Шәууәл айының нәпіл оразасы

999999

Дінімізде кейбір уақыттардың өзіндік ерекшеліктері мен қасиеттері бар. Рамазан айының артынша келетін Шәууәл айының да өзіне тән артықшылықтары көп. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде кім Рамазан айының оразасынан соң, Шәууәл айында 6 күн ораза ұстаса, бір жыл ораза ұстағандай болады» – деп, бұл айда ұсталатын алты күн оразаның мол сауабын сүйіншілеген (Сахих Мүслим).

Бұл ораза сауабының бір жылға пара-пар келуін былайша түсінуге болады. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Кімде-кім бір жақсылық жасаса, оған оның он есе қарымы беріледі» деген. Ғалымдар Шәууәл айындағы алты күн оразаның бір жылдық сауабын осы аятпен байланыстырады. Рамазан айындағы отыз күн мен Шәууәл айындағы алты күн қосылғанда, отыз алты күн болады. Бұл сан он есеге көбейтілсе, үш жүз алпыс күнді құрайды. Бір жылдың қалған бес күні ораза ұстауға болмайтын Рамазан айтының алғашқы күні мен Құрбан айттың төрт күні. Оразаның әрбір күні он есе молайса, онда отыз алты күндік оразада бір жыл ауыз бекітудің сауабы бар деген сөз.

Шәууәл айының нәпіл оразасын арасын үзіп, бөлек-бөлек күндерде ұстауға болатыны секілді қатарынан ұстауға да болады.

Рамазан айында түрлі себептермен кей күндерін қаза етіп алған кісілер Шәууәл айында әуелі қазасын өтейді ме, әлде, осы нәпіл оразаны ұстайды ма деген орынды сұрақ туары сөзсіз. Бұл сұраққа ғалымдардың жауабы мынандай: Рамазан оразасын толығымен ұстау Алла Тағаланың бұйрығы. Оны орындау – парыз. Ал, Шәууәл айында 6 күн ораза тұту – Пайғамбарымыздың (с.ғ.у.) сүннеті. Ол мол сауабы бар нәпіл оразаға жатады.

Ораза қазасы неғұрлым ерте өтелгені абзал. Себебі, адамның белгіленген ажалы айтпай келетіндіктен, алдымен, парыз оразаның қазасын толық өтеп, нәпіл оразаны одан кейін ұстаған дұрыс. Бұған қоса, жоғарыда келтірілген хадисте «Рамазан оразасынан соң, Шәууәл айында 6 күн ораза ұстаса» делінгенін ескерсек, әуелі Рамазанның қазасын өтеудің абзалдығын ұғамыз.

Сондай-ақ, алдымен Шәууәл айының оразасын ұстап, содан соң парыз оразаның қазасын өтеуге болады дейтін ғалымдар да бар. Ал, осы айда қаза оразасын ұстап, нәпіл ораза ұстауға уақыты жетпей қалған адамдар үшін де Шәууәл айының уәделі сауабы үміт етіледі. Бірақ, бұл нәпіл оразаға уақыты жетпей қалғандар үшін. Әсілінде, әр оразаны жеке-жеке ұстау қажет. Бұл жоғарыда келтірілген бір жылдық сауаптың математикалық есебіне де сай келіп тұр. Алла Тағала ниеттерімізді қабыл еткей. Әмин!

 

ҚМДБ Уағыз-нәсихат бөлімінің бас маманы Алтынбек ҰТЫСХАН,

Алматы қаласы