КООПЕРАТИВТЕР ҚАТАРЫ КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ

Оңтүстік Қазақстан облысында 50 мың ұсақ шаруашылық мүшелерінен құралған 438 ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылды. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев әкімдікте өткен мәжілісте мәлім етті. «Еліміздің Ауыл шаруашы­лығы, Әлеуметтік даму министр­лігі және Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі арасындағы «Үш жақты» индикативті көрсет­кіш­тер жөнінде бекітілген іс-шаралар шеңберінде ағым­дағы жылға тағы да 75 бірлік ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, бұл мақсатқа 6,8 млрд. теңге қаражат бөлініп отыр», - деді Жансейіт Қансейітұлы. Өңір басшысының айтуынша, фермерлерді несиелендіру үшін «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының 2-ші бағытымен 3,2 млрд. теңге, «Ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау қоры» АҚ 1,9 млрд.теңге, «Аг­рарлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 1,3 млрд.теңге бөлінетін болады. Қазіргі таңда кооперативтер жанындағы 2 сүт қабылдау, 2 мал сою бекеттері 285 млн. теңге қаржыландырылған. Одан бөлек, 9 мал сою бекеті мен 12 сүт жинау бекетін құруға 757 млн. теңгеге құжаттар өткізіліп, комиссия қарауына өткізілген. Айта кетейік, кооперативтер мақсаттарына сәйкес ірі ша­руашылық құрылымдары ретінде бәсекеге қабілетті өнім өндіріп, қайта өңдеу кәсіпорындарына ши­кізат көзін дайындау бағытта­рында жұмыс істейді. Биыл өңірде осы жұмыстардың есебінен ет және сүт өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындарының орташа жүктелімін 60%-дан 70%-ға көтеру белгіленген. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шараларын пайдаланып, жеңілдетілген несие беру және субсидиялау жолдары арқылы 2017 жылы барлық бекітілген жоспарлар жыл аяғына дейін толық орындалады. Биылғы жылдың 4 айында былтырғы жылмен салыстырғанда ет өндіру тірілей салмақта – 4,1, сүт – 1,9 жұмыртқа өндіру 6,9 пайызға көбейді. Есепті кезеңде мүйізді ірі қара бойынша мал басы өсімі – 5,5 пайыз, қой мен ешкі – 1,7 пайыз, жылқы – 18,7 түйе – 6,5 құс – 5,9 пайызға артты. Мал шаруашылығын дамытуға арналған «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» және «Ырыс» бағдар­лама­лары бойынша бекітілген жоспарға сәйкес жұмыс жүргізілуде. qazaquni.kz