Маңғыстау облысында жаңа көпсалалы клиника ашылды
2015 ж. 01 қазан
1855
0
Бүгін Ақтау қаласында “Бизнестің жол картасы-2020” мемлекеттік бағдарламасы аясында және “Даму” кәсіпкерлікті қолдау қоры” АҚ-ның қолдауымен жаңа “СОФИМЕДГРУП” ЖШС көпсалалы клиникасы ашылды.
- Аталмыш клиника облыс тұрғындарының көпшілік ауымына жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсете отырып, кепілденген көлемде тегін медициналық көмек көрсету аясында жұмыс істейтін болады. Осылайша, клиника ұжымы біздің аймақ тұрғындары денсаулығының негізгі көрсеткіштерін жақсартуға айрықша үлес қосады. Денсаулық сақтаудың мұндай нысаны Батыс аймақтың ғана емес, сонымен қатар елдің басқа да аймақтарынан тұрғындарды тарта отырып, біздің облыстағы медициналық туризмді дамытуға септігін тигізері сөзсіз, - деп атап көрсетті Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев.
55 орынға есептелген денсаулық сақтаудың жаңа жеке меншік нысаны «ЭНЕРГОПРОЕКТ ВЫСОКОГРАДНЯ» сербия компаниясының халықаралық стандарты бойынша салынды. Құрылыс 2013 жылы басталған болатын. Ғимараттың аумағы шамамен 11 мың шаршы метрді құрайды. Заманауи клиникалық-диагностикалық зертхана қарастырылған. Қолданылатын медициналық технологиялар кез келген деңгейдегі күрделі диагностикалық процедураларды орындауға және ауруды клиникалық белгілері айқындалғанша бастапқы кезінде анықтауға мүмкіндік береді.
Клиника көптеген жалпы және шағын салалы медициналық бағыттары бойынша заманауи аспаптармен жабдықталған, бұл жоғары білікті шетелдік дәрігерлермен қоса алғанда емделу мен қалпына келу процедураларының мейілінше жоғары тиімділігіне кепілдік береді. Стоматологиялық департамент әртүрлі терапевттік, хирургиялық, ортодонтикалық және ортопедиялық процедураларды жүргізуге арналған бірегей аспаптармен жабдықталған.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз хабаршысы