САҚАЛДЫҢ БӘРІ СҮННЕТ ДЕП ҚАБЫЛДАНБАЙДЫ
2014 ж. 05 маусым
4945
0
Сүннет – Пайғамбарымызға тән нәрселер. Ал бар мұсылманның арманы – Пайғамбарымызға ұқсау. Сүннетті ұстанудың қажеттілігі мен маңызын осы ұқсастыққа ұмтылудан-ақ пайымдауға болады. Ал оны неге ұстаймыз, ұқсастыққа ұмтылудың қажеттілігі мен мәні неде деген сауалдар, өкінішке қарай, көбіне жабулы күйінде қалады. Оның үстіне біз қазір Пайғамбар сүннетін тек сақал қою деп қана ұғынатын болдық.
Рас, көп әйел алу мәселесін де ойлап қоятынымыз бар. Әзірге ол сүннет үдәбарасынан шығып жатқандар аз. Оны діндарларға қарағанда шенеуніктер біршама тәуірлеу орындап жүр. Алайда олар көп әйел алуды сүннет деп емес, заманауи тұрғыда азаматтық неке деңгейінде қабылдайтындықтан ол жігіттіктері ойнастық шеңберінде қалып қояды. Егер сүннет деп білсе, онда бар қайырды сол жігіттігінен көрер еді.
Себебі, сүннетті қабылдау – Пайғамбар қалыбына ену деген сөз. Ал ол қалып – Алламен байланысқа түсу тетігі. Жалпы Алламен байланыспаған ғибадаттың ешқайсысы қабыл болмайды. Сондақтан Пайғамбар сүннетін қабылдаған жанның бір рет Алла деп айтуы, жүрегі Алламен байланыспаған діндардың өмір бойы ғибадат жасағанынан қайырлы. Бұл – сүннеттің рухани қуаты. Алайда оны ұғынатындар аз. Мәселен, Мұса Пайғамбар заманында оны мазақтау үшін Пайғамбардың киімін киіп, сайқымазақтанған дінсіз біреу Мұсаның кейпіне еніп, оның сүннетін ұстанғаны үшін жәннатпен сүйіншіленеді. Біздің сүннетті «Алламен байланыс тетігі», «Рухани қуат» деуіміз сондықтан.
Жалпы әр мұсылман елдің дәстүрлі киім үлгісі Пайғамбар сүннетіне негізделген. Соған орай қазақы киімнің де етек-жеңі мол болып келеді. Солай бола тұра қазір ауыл қарияларының өзі сүннеттік үрдіспен киінбейді. Бұл күнде Пайғамбар сүннетін ұстанған жанды емес, шортик кигендерді үлгі тұтатын болдық.
Оның себебі... Себеп көп. Ең бастысы – Пайғамбар сүннеті мәнін ұғына алмауымызда. Білген жөн. Сақалдың бәрі сүннет деп қабылданбайды. Шапан да, сәлде де солай. Әңгіме Карл Маркс пен Лениннің сақалы туралы емес. Оған кәсіби және сән үшін қойылған сақалдар да кірмейді. Қазіргі кейбір діндармын деп жүргендер мен Фидель Кастроның сақалының арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Сол сияқты қызметтік сәлде-шапан да сүннет орнына жүрмейді. Себебі, оларда діндарлық көрініс пен қызметтік түсінік сүннеттік ұғымнан басым тұрады. Сондықтан сүннет бастапқы мәнінен, яғни, руханияттан ажырайды. Сақалдан қадір кетуі соған байланысты.
Біздің бала кезімізде қариялар әйдік көрінуші еді. Ол кезде сақалсыз қария болады деген түсінік жоқ болатын. Сәлде-шапансыз, мәсі-кебіссіз қарияларды да көз алдымызға елестете алмайтынбыз. Сол қарияларды құрмет биігіне көтерген – Пайғамбар сүннеті еді. Қолдарына ұстаған асатаяқтарының өзі киеге шомып тұрғандай әсер қалдыратын.
Рас, қазіргі шалдар да таяқ ұстайды. Бірақ оның сүннет үшін ұсталынбайтындығы аңғарылып-ақ тұрады. Сүннет болмаған соң... Иә. Қауқар жоқ. Таяқтада да, өздерінде де. Өкінішке қарай бүгінгі қоғамның бейнесі – шортикті шал.
Құдияр БІЛӘЛ
Abai kz