"Маңғыстау киіз үйі" жұртшылықты тәнті етті
2015 ж. 16 қыркүйек
3485
1
Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Астана қаласында өткен мерекелік шараға Маңғыстау облысы «Маңғыстау киіз үйі» атты көрмесін ұсынған болатын.
Маңғыстау облысының мәдени мұрасын айқындайтын, үш киіз үйден құралған, «Маңғыстау киіз үйі» атты этно ауыл шараға жиылған жұртшылықты тәнті етті.
Қазақ мәдениеті – бұл ұлы дала көшпенділерінің мәдениеті. Маңғыстау түбегін мекендейтін адай руының қазақтары отарларын қыстаудан жайлауға айдай жүріп, ертеден көшпенді өмір кешті. Табиғатпен біте қайнаса тіршілік еткен халық дүниені танудың аса нәзік те терең, таңғажайып ұғымдарын ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, қалыптастыра білді, бұл Маңғыстау қазақтарының ұлттық тұрмыстық мәдениетінде тамаша көрініс тапқан.
ХХ ғасырда байтақ қазақ жерін мекендеген жергілікті халықтың өмір салты күрт өзгерді. Алайда көшпенділіктен ажырағанына көп бола қоймаған, әсіресе Маңғыстау өңірі, өзінің географиялық ерекшелігі мен шөл даланың табиғи-климаттық жағдайларына байланысты көшпенділер мәдениетінің көптеген жетістіктерін сақтап қалды, олардың арасында көшпенділер өркениетінің өнер туындысы – киіз үй ерекше атап айтуға тұрарлық.
Орталық 12 қанатты қонақ күтетін киіз үйде көрмеге келушілер қазақтардың жиналмалы, жылжымалы үйінің құрылымымен, ішкі жиһаздарымен таныса алды, сонымен бірге шұбат, балқаймақ, құрт, ірімшік сынды маңғыстаулық қазақы дастарханнан дәм татты. «Қара шаңырақ» және «Отау үй» аталатын екі 7 қанаттық киіз үйде Маңғыстау облысының тарихи-өлкетану мұражай қорының жәдігерлері назарға ұсынылған.
Қазіргіге ұқсас, классикалық үлгідегі киіз үй, ғалымдардың пайымдауынша, б.э. 1-ші мыңжылдығында пайда болған. Киіз үйдің ағаш сүйектеріне шаңырақ, кереге, уықтар, есік-сықырлауық жатады. Маңғыстауда киіз үй сүйегін дайындайтын шикізат болмағандықтан ағаш бөліктерін Қарақалпақстандағы Бесқаладан, яғни Нөкіс, Үргеніш, Ташауыз, Қоңырат және Хожелі қалаларынан тапсырыспен немесе сатып алатын болған. Ал сықырлауығы мен жиһаздарын жергілікті шеберлер – ағаш өңдеушілер жасаған.
Шаңырақ – қазақ үйінің символы, отбасылық жәдігер, ұрпақ жалғастығының нышаны. Ол мұра болып ұлдардың кішісіне беріліп отырады және оған бабалар рухының қуаты мен жебеуші күші сіңген.
Әкенің үйі – қара шаңырақта қылыш, шоқпар, садақ, қорамсақ, найза, сауыт, ер-тоқым мен қамшы сияқты жәдігерлер орналасқан. Қазақтың ұлттық музыкалық аспабы домбыра және аңшының олжасы – қасқыр терісі де ерекше орын алады. Киіз үй маңғыстаулық шеберлердің қолынан шыққан бұйым үлгілерімен – бірегей өрнекті тұскиіздер, түксіз алашалар, оның түрлері – алатеру мен жүзтеру, заттарды сақтауға және алып жүруге ыңғайлы, төртбұрыш формасындағы түкті және түксіз тоқылған, көркем өрнектелген, оң жағы белгіленген қоржын және қабырғаға ілетін керме, ағаш және теріден жасалған торсық, шайсандықтармен өрнектелген.
Қазақ отбасының дәстүрлі құқығы бойынша ұлдар үйленген соң әкесінен еншіге байлығының бір бөлігі мен киіз үй алып, бөлек шығады. Мұндай ұл бұдан былай өз шаңырағының иесі болып саналады. Отау үй – жас жұбайлардың киіз үйі.
«Отау үй» көрмесінің қойылымы Маңғыстау облысының тарихи-өлкетану мұражай қорынан жасақталған қазақтың ұлттық зергерлік бұйымдарымен жасақталған. Көрме үш планшетте: бойжеткеннің зергерлік әшекейлері, қалыңдықтың бұйымдары, тұрмыстағы әйелдің әшекейлері болып орналасқан. Киіз үйді ұлттық ою-өрнектермен тігілген, жас жұбайларға арналған шымылдық бөліп тұрды. Киіз үй интерьері дәстүрлі жиһаздармен: үй заттарын сақтауға және тасымалдауға арналған сандықтар, сандыққа және төсек-орынға арналған жүкаяқ, ыдыс-аяқ пен азық-түлік сақтауға арналған кебежелер және т.б. толықтырылған.
Сонымен қатар, Маңғыстау облысының павильонында ұстахананың көрінісі ұсынылды. Қазақтың ұлттық ұсталық өнерінің құпияларын меңгеріп, дәстүрін жалғап жүрген зергер Сағидолла Оразов, тері, ағаш, сүйек және тас өңдеудің шебері Ермұханбет Әлиев, ағаш өңдеу шебері Еламан Бекенов өнер туындысын жасау процесін көрсетіп, әңгімелеп берді.
Ал әйел адамдардың қолөнер шеберлігін Әуес Сағынаева, Шархат Төлемісова, Бақтылы Бопанаева сияқты шеберлердің ісінен байқауға болады. Олар жүннен киіз және киіз бұйымдар жасап, жүн жіптерден өрмек, сырғалақтарда көркем, түкті және түксіз, жіңішке, орташа және жалпақ таңғыштар, баулар, ақ және қызыл басқұрлар тоқыды. Дәл осы жерде қонақтар даланың қамысы мен жүн жіптен ғажап әдемі шымшилердің жасалу жолдарын тамашалады. Ұнаған бұйымды шеберлердің қолынан шыққан бұйымдардың көрме-жәрмеңкесі кезінде сатып алуға мүмкіндік болды.
Қазақстан 2014 жылы ЮНЕСКО-ның номинациясын жеңіп алып (Қырғызстанмен бірге), киіз үй жабдықтарын жасау шеберлігі Дүниежүзілік материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енді.
Маңғыстаулық киіз үй 19 ғасырдағыдай салтанатты-көркем жасақталған күйінде осы күнге жетіп отыр. Киіз үйдің сықырлауығынан бастап шаңыраққа дейінгі әрбір деталі бірегей шеберлік туындылары. Осынау сансыз көп элементтер біріге келіп, біртұтас өнер туындысына айнала отырып, бір бүтінді құрайды.
Маңғыстау облысының әртістері мен өнерпаздары осы үш күн ішінде Тәрбие Айдынбаеваның дизайнерлігімен дайындалған ХІХ ғасырдағы Маңғыстау қазақтарының ұлттық киімдерін киіп, концерттік және хореографиялық бағдарламамен «Қазақ ұлттық костюмінің тарихы арқылы ұлттың тарихы» атты шоу-көрсетілімге қатысты.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі