«Ақ жол»: Жалған кәсіпкерлікке жол жоқ!
2016 ж. 01 қараша
1709
0
«Ақ жол» фракциясы кезекті рет жалған кәсіпкерлік бойынша қолданыстағы нормаларды Салық кодексінен алып тастау туралы мәселе қозғады. Бұл туралы Азат Перуашев Мәжілістің пленарлық отырысының бірінші оқылымында салық салу және кедендік әкімшілдендіру заң жобасын талқылау барысында мәлімдеді.
Баяндамада бірде-бір сот айыпты деп мойындата алмаған жалған кәсіпорындар мен олардың серіктестеріне толық төленбеген салықтары бойынша үстеме есептеу нормаларын 115 және 257-баптардан алып тастау туралы айтылды.
«Өткен жылы Кәсіпкерлік кодексі қабылданғаннан кейін, салықтарды басқа адамдарға ауыстыру тәжірибесі аталмыш Кәсіпкерлік кодексінің 14-бабының 4-тармағына енгізілген «кәсіпкердің адалдық презумпциясы» деп аталатын қағидатына ғана қарама-қайшы емес, мүлдем санаға сиымсыз. Бұл «Кәсіпкерлік субъектілер ұсынған нақты деректерді қарастыратын сот немесе мемлекеттік органдардың кері дәлелдеулері мен дәйектері туралы шешімі шықпайынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес және сенімді болып есептеледі» деп атап өтті парламенттік фракция жетекшісі.
Соған қарамастан, жалған кәсіпорындар мен салық мәмілелері бойынша үстеме есептеу адал кәсіпкерлердің ұсыныстары мен дәлелдеріне қарамай, ал көбінесе – тіпті, олардың келісімі мен қатысуынсыз сырттай іске асырылуда.
«Басқасын айтпаған күннің өзінде, жақында бізге өтініш жасаған еліміздегі индустрия алыптарының бірі Алматы ауыр машина жасау зауытының өзі осындай миллиондаған үстеме есептеулердің салдарынан экономикалық есеңгіреуге түскендерін айтады. Ал бізге осыған ұқсас ондаған арыздар келіп түсіп жатады. Сондықтан «Ақ жол» фракциясы осы мәселені қарап, оң шешімін табуды талап етеді» деді Азат Перуашев. Кәсіпкерлікке кедергі келтіретін кейбір баптар болғандықтан «Ақ жол» партиясының депутаттары бұл заң жобасын бірінші оқылымында оны қолдаудан бас тартты.
«Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі
qazaquni.kz