Ғажайып ғимарат сыры
2016 ж. 19 қыркүйек
7804
1
Кең байтақ қазақ жерінің төсінде небір әсем тұлғалы құрылыс-сәулет өнерінің ғажайып үлгілері уақыт сынына сыр бермей, ғасырлар аттап бүгінгі күнге жеткені асылдың өзгеден артық бағасын танытқандай. Мысалы, орта ғасыр сәулет өнерінің озық үлгілері – Бабаша қатын, Айша бибі кесенелері, Қарахан мазары, Қожа Ахмед Ясауи кешені уақыт сынынан өтіп, сыры кетсе де сынын жоймай бүгінгі таңға жетті. Бұл ескерткіштер сыры халқымыздың тарихымен тығыз байланысты. Арғы тегі Сақ, Үйсін, Түрік деп аталатын еліміздің мыңдаған жылдар бойғы ізденіс-тәжірибесін, талғам-танымын, сәулеткерлік өнерін тал бойына жинақтаған мұндай ескерткіш жәдігерлер арнайы ден қойып, жан-жақты зерттеуді, қастерлеп ұрпақ игілігіне мәңгілік пайдалануды қажет етеді.
Сондай назар аударарлық ескерткіштердің бірі – Жаркент мешіті. Қала орталығында орналасқан бұл кешенді ғимараттың сан алуан әдемі нақыштармен безендірілген қабырғалары, шатыр жақтауларындағы өрнектері, қайқы шатыры, мұнарасы адам назарын бірден аударады.
Бүгінде «Жаркент мешіті Көркем-сәулет мұражайы» атанып, халыққа қызмет көрсетіп тұрған осынау ғажайып ғимараттың осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын салынуына Жаркенттің 1882 жылы уезд орталығына айналуы себепші болды. Өйткені, мешіт құрылысы уезге бағынышты Нарынқол, Кеген, Қырғыз елінің бірқатар аймақтары мен Шонжы, Қоғалы, Жаркент өңірі тұрғындарынан жиналған қаражатпен салынғаны соны аңғартады. Жергілікті халық сайлаған құрылыстың бас мердігері екінші гилді көпес Уәли ахун Юлдашов, бас сәулетшісі жергілікті халық Мұқан деп атаған Қытай шебері Хон Пик (Хон Фи) болды.
Жаркент қаласынан 200 шақырымнан астам Кетпен тауынан емен, қарағай бөренелері өгіз арбалармен тасып әкелінгеннен кейін Хон Пик бастаған Бұқара, Самарқаннан шақырылған жетпіс бес шебер жұмысқа кірісті. Шеберлер тек құрылыс материалдарын сүргілеп, бедерлеп шауып, жуан бөрене тіреулерді көлеңкеде арнайы шыт, жібек матаға орап кептіріп, тақтайлаға айшықты бедерлер түсіруге бірнеше жыл арнайды. Сөйтіп, алдын-ала дайындалған құрылыс материалдары құрастырылып, 1892 жылдың жазында жұма мешіті бой көтереді.
Кешеннің жалпы жобасында бас қақпа, күнделікті бес уақыт намаз оқылатын кіші мешіт, медресе, үлкен жұма мешіті, күйдірілген көк кірпіштен қаланған сәнді дуал қоршау, оңтүстік және солтүстік жағындағы қосымша шағын қақпалар енді. Бір ғажабы, осындай күрделі құрылысты сәулетші Хон Пик жобасын құпиялап, жеке дара өз жоспарымен жүргізді. Алайда болашақ ғимараттың жалпы көрінісі мен сәулетшілік ерекшеліктеріне байланысты салдырушы бас мердігер мен шебердің өзара келісімі болған.
Шығыс елдерінде ертеде құрылыс өнеріне жастарды үйрету тікелей іс барысында жүзеге асырылған. Құрылыстағы өзіндік ерекше үлгіні шеберлердің ұрпақтары мұрагерлікпен жалғастырған. Сәулеткер Хон Пик те сондай өзіндік ерекше атамұра үлгісі бар шығыс шеберлерінің бірі еді. Сондықтан, ол Жаркент мешітінің құрылысына бірде-бір шеге қолданбай, өрнектелген ағашты қиюластыру арқылы жасады.
Бас мешіттің көне қытай үлгісінде қайқы бел шатыры 122 бөрене бағаналарға міндіріліп бекітілген. Әсіресе шатыр құрылысы айырықша күрделілігімен ерекшеленеді. Мешіт шатырының жиектерін иіп, қайық тәріздес етіп көтеруге «дау», «гун» деп аталатын имек сырықтар пайдаланылған.
