«Ақ жол»: Мұнайды өндіруден, өңдеуге бет бұру керек
2023 ж. 18 қаңтар
28561
1
Мұнайды өндіруден, өңдеуге бет бұру керек. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Ақ жол» фракциясының осыған қатысты депутаттық сауалын Серік Ерубаев жариялады.
ҚР Энергетика министрі
Б.Ақшолақовқа
Қазақстан экономикасы мұнай-газ саласына тым тәуелді екендігі жасырын емес. Мемлекет бюджеттің 44 пайызына жуығы осы саланың үлесінде. Бірақ-та, өкінішке орай бүгінгі күні өндірілетін мұнайдың 80 пайызы шикі мұнай түрінде экспортқа шығарылады.
Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша 2021 жылы мұнай өндіру көлемі 85,7 млн тонна, оның 67,6 млн тоннасы экспортқа шығарылып, тек 17,1 млн тоннасы ғана өзімізде өңделді.
Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауында «Ұзаққа созылған мұнай дәуірі аяқталған сияқты. Әлемдік нарықтың мүлде жаңа ахуалына дайын болу керек. Əртараптандырылған және технологияға негізделген экономика құру – жай қажеттілік қана емес. Біз үшін бұдан басқа жол жоқ» деп атап өткен болатын. Сондықтан, біртіндеп шикі мұнайды шетелге сатудан, оны өңдеуге көшетін уақыт келді.
Жыл сайын, дәл егін егу немесе астық жинау маусымдарында дизель жетіспейтіндігі жасырын емес. Бұл құбылыс туралы көптеген талқылаулар болды. Мұнай өңдеу қуаттарының тапшылығы осының түпкілікті себебі екендігі анықталып отыр. Қазақстандағы ірі үш мұнай өңдеу зауыттары негізінен жоғары октанды бензин өндірісіне бағытталған. Ал, еліміздің экономикамыздың күрен тамыры болып саналатын дизель отынының өндірісі сол деңгейде қалды.
Елімізді жанармаймен қамтамасыз ету мәселесін, Қазақстандық үш ірі зауыттарды жаңғырту да шеше алмады. Сонымен қатар, өткен жылдың тамыз айында апат салдарынан Атырау зауыты тоқтатылды, содан кейін техникалық себептермен Шымкент зауыты да тоқтады.
Ғажайып болған жоқ: дефицит одан әрі күшейді.
2021 жылы дизель отынының жетіспеушілігін жабу үшін, жоғары бағамен 450 мың тоннадан астам дизель импортталғанын ескеру қажет.
Алайда, елімізде алпауыт үш мұнай өңдеу зауытынан басқа, жылына 6,5 млн. тонна шикізат өңдей алатын отыздан астам аз көлемде мұнай өңдеу зауыттары бар. Бірақ бұл кәсіпорындар түрлі себептермен еліміздің экономикасына толыққанды жұмыс жасамауда.
Әрине, бұл зауыттар әзірше сапасы жоғарғы октанды жанармай шығара алмайды. Бірақ, олардың өндірісі қара түсті мұнай өнімдерін: атап айтқанда бізде тапшы болып отырған дизель отыны, мазут, битум шығаруға жарайды.
Битумды атап өтсек, тіпті бұл мәселе Мемлекет басшысының соңғы жолдауына да еніп үлгерген. Жол битумы бойынша өткен жылы «Ақ Жол» фракциясы бөлек сауал жолдаған болатын.
Жоғарыда аталған мәселеге байланысты, «Ақ Жол» фракциясы:
1. Мұнай газ өндіруге бағытталған мемлекет ресурстарын азайтып, оларды қазба байлықтарды өңдеуге бағыттауды;
2. Қазақстан Республикасында мұнайды шикізат түрінде экспортауды және мұнай өнімдерінің тапшылығын азайту мақсатында, мемлекет тарапынан шағын мұнай өндейтін зауыттарының өнім сапасы мен көлемін ұлғайту әрекеттеріне жан жақты қолдау көрсетіп, толығымен пайдалануды ұсынады.
Құрметпен,
«Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары