Бас мүфти: «Болмайды» деуге болмайды...

Дин-2

Еліміздегі ірі медреселердің бірі – Әбу Ханифа медресесіне биыл 30 шәкірт оқуға қабылданды. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Алматыдағы Әбу Ханифа медресесінің шәкірттерімен кездесті. Болашақ имамдармен жүздесуде еліміздегі діни ахуал сөз болды. Бас мүфти оқу ордасының тәлімгерлеріне діннің кейбір нәзік тұстары мен пікірталас тудырып отырған жайттарын жан-жақты түсіндіріп, дәріс жүргізді. Ержан қажы Малғажыұлы діннің сенім, құқық салалары бойынша шәкірттердің сұрақтарына жауап берді. Шәкірттерді ислами білімді меңгерумен қатар, жаңа технологияларды, пайдалы, дүниеуи ілімдерді үйренуге шақырды. «Сіздер болашақ имамсыздар. Ертең халық өздерін толғандырған сұрақтарды қоя бастаған кезде сіздер нақты әрі сауатты жауап берулеріңіз керек. Діни ағымдармен күрес жүргізу жұмыстарында да біліммен қарулану аса маңызды. Дін өкілі кез келген мәселе жайлы пікір айтқанда, бірден кесіп айтуына болмайды. «Мұныңыз дұрыс емес, болмайды» деп дүрсе қоя беруге де әсте болмайды. Әр нәрсені байыппен, байсалдылықпен, дана­лықпен, жан-жақты түсіндіре отырып, пенденің санасына жеткізу ләзім. Ол үшін ілімді ықыласпен алуымыз қажет. Сабақтан басқа дүниелік істерге көңіл бөлмеген дұрыс. Егер пайдасыз, қажетсіз нәрсеге алаңдайтын болсақ, онда басымызға білім қонбайды. Бүгінгідей мүмкіндікті пайдаланып, ұстаздардан көбірек ілім үйренуге ден қойыңыздар», – деді Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.