БАНК ЖҮЙЕСІНЕ ТҮБЕГЕЙЛІ РЕФОРМА ҚАЖЕТ
2021 ж. 23 қыркүйек
4988
3
Күні кеше ғана Алматы қаласында болған атыстан бес адамның өмірі қиылып, қала тұрғындарын дүр сілкіндірді. Бес отбасы қара жамылып, қайғыға батты. Оқыстан қаза тапқандардың соңында жетім балалары мен жесірлері, туған-туысқандары жылап қалды. Әрине, бес адамды атып өлтірген қаскөй заң бойынша міндетті түрде қатаң жазасын алуы керек. Бұл оқиғаның салдары, ал оның себебін саралап, түбіне үңілсек, «Даудың басы - Дайрабайдың көк сиыры» демекші бәрі де банктен алған несиеден басталғаны белгілі болып отыр. Банктың тойымсыздығы осы қайғылы оқиғаға жеткізгенін байқауға болады. Бұл бірінші рет орын алып отырған жағдай емес...
Осы қайғылы оқиғаға байланысты “Ақ жол» фракциясы ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Ә. Смаилов пен ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы М. Әбілқасымоваға депутаттық сауал жолдады. Онда банктер қарызын төлей алмаған адамның мүлкін тәркілеген кезде бағалау құнын кемітпеуі тиіс екендігі туралы нақты айтылды.
Еліміз егемендік алып, бәрімізді байлы-бақуатты етеді, нарық халықты қарық қылады деген капитализмнің қамытын кигенімізге де міне отыз жыл болып қалыпты. Отыз жылда халықты қарық қылған капитализмді көрмесек те, бір жүйеден екіншісіне ауысатын өтпелі кезеңді, өліараны епті пайдаланған, елдің байлығын жекешелендіріп алған ат төбеліндей пысықайларды есепсіз пайдаға батырғаны анық. Кеше ғана қалтасындағы тиынын санап, көпшілік қатарлы қарапайым ғана тірлік кешіп жүргендер билік пен оның басында отырған тамыр-таныстары, туыстары арқасында санаулы ғана жылдарда долларлық миллионерлер мен миллиардерлер атанып шыға келді. Халықтың арқасында тапқан қаржысын өз мемлекетін дамытуға емес, шетелдік банктерге тығып, өзге елдің өркендеуіне үлес қосып жатыр. Халықтың ортасынан шыққан сол байларымыздың иелігінде де банктер жоқ емес.
Әлемдегі тәжірибеде экономика салаларын қаржыландыру банк жүйесіне берілген. Демек қаржы саласы шешуші рөл атқарады деген сөз. Қазақстан Республикасының Ұлттық банкінен басқа, біздің елде жұмыс істейтін барлық банктер - екінші деңгейдегі қаржылық ұйымдар. 1995 жылдың 31 тамызындағы №2443 «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк әрекеттері туралы» Заңы сол екінші деңгейлі банктердің негізгі ережесі болып есептеледі. Осы заңға сәйкес, Қазақстандағы екінші деңгейлік банк жеке меншіктен тәуелсіз коммерциялық әрекетті жүзеге асырушы заңды тұлға ретінде танылады, оның қызметінің негізгі мақсаты - пайда табу болмақ. Бұл қаржылық ұйымдар Қазақстанның аумағында, сол сияқты оның шекарасынан тыс жерлерде өздерінің еншілес банктерін, филиалдары мен өкілдіктерін ашуға құқылы. Бұл банк туралы ресми анықтама.
Соңғы деректер бойыншы жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен банктердің қазіргі ұзын саны 24 екен. Бұл бір кездерде банкротқа ұшырап, амалсыз жабылғандары мен бірігіп іріленгендерді есептемегенде. Экономикасы әлсіз, халқының саны аз және тұрғындарының сатып алу мүмкіндігі шектеулі елге осыншама банктің қажеті қанша? Көпшіліктің көкейіндегі бұл сұраққа биліктегілердің айтар уәжі дайын, банктер көп болса өзара бәсеке орнайды, олардың қызметінің сапасы артады дейді. Бұл уәждеріне алғашқы жылдары жұрт иланғанмен, дәп қазір ешкім сенбейді. Банк арасындағы бәсекеден олардың қызметі артып, несиенің пайыздық
мөлшерлемелерінің төмен түскені шамалы. Президент пен Үкімет араласып, тәубесіне келтіріп, тізгіндерін тартқанда ғана тәбеттерін сәл тиғанмен, арандары ашылып кеткен. Халықтың мүмкіндігімен, нақты жағдайымен олар ешқашан санасқан емес. Несие қарыздарын өтей алмағандарды коллекторларды жіберіп, тура мағынасында жандарын шығарады. Соның салдарынан қаншама адам кепілдікке қойған басындағы жалғыз баспанасынан айырылып, қаншама адам өздеріне қол жұмсап өмірмен қоштасты. Алматыдағы оқиға да соны көрсетеді.Бұдан біз адамдардың тағдыры банкке маса шаққан құрлы әсер етпейтінін, оларға тек қана пайда табу керектігін байқаймыз.
Осы өткен жылдарда банк тарапынан заң бұзушылықтар аз болған жоқ. Жақында ғана Бас прокуратура банктер несие алған клиенттердің ақшасын негізсіз, рұқсат етілген мөлшерден жоғары шешіп алып отырғанын жариялады. Заң бойынша, адамның жалақысы немесе зейнетақысынан 50 пайыздан артық өндіріп алуға болмайды. Бас прокуратура мұндай әрекеттерді Kaspi Bank, «Еуразиялық банк», «Халық банк» пен «Хоум Кредит энд Финанс банкінен» анықтаған. Осындай жайттар Ақтөбе, Қарағанды, Жамбыл, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында орын алған. Осы заңсыздықтың кесірінен қарыз алушылар жалғыз табыс көзінен айырылып, күнкөрісі қиындаған. Сондықтан Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің талабы бойынша, енді банктер мен сот орындаушылары артық төленген қаражатты бес жұмыс күні ішінде қайтаруға тиісті.
Барлық банк атаулы адамдардың ақшасының арқасында мол пайда тауып отырғаны белгілі. Біріншіден, салымшылардың қаржысын үстінен пайыз қосып қарызға беріп ақша жасайды. Турасын айтсақ, біздегі қаптап кеткен қатардағы делдалдардың бірі. Екіншіден, жоғары пайызды несиесін өтей алмағандарға айыппұл салып, кепілдікке қойған баспана немесе өзге де құнды мүліктерін арзан бағалап, тартып алады. Оны аукционға қойып сату арқылы да пайда көреді. Міне біздің банктің халыққа көрсетіп отырған «қызметі» осындай. Біреулер айтуы мүмкін, олай болса несие алмай банктен аулақ жүр деп. Бұл қалтасы қалыңдардың әңгімесі. Жұрт жетіскеннен несие алып жатқан жоқ. Тұрақты жұмысы жоқ, бар болса да жалақысы мардымсыз адамдардың басқа барар жері жоқ. Амалсыз қарызға кіруіне тура келеді. Бізде 5 миллионға жуық адамның несиесі болса, оны 1 млн. 200 мыңға жуығы қарызын төлей алмай жүр.
Біздің банктер жеке адамдардың қолында екені белгілі. Жай адамдардың емес, қалтасы қалың тым жоғарыда отырғандардың. Ал банк туралы деректерді ашып қарасаңыз олардың ешқайсысының аты аталмайды. Атқарушы директорлар мен банк кеңесінің төрағасы мен мүшелері ғана көрсетілген. Мынау банктің шынайы иесі деп дәлелдеп бере алмайсыз, бәрі құпияланған. Тек қана бірінің жолын бірі кескенде, өзара айқасқанда ғана құпиялары ашылады. (М. Әблязов «БТА», Ә. Жақсыбеков»Цеснабанк»). Қазір екеуін де мықты банктер «жеп» қойды. Банктердің қандай жолмен қаншалықты пайда тауып жатқанын да анық ешкім айта алмайды. Білетініміз «тиімді несие» алуға шақырған жарнамалар ғана.
