«КАСПИЙ» ӘЛЕУМЕТТІК- КӘСІПКЕРЛІК КОРПОРАЦИЯСЫ ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ
2015 ж. 20 тамыз
4245
0
Жақында облыс әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында ақтаулық журналистер «Каспий» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Ибрагим Тағашевті тыңдады. Еске сала кетсек, «Каспий» ӘКК Маңғыстау өңірі экономикасын дамытады, соның ішінде кәсіпкерліктің кең қанат жаюына серпін беріп, бұрынғыларды жаңғыртып, инвестициялар мен инновациялар тарту, жаңа тиімді өндірістерге жол ашу арқылы мемлекеттік бағдарламаларды сәтті жүзеге асырады деген мақсатпен құрылған.Тағашев мырза корпорацияның қазіргі хал ахуалы, әртүрлі салаларда жұмыс істеп тұрған өздеріне қарасты еншілес және тәуелді кәсіпорындардың қызметі, алдағы жоба-жоспарлары туралы слайд арқылы көрсетіп, жан-жақты баяндап беруге жарты сағат уақытын сарп етті.Ел Президентінің Жарлығымен 2007 жылы құрылып, кейінгі жылдары Үкіметтің арнайы қаулысымен концепциясы бекітіліп, қызметі мен даму келешегін айқындап алған корпорацияның негізгі мақсат-міндеттері – ауыл шаруашылығының дамуын қолдау және оны ынталандыру, өндірістің және қайта құрылған тиімсіз ұйымдардың негізінде құрылған өндірістердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, компанияның қорында бар және оған берілген активтер негізінде тиімді және талапқа сай өндіріс құрылымдарын ашу. Қазірге дейін «Каспий» ӘКК-нің қатысуымен сәтті жүзеге асқан ірі жобалардың қатарынан цемент, битум және ауызсу өндіретін зауыттарды атап айтуға болады. Сондай-ақ мал өсірумен айналысатын «Қарағантүбек» шаруашылығының ертеңінен де үміт бар. Реті келгенде айта кетелік, биылғы жылдан бастап шаруашылық 1200 бас қойды Үстіртке жаз жайылымға шығарып бағу әдісіне көшіпті. Бұл, әрине, арада үзіліп қалған бұрыннан бар тиімді үрдісті жалғастырудың дұрыс жолы. Алдағы уақытта малды асылдандыру мақсатында еділбай тұқымды қой өсіру жоспарланып отырғаны да айтылды. Кешегі мен бүгіні бөлек... 2007 жылдан 2013 жылға дейінгі алты жылда 6 Басқарма төрағасы ауысқан компания бастапқы кезден-ақ ауыртпалықтарға тап келіп, біраз кемшіліктерге жол берілді. Жасыратын несі бар, бұл құрылымының бұдан бұрын планшетниктер мен теледидарлар шығарамыз деп бүкіл байтаққа жариялап, артынан көзбояушылық әрекеттері анықталып, елді шулатқан қылмысты оқиғалармен байланысты аты шыққанын біз айтпасақ та жұрт біледі. Бірақ, ол – өткеннің ісі, бүгінде басшысы да, бағыты да өзгерді. Корпорацияның жаңа басшылығы шығынды барынша азайтып, табысты молайту мақсатында жаңа инвестжобаларды жылдық 6 пайыздық өсіммен несиелендіру, қолда бар активтерді іске асырудан түскен қаражатты жаңа жобаларға бағыттау, ӘКК-нің айқын дивидендтік саясатын енгізу сияқты жаңашыл әдістер қолдану арқылы жағдайды жақсартуға күш салуда екен. Қолда бар активтерді тиімді басқару, оларды қайта құрылымдау іс-шаралары бойынша бірқатар еншілес және тәуелді кәсіпорындарды 2014 – 2016 жылдарда бәсекелестік ортаға беру үшін жекешелендіру көзделіп, оларды ашық та жария түрде өткізу үшін электрондық сауда алаңдары арқылы сату ұйымдастырылуда. Осы бағытта ӘКК Аймақтық кәсіпкерлер палатасымен өзара тығыз байланыста жұмыс жүргізуде. Ашылған кезде корпорациялық басқару құрылымы құрамында 9 еншілес және 14 тәуелді компанияларымен қоса барлығы 23 кәсіпорын болса, олардың бірқатарын құрамнан шығару, басқа құрылымдар балансына өткізу арқылы енді тек төрт еншілес компания қалдырылмақшы. Олар: «Каспий» су тұшыту зауыты» ЖШС, «Каспий Берекет» ЖШС, «Қарағантүбек» ЖШС және «Caspiy Build» ЖШС. Алдымен – азық-түлік... Аймақтағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрғындарды әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерімен жабдықтау мақсатында 2014 жылы облыстық бюджеттен 300,0 млн. теңге, 2015 жылдың ақпанында 200,0 млн. теңге бөлінген. Бұл бағдарламаны жүзеге асырып отырған «Каспий Берекет» ЖШС тек қана қазақстандық тауар өндірушілермен келісім-шарттар жасасуды жолға қойыпты. Дегенмен, сол серіктестіктің қажеттілігін өтеу үшін талапқа сай қоймалары, тоңазытқышы бар азық-түлік базасын салу, автокөліктерін жаңарту, сауда нүктелерін тиімді жолмен кеңейту сияқты шешімін күткен мәселелер әлі алда тұр... 2014 жылдың басында облыс әкімінің тапсырмасы бойынша «Каспий» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ жергілікті ауылшаруашылық тауарларын өндірушілердің етімен мұнай компанияларын жабдықтау жобасын жүзеге асыруды қолға алды. Соның нәтижесінде 2014 жылы мұнай компанияларына ӘКК жаңадан сойылған қой, түйе, жылқы еті аралас барлығы 143,3 тонна болатын 186,5 млн. теңгенің өнімін өткізді. Мұндай жобаны іске асыру өз кезегінде ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту арқылы олардың тұрмысын түзету, мал өнімдерін өндіру ісін ынталандыру мәселелерін шешуге оң ықпалын тигізді. Биылғы 2015 жылы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-мен 200 тонна ет жеткізу жөнінде меморандумға қол қойылған. Қазіргі уақытқа дейін мұнайшыларға 23 тонна ет өткізіліпті. «Каспий» су тұшыту зауытын қайта жарақтау – 2004 жылы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қайтарымды осмос технологиясы бойынша ауызсу өндіретін зауыт салды. Іске қосылғаннан бастап жұмысы ақсап, өз қажетін өтеуге ғана жетер-жетпес аз көлемде су шығарған зауыт жұмысы ақыры тоқтап тынды. Ақтау қаласы тұрғындарына ауызсу жеткізу бірқатар техникалық және технологиялық себептермен іске аспай қалды. 2011 жылы «ММГ» АҚ жұмыс істемей тұрған зауытты басыбайлы облыс әкімдігіне беріп, олар нысанды Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның жарғылық капиталына өткізді. Мамандарымыз зауыт жабдықтарының техникалық жағдайына сараптама жасай келіп, қажетті жөндеу жұмыстарының ауқымын анықтады. Зауытты қайта жарақтау бойынша халықаралық компаниялардың техникалық-экономикалық ұсыныстарына зерттеу жасалды. Олардың арасында зауытты күрделі жөндеуден өткізуден бастап оны түбегейлі бұзып, жаңасын салу туралы ұсыныстар да болды. Жасалатын жұмыстардың құны шамамен 1,7-ден 3,8 млрд. теңгеге дейінгі соманы құрады. Тыңғылықты жүргізілген сараптамалық жұмыстар қорытындысында облыс әкімі мен ӘКК барынша аз шығынмен әрі қысқа мерзімде зауытты қайта жарақтау және күрделі жөндеуден өткізу жөнінде шешім қабылдады. 2014 жылдың басынан ӘКК тиісті жөндеу жұмыстарын жүргізуге жетерлік 50 млн. теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетіп, 2014 жылдың 28 мамырында, арада он жыл өткенде, тәулігіне 4,5 мың текшеметр су шығаратын зауытты іске қосуға, сол арқылы Мұнайлы ауданының Басқұдық, Қызылтөбе, Маңғыстау ауылдарына ауызсу беруге қол жеткізілді. 2020 жылға дейінгі Маңғыстау облысын сумен жабдықтауды дамыту Концепциясы мәліметтері бойынша 2011 жылы Мұнайлы ауданында әр адамның шаруашылық-тұрмыстық қажеттілігі үшін тұтынатын су мөлшері тәулігіне 16 литрді құраса, зауыт іске қосылғаннан кейін ол көрсеткіш тәулігіне 35 литрге дейін өсті. Жағдаймен зауыттың өзінде болып жан-жақты танысқан облыс әкімі кәсіпорынды модернизациялау арқылы оның қуатын өсіруді кезең-кезеңімен іске асырып, 2016 жылдың аяғына дейін тәулігіне 32 мың текшеметр су шығаратын деңгейге көтеруді тапсырды. Сол мақсатта 145 млн. теңгелік қаржы-экономикалық негіздеме жасалып, сол қаражатқа 5 сутұшытқыш қондырғылардың мембраналарын ауыстырып, нәтижесінде судың шығымдылығын 12 мың текшеметрге дейін арттыруға және қосымша өндірілген сумен Мұнайлы ауданының Атамекен, Батыр ауылдарын, Қарақия ауданының Құрық ауылын, сондай-ақ қанатқақты жоба ретінде қолға алынған агроөнеркәсіптік кешеннің 8 га жерін сумен жабдықтауға мүмкіндік туды, - деді И.