2030 жылы СПИДСІЗ қоғамда өмір сүреміз...
2016 ж. 26 қазан
13984
0
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «100 қадам» атты Қазақстан Республикасының дамыған мемлекеттердің отыздығына кіру жөніндегі жоспарының 82-қадамында: «Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі қасынан медициналық қызмет сапасы бойынша бірлескен комиссияны құру керек. Басты мақсат: Медициналық қызмет көрсетудің алдыңғы қатарлы стандарттарын енгізу (емдеу хаттамалары, кадрлар әзірлеу, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, сапалы және қолжетімді бақылау)» деп айрықша атап көрсеткен-ді. Елбасымыздың ел саулығына ерекше мән беруінің арқасында отандық медицинамыздың тасы өрге домалап, дамудың даңғыл жолымен жүріп келеді. Әрине, бұл тұрғыда Елбасы пәрменімен қолға алынған осы саладағы арнаулы бағдарламалардың септігі тиіп келе жатқаны сөзсіз. Атап айтқанда «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру кезеңінде халық денсаулығының жақсара түскендігін аңдаймыз.
Басты байлығымызға бей-жай қарамауымыз керек
Дегенмен, Жұқтырылған иммунитет тапшылығының синдромы (ЖИТС) сияқты ғасыр дерті өзге шет мемлекеттер секілді Қазақстанды да айналып өтпеді. Он тоғызыншы ғасырдың соңында Батыс-Орталық Африкада пайда болған СПИД ең алғаш рет 1981 жылы АҚШ-та белгілі болған-ды. Ғылым мен техника қарыштап дамыған бүгінгідей күннің өзінде осы бір қатерлі дертті емдеудің түрлі тәсілдері бар екені белгілі. Бірақ оның қайсібірі де аурудан 100 пайыз айықтыра алмасы анық. Тек аталмыш дерттің кесірінен өмірімен қоштасатындардың санын белгілі бір дәрежеде ғана азайтуға септігін тигізеді. Тек Қазақстанды ғана емес, әлемді алаңдатқан бұл дерттің ошағы – Африка екені де белгілі. Бұл елде СПИД-ке шалдыққандардың 68 пайызы – осы аймақтың тұрғындары екен. Африка елдерінде жаңадан дүние есігін ашқан сәбилердің 90 пайызға жуығы қатерлі дерттің азабын ана құрсағында жатқан сәттен бастап тартатын көрінеді.
Мәселен, Астана қаласында 1997 жылы ВИЧ жұқпасын жұқтырған екі адам тіркеуге алынса, одан бері ресми түрде 855 жағдай тіркеліпті. Бүгінгі күні Астана қаласындағы «СПИД-тің алдын алу және оған қарсы күрес» орталығында 500-ден аса адам тіркеуде тұрады. Олардың 49 пайызын жұмыссыздар құраса (ВИЧ науқасы анықталғанда ешқайда жұмыс істемегендер), ал 10 пайызы түрмеде отырғандар. Сондай-ақ, 39 пайызы түрлі жұмыс атқаратын адамдар екен.
Астанадағы «СПИД-тің алдын алу және оған қарсы күрес» орталығының басшысы Салтанат Мусинаның айтуынша, ВИЧ-ке шалдыққан науқастарды СПИД-тің сатысына жеткізбеу – орталықтың басты мақсаттарының бірі екен.
Бұл індетті құрықтау үшін мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетіліп, көптеген шаралар атқарылып-ақ жатыр. Дегенмен, күні бүгінге дейін қатерлі дертке бір шалдыққан жандардың арасында құлан таза айығып кеткендері кездеспепті. Жұқтырылған иммунитет тапшылығының синдромымен зардап шегетін бір науқастың ем-шарасы үшін мемлекет тарапынан жыл сайын 500-900 мың теңге көлемінде қаржы жұмсалады екен. Сондай-ақ, жылына кем дегенде екі рет зертханалық тексерістен өтіп тұратыны тағы бар. Қарап отырсақ бір науқастың емі үшін аз қаржы жұмсалмайды екен. Ал ең бастысы бұл індетке іліккендердің өміріне төнген қауіптің күштілігі. Осы тұста: «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген халық нақылының тегіннен тегін айтылмағанына көз жеткізе түсесің. Бұл тұрғыда халықтың денсаулық туралы сауаттылығы сырқаттың алдын алуға біршама септеспек. Яғни әрбіріміз басты байлығымыз – денсаулығымызға бей-жай қарамауымыз керек.
Қатерлі дерт әлем назарында
Ғасыр дерті тек қазақ елін ғана емес, бүкіл әлемді алаңдатып отырғаны сөзсіз. Мәселен, БҰҰ-на мүше елдердің уағдаласқан ортақ мақсаттарының бірі – СПИД, безгек, туберкулез сияқты аурулармен күресу және олардың таралу деңгейін төмендету. Осы мақсатта ауқымды шаралар атқарылды да. Әлемдік қауымдастық СПИД-ке қарсы дер кезінде жедел шаралар қолдана білді. Егер өйтпеген жағдайда, 2014 жылға дейін СПИД-ке шалдығу жайты 6 млн. адамды құрауы мүмкін еді.
Сондықтан да әлемдік қауымдастық тиімді шешім қабылдап, басты инвестицияны СПИД дағдарысын шешуге жұмсады. Статискалық мәліметтерге сүйенсек, СПИД пен безгек сияқты аурулармен күресу саласына мақсатты түрде салынған инвестициялар бұрын-соңды болмаған нәтиже берді. Мәселен, 2000-2015 жылдар аралығында 6 млн. 200 мыңнан астам адам безгек ауруынан құтқарылды. Әлемнің жер-жеріндегі 2 млрд. 100 млн. адам жақсартылған медициналық нысандарға баруға мүмкіндік алды. ВИЧ дертіне шалдыққан 34 млн. адамның 8 миллионы қазір вирусқа қарсы ем алып жатыр. Бұл тұрғыдағы жүйелі жұмыс жалғасын тапса, дүниежүзілік емдеу мақсаттарына жету мүмкіндіктері туатыны анық.
БҰҰ-ның есебі бойынша, 2020 жылға дейін осы аурумен күресу үшін құны 31,9 млрд долларды құрайтын инвестиция қажет екен. Ал 2030 жылға дейін қосымша 29,3 млрд. доллар бөлінуі тиіс. Сонда әлем бойынша бұл аурудың тамырына балта шауып, СПИД-тен таза қоғамда өмір сүруге мүмкіндік тумақ. БҰҰ-ның СПИД-пен күрес бағдарламасы бұл аурудың 2030 жылға дейін толығымен жоюға мол мүмкіндіктің бар екендігін көрсетеді.
Опиоидты алмастырушы терапия – СПИД-пен күресудің негізгі тәсілі
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші елімізде СПИД-пен қарсы күрес шараларына қоғамдық қорлар да белсене атсалысуда. Мұның өзі аталмыш дерттің қауіптілігін азайтуға септігін тигізетіні сөзсіз.
ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің қолдауымен «Аман-саулық» қоғамдық қоры Жұқтырылған иммунитет тапшылығының синдромының алдын алу және онымен күресу жөніндегі республикалық орталықпен және ҚР Психиатрия, психотерапия және наркология жөніндегі республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығымен бірлесе отырып, АҚШ-ның Халықаралық даму агенттігінің «Тиімді басқаруды қолдау бастамасы» бағдарламасы аясында «Қазақстанда АИТВ/ЖИТС-ын алдын алу, тестілеу және емдеу бойынша нормативтік-құқықтық базаны жақсарту» жобасын жүзеге асыруда. Ауқымды шара Орталық Азия Еуразия қорының демеушілік етуімен өткізілгендігін атап айтуымыз керек.
«Аман-саулық» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен аталмыш жоба аясында өткен пресс-конференцияда еліміздегі опиоидты алмастырушы терапияны қолдану мәселесі жіті талқыланды. Жиынға «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті Бақыт Түменова, Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Құлқаева, ҚР Психиатрия, психотерапия және наркология жөніндегі республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығы директорының орынбасары Бақытжан Нұралиев, «АИТВ-мен өмір сүретін тұлғалардың Орталық Азия қауымдастығы» ЗТБ президенті Нұрәлі Аманжоловтар қатысып, ғасыр дертімен күресудің тиімді жолдарын ортаға салды. Сондай-ақ, бұл тұрғыда атқарылып жатқан істерді де тілге тиек етті.
Елімізде опиоидты алмастырушы терапияны (ОАТ) ең АИТВ/ЖИТС-ын алдын алу, тестілеу фактор ретінде қолжетімділікті және оның тұрақтылығын арттыруға арналған нормативтік-құқықтық база жобаларын дайындап, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің қарауына ұсыну – жобаның басты мақсаты. Мамандардың пікірінше, Қазақстанда ВИЧ індетінің таралуы бірінші кезекте инъекцияларды қолдану кезінде қауіпсіздікті сақтамаумен, сондай-ақ, қауіпті жыныстық жүріс-тұрысқа бой алдырумен байланысты. Метадонды қолдана отырып жүзеге асырылатын ОАТ бағдарламасы инъекциялық есірткілерді қолданатын тұлғалар арасындағы ВИЧ-ке қарсы тиімді әрекеттің бірі. Бұл халықаралық деңгейде мойындалған тәжірибе. Алайда Қазақстан Республикасында ОАТ бағдарламасын ендіру ауқымы төмен. Статистикалық мәліметтерге сәйкес денсаулық сақтау мекемелері есепке ілінген инъекциялық есірткілерді қолданатын тұлғалардың 0,24%-ын ғана ОАТ-мен қамтамасыз етеді. Ал жазаны орындау жүйелерінде аталмыш бағдарлама ұсынылмайды да. ВИЧ-ке тегеурінді тосқауыл қою үшін опиоидты алмастырушы терапияны қолданатындардың қатары кем дегенде 30-40%-ды құрауы тиіс.
