Діни басқарма Қадір түнін үйде өткізу керектігін айтты
2020 ж. 18 мамыр
1644
0
Қадірлі жамағат!
Өздеріңіз көз жеткізіп отырғандай, елімізде төтенше жағдай мерзімі аяқталғанымен, жұқпалы індеттің қаупі толық сейілген жоқ. Бұл – карантин режимінің талаптарына бағынып, сақтық шараларына аса мән беруіміз қажет деген сөз.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Бас санитарлық дәрігердің карантиндік режимнің кезеңдік талаптарын сақтау бойынша қаулысын негізге алып және қазіргі жағдайды ескере келе, жамағатпен оқылатын бес уақыт, жұма, тарауық намаздарына қатысты қойған уақытша шектеуді өз күшінде қалдырды.
Коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі жедел штабтың қаулысына сәйкес осындай шешім қабылданды. Ал жамағатпен оқылатын намаздардың мерзімін алдағы уақытта қосымша хабарлаймыз.
Құрметті қауым!
Биылғы Рамазанның қасиетті Қадір кеші мамыр айының 19-нан 20-на қараған түнге сәйкес келіп отыр. 19 мамырда мешіт таңғы сағат 07:00 мен кешкі 20:00 аралығында жұмыс істейтін болады. Осы ретте баршаңызды Қадір кешін өз үйлеріңізде өткізу қажеттігін қаперлеріңізге саламыз. Тәртіпке бағынуды сұраймыз. Бұл – сіз бен біздің, өз отбасымыз бен ең жақын туыстарымыздың денсаулығы мен өмірінің игілігі үшін қабылданған шешім. Осы Үндеуге түсіністік танытып, карантин талаптарын сақтайсыздар деген сенімдеміз.
Қадірлі отандастар!
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қасиетті Қадір кешінде Құран хатым дұғасын, уағыз-насихат пен пайдалы дәрістерді онлайн режимде өткізеді. Үйде отырып, онлайн режимде дұғаға қатысып, насихат тыңдауға толық мүмкіндік бар.
Осы ретте барша қауымды қасиетті Қадір түнінде Түркістан облысындағы тасқын судан зардап шеккен жерлестерімізге дұға жасауға үндейміз.
Жаратқан Жаббар Иеміз жер бетінен жұқпалы індетті жойып, жақсылықта жүздесуді нәсіп еткей. Әмин!
Дереккөз: ҚМБД