Тағашев. Тұрғын үй құрылысына қатысты Ол жаңа шағынаудандағы күрмеуі көп мәселе туғызған көпқабатты тұрғын үй құрылысына қатысты да тоқталып өтті. – 2012 жылдың желтоқсан айында Ақтау қаласының жаңа «Аққу» шағынауданындағы құрылыс жұмыстары нысандағы жабын плиталардың майысуы себепті тоқтатылғаны белгілі. «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» мамандары толық зерттеу жұмыстарын жүргізіп, арнайы жасақталған «Күшейту жобасы» мемлекеттік сараптамадан оң бағасын алды. Тұрғын үйлердің мықтылығын бекіту құны – 493 млн. теңге болды. Жобалау институтының ұйғарымы бойынша артық салмақ түсірмес үшін құрылыс нысанын осыған дейін нақты жасалған күйінде аяқтау (қысқартылған нұсқа) қажет болды. Қазіргі кезде үйлерді нықтау бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде,- деді И.Тағашев. – Нысан құрылымының өзгеруіне байланысты қосымша қаржыландыру және құрылыс жұмыстары аяқталған соң облыс әкімдігіне «Корпорация «МАГ» ЖШС-мен техникалық мәселелерді шешуі керек. Бұйырса, жаңа пәтерлерді бюджеттік және әлеуметтік сала қызметкерлеріне беру көзделіпті. Көкөніс қоймаларын салу жобасы Бүгінге дейін Маңғыстау облысында техникалық жағынан арнайы жабдықталып салынған көкөніс сақтау қоймаларының болмауы маусымаралық кезеңде көкөністерді сақтауда қиындықтар туғызып келді. Өңір үшін аса маңызды осы мәселеге Елбасы да назар аударғаны белгілі. Сонымен байланысты ӘКК ағымдағы уақытта Ақтаудан үш көкөніс сақтау қоймасын салу бойынша жобаларды қарастыруда. Инвесторлармен бірлікте Ақтаудан қуаты 4250 және 5000 тонналық көкөніс қоймасын салу жобасы бойынша экономикалық қорытындысы мақұлданып, конкурс жарияланған. Аймақ тұрғындары тұтынатын азық-түліктің 80%-ы сырттан әкелінеді. Соның ішінде көкөніс тапшылығын азайту мақсатында Ақтаудан 3 гектар аумаққа жылыжай кешенін салу бойынша инвестициялық ұсынысқа қатысты оң экономикалық қорытындысы алынған. Ондай жобаларды біріккен кәсіпорындар құру және инвестор тарапынан салынатын қаржыға лизингтің жаңа механизмін қолдану арқылы іске асыру көзделуде. Бұл бюджет қаражатын мақсатты және қайтарымды түрде пайдалануды қамтамасыз етеді, сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерліктің дамуына да септігін тигізбекші. Аграрлық аймақ құру Мемлекет басшысының Маңғыстау облысындағы агроөнеркәсіптік кешенді қолға алу жөніндегі тапсырмасы бойынша «Каспий» ӘКК» ҰК» АҚ облыс әкімдігінің қолдауымен аграрлы аймақ құру бойынша қанатқақты жобаны бастады. Жобаны жүзеге асыру үшін ашық далалықтағы 8 гектар алқапқа заманауи аграрлық технологиялар мен тамшылата суару жүйесін қолдана отырып бастапқыда томат (2 га), болгар бұрышын (2 га) және капуста (4 га) өсіру жоспарланған. Аграрлық аймақ құру сырттан көкөніс тасу үлесін азайтып, көкөніс пісетін мезгілде базарды жергілікті өнімдермен толықтыруға және оларды қолжетімді бағамен «Каспий – Берекет» ЖШС сауда нүктелері арқылы өткізуге мүмкіндік береді. 12.08.2015ж. дейінгі мәлімет бойынша аталмыш жаңа алқаптан 16,3 тонна томат, 16,6 тонна болгар бұрышы жиналған. Жалпы жылдық жоспарда 65 тонна томат-помидор, 35 тонна болгар бұрышын, 200 тонна капуста өсіру көзделуде. Сол жұмыстарды атқаратын 34 адам жаңа жұмыс орнымен қамтылды. – Көкөніс өсірудің оң нәтижесін ескере отырып ӘКК егістік аумағын кезең-кезеңімен 32 гектарға дейін кеңейтуді жоспарлап отыр. Әрине, аграрлық жұмыстарды жақсы жолға қою қарайған еңбек ресурсын, инфрақұрылыммен, сумен жабдықтауды қажет ететінін түсінеміз. Сондай мәселелерді оңтайлы шешу үшін ӘКК облыстағы кәсіпкерлерге отбасылық әдіс бойынша бизнес жүргізуді ұсынуды көздеуде. Жазғы мезгілде тұрғындарды ауызсумен қамтуда тапшылық орын алатынын ескеріп, аграрлық аймақты сумен жабдықтау үшін сыйымдылығы 60 мың текшеметр болатын су жинайтын тоған құрылысын салу жоспарлануда. Бұл жоба 200 гектарлық агроиндустриалдық аймақ құрудың құрамдас бөлігі болмақшы. Сол жобаны іске асыру арқылы бизнестің белсенді дамуын ынталандыру, жергілікті жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері көлемін ұлғайту мақсат етілген. Баспасөз мәслихатында басшының аузынан біраз мағлұматтар алған журналистер өздерін қызықтырған түрлі сауалдарға жауаптар алды. Ақпарат көзі: Мangmedia.kz. |