Ол үшін әлбетте ОАТ-ға деген қолжетімділік шектеулі болмауы тиіс. Тіпті бұл тұрғыда нормативтік-құқықтық және әлеуметтік кедергілер де кезікпеуі тиіс.
«Залалды төмендетуге бағытталған тәсілдеме – құқықты қорғаудың ең тиімді жолы ретінде саналады. Бұл үшін әлбетте опиоидты алмастырушы терапия таптырмас құрал. Бұл өз кезегінде ВИЧ-ке шалдыққан адамдардың азабын жеңілдетіп, осы дертке ұшырағандардың санын азайтуға септігін тигізеді. Ол үшін әрине, бүкіл республика бойынша ОАТ-ның ауқымын кеңейту міндеті тұр» дейді «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті Бақыт Түменова.
2016 жылдың 13-қаңтарында метадон мемлекеттік тіркеуге алынып, ҚР Дәрілік заттардың тізіміне енгені белгілі. Опиоидты алмастырушы терапияның тиімділігін түсіндіру мақсатында еліміздің көптеген аймақтарында қоғамдық тыңдаулар ұйымдастырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде бүгінде аталмыш бағдарламаны қолданушылардың саны 315 адамға жетіп отыр.
СПИД күн тәртібінен түскен емес...
Ғасыр дертінің қатерлілігі қандай болса, ол барлық мемлекет үшін соншалықты өзекті. Сондықтан да бұл мәселе күн тәртібінен түспей келеді.
Жақында ғана Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев күллі әлемдегі денсаулық сақтау саласының сапасы мен тиімділігін арттыруға елеулі үлес қосқан белгілі ғалым, БҰҰ Бас хатшысының Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы ВИЧ/СПИД жөніндегі Арнаулы өкілі Мишель Казачкинмен кездесті. Басқосу барысында Қ.Тоқаев жұқпалы аурулар және сырқаттармен орнықты күресті дамыту саласы БҰҰ-ның жаңа Күн тәртібі аясындағы басымдықтардың бірі ретінде белгіленгенін атап өтті. «2030 жылдарға қарай ВИЧ/СПИД індеттерін жою – халықаралық қоғамдастықтан үйлесімді іс-қимыл талап ететін ортақ міндетіміз» деп атап өтті Сенат төрағасы.
Сондықтан, Қазақстан БҰҰ алаңдарындағы СПИД-ке қатысты шараларға белсене араласып келеді. «Ғылым есірткілер мен ВИЧ-ке қарсы», «Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдеріндегі ВИЧ және өкпе аурулары» және басқа да бірқатар халықаралық шаралардың қос ұйымдастырушысы болды.
Қазақстандағы ұлттық деңгейдегі ВИЧ/СПИД-пен күрес жөніндегі негізгі стратегиялық құжаттарға 2050 жылға дейінгі даму Стратегиясы мен «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы (2011-2015 жылдардағы) да іске қосылды. Төраға ВИЧ жұқтырғандарға мемлекеттік бюджет қаржысы және халықаралық ұйымдардың техникалық көмегі есебінен тегін дәрігерлік көмек көрсетілетінін айтты. ВИЧ/СПИД-тің алдын алу саласында жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік қолдау көрсетілетіндігін де жеткізді.
Қ.Тоқаев Алматыда ЮНЭЙДС-тің ВИЧ/СПИД-тің таралуымен күрес жөніндегі Орталық Азия елдеріне арналған субаймақтық кеңсесін ашу туралы шешіміне қолдау білдірді. Алдағы уақытта аталған кеңсе ашылса, бұл тұрғыдағы жұмыстардың ауқымы одан әрі кеңейе түспек.
БҰҰ Бас хатшысының Арнаулы өкілі Мишель Казачкин Қазақстан Орталық Азиядағы мигранттар арасындағы ВИЧ/СПИД және өкпе ауруларымен науқастану мәселелерінде оларды уақытында емдеу мақсатындағы үйлестіруші рөлін ала алатындығын атап өтті. СПИД-сынды қатерлі дертпен күрес жолында мемлекет жоғары дәрежеде қолдау көрсетіп отыр. Сондықтан да біздің елде бұл тұрғыдағы қарқынды күрес әлі де өз жалғасын таба бермек. Ал, тындырымды тірліктер атқарылған жерде нәтиженің болатыны да сөзсіз.
Ақтолқын ТӘЖІКОВА
qazaquni.kz