсету және т.б.);
- гүл дүкендері, фотосалондар;
- туристік компаниялар, бизнес орталықтар, сақтандыру компаниялары, адвокат, нотариус, бухгалтер және консалтинг қызметтері, жылжымайтын мүлік жөніндегі агенттіктер, жарнама агенттіктері, сот орындаушылары, айырбастау пункттері, ломбардтар, банктер, «Қазпошта» АҚ бөлімшелері және т.б.;
- қоғамдық тамақтану объектілерінің тек алып шығуға және жеткізуге арналған қызметі.
Ал Ashyq жобасына қатысушы кәсіпорындар мен ұйымдардың қызмет уақыты жұмыс күндері 20.00-ге дейін, «Ashyq көшбасшыларына» сағат 22.00-дейін рұқсат беріліп отыр. Аталған ұйымдар қаулының бұл талабын 9 тамызға дейін пайдалана алады. 9 тамыздан бастап тәртіпке сай жұмыс істеген үшін «Ashyq көшбасшысы» атанған кәсіпорындардың мына санаттары сағат 00.00-ге дейін жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болмақ:
- сауда-ойын-сауық орындары, сауда үйлері, сауда желілері;
- қоғамдық тамақтану объектілері (оның ішінде жазғы алаңдар), фуд-корттар; фитнес орталықтар, фитнес клубтар, йога орталықтары, спорт-сауықтыру объектілері, сауналар, спа-орталықтар, спорт объектілері, бассейндер;
- сұлулық салондары, шаштараз, барбершоп, косметика және косметология қызметін ұсынатын орталықтар мен салондар;
- караоке, бильярд, боулинг, компьютер клубтары; кинотеатрлар.
Ал келушілерді Ashyq қосымшасы арқылы кіргізуге немқұрайды қарап, 0 - ден 20 - ға дейін ғана чекин жасаған кәсіпорындар 1 аптаға жобадан шеттетіледі. Бұл олқылық қайланаса, екі аптаға, одан жөнге келмесе 1 айға дейін Ashyq қосымшасының артықшылығын пайдалана алмайды.
Жаңа қаулы аталған бес қаламен іргелес жатқан өңірлердің бірнеше ауданына да енгізіліп отыр. Осылайша, Нұр-сұлтан қаласына жақын Бурабай, Целиноград, Аршалы аудандары, Алматыға жақын жатқан Қарасай, Талғар, Іле, Еңбекшіқазақ аудандары, Шымкентпен іргелес Сайрам, Төле би аудандары, Қарағанды қаласына жақын орналасқан Теміртау, Шахтинск, Абай қалаларында жоғарыда аталған карантин талаптары сақталады.