Ғажайып сырлы ғимараттың қабырғаларында, шатыр қапталдарында 1500-ден астам алуан түрлі сурет, арап-парсы тілдеріндегі көне жазу үлгілері бар. Бұл ою өрнектерді зертеушілер тақырыптық мазмұнына қарай бірнеше топқа бөледі. Олар – жергілікті халықтың ою-өрнек нақыштары, геометриялық кескіндер, қоршаған табиғат, өсімдіктер мен жан-жануарлар дүниесі, дінге қатысты белгі шарттар, өзіндік ерекшелігі бар суреттерден тұрады.
Бас мешіттің төріндегі дінбасы отыратын мінбер сәкінің босаға тұсындағы қабырғаға үнді халықтарының үлгісімен аңыздарға арқау болған зәйтүн – «өмір ағашы» кескінделген. Шеберлердің әшекейге, сәнді пішіндерге, түске көп мән бергендігін тек ғимарат тұлғасынан ғана емес, қолданбалы өнер бұйымдарынан – әдемі шырағдандардан, ағаштан ойып істелген сәнді мінберден де байқау қиын емес. Мұнда көбінесе ақ, қара, қызыл, жасыл, сары, көк түстар өте сәтті, үйлесімді қолданылады.
Жалпы қытайдың, жапонияның, үндінің ертеректегі ғимараттарының көпшілігі ағаштан салынған. Шығыс сәулет өнерінің бұл ерекшелігінің өзіндік себептері де бар, соның ең бастысы – ағаштан жасалған ғимараттардың зілзалаға төзімділігі.
Мешіт құрылысының өзіндік ерекшелігі мен айрықша дараланып көрінетін бөлігінің бірі – портал (бас қақпа). Ол орта Азия мен Қазақстанның дәстүрлі сәулет өнеріне тән пішінде. Порталдың идеялық, көркемдік жағынан атқаратын қызметі көрнектілік және асқақтық әсер беру. Бұл әдетте құрылыстың өзге бөліктерімен салыстырғанда оның көлемін ұлғайту арқылы жүзеге асырылады.
Портал иіндісі өсімдік сарынындағы ашық түсті өрнектермен көркемделген де, оның сыртқы бетінің маңдайшасы гүл оюлармен, араб жазбаларымен толтырылған үш ойындымен бітеді. Порталмен бүйірлес күмбез төбелі екі бөлме мешіт қызметшілеріне арналған. Бас қақпаның оңтүстік, солтүстік қабырғаларымен жанаса медресе үйі орналасқан. Мұнда кезінде жергілікті жастар бастауыш діни білім алған.
Осының бәрі қызметке арналған ғимараттар сәулетінің жергілікті халық тіршілігімен және қолөнерімен тығыз байланыста екендігін дәлелдейді. Мешіт құрылысының жұмысына әртүрлі ұлт өкілдерінің қатысуы да ғимаратқа өзіндік ерекше түр беріп, әр ұлттың сәулетшілік, сәндеу үлгілері кең қолданылғаны байқалады. Түпкі мақсат оның бар болмысының халықтарды, бірлікке, ынтымаққа үндеуінде жатқандай.
Құрылысы 1887 жылы басталып 1892 жылы толық біткен Жаркент мешіті дін жолында аса көп қызмет ете алмады. Оның бірден-бір себебі – Кеңес өкіметінің дінге қысым жасауы. Дегенмен, қызыл империя мешіт қақпасын жапқанымен, оны халық өнер туындысы, көненің асыл жәдігері ретінде сақтап, бүгінгі күнге жеткізді. Тиісті орындарға хат жазып, шағым айта жүріп, тағдыр тәлкегімен тасада қалған асыл мұраға мемлекет назарын аудартты.
Сөйтіп, Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі ХІХ ғасыр сәулет өнерінің ескерткіші Жаркент мешітін жан-жақты жаңартып, жөндеу жұмыстарын 1962 жылдан бастап қолға алды. Елдің Мәдениет министрлігі жанындағы Жөндеу бірлестігі мешіт ауласын қоршаған дуалдарды, дарбазаларды, медресе бөлмелерін, портал мен үлкен жұма мешітінің ішкі-сыртқы безендіру өрнектерін жөндеп, қайта қалпына келтірді. Мұнаралардың, жоғарғы қабатқа шығатын ағаш баспалдақтардың көнеріп, кенеуі кеткен тұстарын тиянақты жөндеуден өткізді. Ғимараттың аса сәнді аспалы шыны шырағдандары, мұнара терезелерінің көмкерген гүлді айшықты суреттері қайтадан жаңартылды.
Жаркент мешіті осындай күрделі жөндеу жұмыстарынан өткен соң 1978 жылы 24-наурызда Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төрағасы Бәйкен Әшімов қол қойған шешімімен Сәулет-көркем өнер мұражайына айналды. Содан бері Жетісу аймағының ғажайып ғимараты халыққа қызмет көрсетіп келеді.
Мырзағали Нұрсейіт
Жаркент қаласы
qazaquni.kz