ШЕКТЕУ БАР ЖЕРДЕ ЕРКІНДІК БОЛА МА?
2016 ж. 14 желтоқсан
2674
0
БІЗДІҢ БАНКТЕР ХАЛЫҚТЫ АҚЫМАҚ САНАЙДЫ
ҚР Ұлттық банкі екінші деңгейлі банктер жеке тұлғалардың ақша салымы бойынша депозиттік мөлшерлеме көлемін өздері анықтауы қажет деп есептейді. Демек оларға толық еркіндік берілді деген сөз. Ал, шын мәнінде қалай болмақшы? «Депозиттерге кепілдік беру қорының мөлшері максималды деңгейде. Сондықтан, бәсекелестік жағдайында әр банк халықтан қаражат тарту саясатын өзіне ыңғайлы, тиімді жағдайда құруы тиіс. Сонымен қатар, өзі барып отырған тәуекелдер бағамының жағдайында мөлшерлемені өз бетінше қарастыруы тиіс. Біз тек жоғарғы көрсеткішті ғана белгіледік», – деді ҚР Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышев. Оның айтуынша, қаржы нарығындағы үдерістер бойынша, жылдық мөлшер 11-12 пайыз көлемінде құрылып отыр. Одан жоғары көтеруге болмайды деп түсінуіміз керек. «Тұрғындар депозиті бойынша ұлттық теңгемен қаржы тартуды жалғастырып отырған банктер өзінің тиімділігін қамтамасыз ету жұмысында сол ақшаны сол деңгейде таратуда қиындықтарға ұрынатын болады. Сондықтан, меніңше, бұл үдеріс жалғасып, банктер ставкаларды төмендету бойынша шешімге әкімшіліктің араласуынсыз өз еркімен баратын болады», – деді Ақышев. Ақышевтің ғана емес, оның алдында осы лауазымда болған Марченко, Келімбетов секілді бас банкирлердің де осыған ұқсас ертегісін талай рет естіген болатынбыз. Ақышев тұрғындардың салымы үшін берілетін депозиттің жоғары деңгейін 11-12 пайыз көлемінде белгілеп бердік, оны төмендету банктердің өз еркінде дегенді ашық айтып отыр. Бұл нені білдіреді? Біріншіден, бұл әңгіме тұрғындардың тырнақтап жиған қаржысы хақында болып отыр. Өмір бойы тиындап жинаған қаржысын банкке сеніп тапсырған соң олар осы үшін үстінен пайда көруге тиісті. Көбірек пайда тапса, солғұрлым жақсы. Екіншіден, банктерге ерік берілген соң олар білгенін істеуі мүмкін ғой, депозиттік сыйақыны олар қалағанынша төмендетуі ғажап емес. Әйтеуір де шектеу қойған соң депозиттік мөлшерлеменің төменгі деңгейін де көрсету керек еді ғой. Үшіншіден, біздің банктердің Ақышевсыз-ақ ұтылғанын осы күнге дейін көрмеппіз. Олар есесін ешкімге жібермейді. Керек болса, борышкерлердің жалғыз баспанасын коллектор деген күштік құрылым арқылы тартып алып, далада тентіретіп жіберуден тайынбайды. Біреулер соған шыдай алмай өздеріне қол жұмсаса да міз бақпаған банктерден не жақсылық күтуге болады? Мысалы, несие бергенде мөлшерлемені 20 пайызға дейін көтеруге кім рұқсат берді? Ал, ойдан-қырдан құрастырылған банктік түрлі қосымша қызметтері мен уақытында төлемегені үшін айыппұлды қосқанда мөлшерлеме 30-50 пайызға дейін шарықтап шыға келеді. Ұлттық банк шектегіш, тежегіш болса неге осы жерде банктердің ашылған аранына тосқауыл қоймады? Әлде, екінші деңгейдегі біздің банктер Ұлттық банк немесе халықаралық, шетелдік банктерден ақшаны 15 пайызбен алып жатыр ма? Мүмкін емес, шетелдік беделді банктер 1-3 пайызбен ғана жұмыс істейтіні белгілі. Олар біз сияқты өз клиенттерін тонауға емес, лайықты қызмет көрсету үшін жұмыс істейді. Әлде бұл жерде Ұлттық банктің өзінің мүддесі жатыр ма? Ол да мүмкін. Бір қарағанда біздің банктер Қазақстан тұрғындарын шетінен шіріген бай деп есептейтін болуы керек. Олай демейін десек, біздікіндей несиелік жоғары мөлшерлемелер біз үлгі алатын әлемнің дамыған елдерінің өзінде де жоқ. Тіпті ақша аударсаңыз да бүтіндей бір пайызын ұстап қалады. 1 млн. теңге аударсаңыз кем дегенде 10 мың теңгені банкке бересіз. Ал, 10 мың теңге үшін сіз қанша күн жұмыс істеуіңіз керек? Әлде ақшаны олар ұшақпен немесе пойызбен жеткізіп жатыр ма? Құдайға шүкір, қазір барлық банктік операциялар электронды түрде атқарылады. Бұл банктің біз білетін құйтырқы қызметінің бірнешеуі ғана. Ал біз білмейтін қанша құпиясы бар, ол туралы айта алмаймыз. Ақышев мырза банктердің жұмыс барысында тәуекелге баратынын, түрлі қиындықтарға тап болатынына қайғырып, қабырғасы қайысып отыр. Ал, тұрғындардың, өз халқының қамын кім ойлайды? Бас банкир банктерге еркіндік бердік деп, екінші жағынан депозиттік мөлшерлемеге шектеу қойып өз сөзіне өзі қарсы шығып отырғанын аңдамай қалған. Немесе санаға сиымсыз осы сөзімен халықты ақымақ етіп алдағысы келеді. Өтірік айту үшін де бір қисын болу керек қой... Зейнолла АБАЖАН qazaquni.kz