Жекеменншік болғанмен халыққа лайықты қызмет көрсетіп, ел экономикасының дамуына нақты үлес қосып жатса әңгіме басқа. Естеріңізде болса, елдегі өндірісті өркендетуге арналған қаржыны дұрыс ұйымдастыра алмай екінші деңгейдегі банктер Президенттен бірнеше рет есекерту алғаны соған дәлел. Одан қалды қаржыны несиеге қалай болса солай таратып, оны қайтара алмай тақырға отырғандары да ұмытыла қойған жоқ. Амал жоқ, бұдан кейін бұл банктерге мемлекет тарапынан бірнеше рет триллиондап қомақты қаржы құйып, «сауықтыру» үшін көмек көрсетуге тура келген-ді. Ол ақшалар қайтарылды ма, қайтарылмады ол жағы да белгісіз. Әйтеуір мемлекет берген кепілдіктің арқасында миллиондаған салымшылар зардап шеккен жоқ. Зардап шеккен жоқ дегенімізбен банктерге құйылған мемлекеттік қаржы халықтікі емес пе? Олай болса бұл жерде де Үкімет банктерге халықтың қалтасына қол сұғуға жағдай жасап отыр деп айта аламыз. Шындап келгенде мемлекет жекеменшік банктерге көмектесуге міндетті емес, коммерциялық ұйым ретінде олар өз күндерін өздері көруге тиісті. Ондай банктердің бірнешеуі жабылғанмен мемлекеттің көмегімен көбісі сақталып аман қалды. Соған қарағанда сақталып қалғандардың шынайы иелері мықты болуы керек.
Ортадағы екінші деңгейлі банктердің қызметі түгелдей Ұлттық банктің бақылауында. Бұл дұрыс шешім! Егер бақылау болмаса біздің банктер несие мөлшерлемелерін аспаннан бір-ақ шығарары сөзсіз. Сондықтан Үкімет тарапынан тұрақты тежеу міндетті түрде керек. Бұл жерде біздің банктерге билік жиі айтатын «нарық заңының» құны бір тиын.
Ұлттық банк жақында базалық мөлшерлемені тағы көтерді. Шілденің аяғында ғана ол 0,25 пайыз өскен. Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитет тағы 0,25 пайызға көтеріп, сөйтіп енді 9 жарымға дейін өсірді. Бас банк сол арқылы инфляцияны түсіреміз дегенімен, білікті сарапшылар бұған күмәндана қарайды. Ұлттық банктің мәлімдеуінше, азық-түлік пен шикізатқа деген сұраныс әлемде артып келеді, біздің елде де тап солай. Тұтынушылық сұраныстың артуымен бірге, электр қуаты, газ мен жанармай бағасы да өсіп барады. Осыған орай елдегі инфляцияның орташа көрсеткіші 8,7 пайыз деңгейіне барды. Оның ішінде азық-түлік бағасының шарықтауы тамыз айының өзінде 11,4 пайызға дейін жеткен-ді. Ал базалық мөлшерлемені өсіру инфляция қарқынын бәсеңдетіп, келер жылы 4-6 пайыз аралығына түсіреді делінген Ұлттық банктің таратқан ресми мәлімдемесінде. Бұл баяғы Ұлттық банкті басқарған Марченконың «көріпкелдігін» еске түсіреді. Сынықтан басқаның бәрі жұғады демекші, өзі кетсе де «көріпкелдігін» әріптестерінің сүйегіне сіңіріп кеткен сияқты. Сарапшылар болса базалық мөлшерлемені көтеру бәрібір экономикаға кері әсерін тигізеді дейді. Өйткені банктер несие беру пайызын көтереді. Соңғы уақыттары жеке және заңды тұлғалардың несие алуы онсыз да азайып кеткен. Енді бұл сан одан сайын кеми түседі. Бір қарағанда банктердің өздері де зардап шегуі керек қой. Жоқ, банк үшін қам
жемеңіз, олар ешқашан ұтылмайды. Олардың ақша жасайтын жолдары жетерлік.
Елімізде кәсіпкерлікті, сол арқылы экономиканы дамытуға бағытталған нешетүрлі «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры, «Бәйтерек» холдингі деген сияқты мемлекеттік корпорациялар бар. Мемлекет оларға осы мақсатта миллиардтаған ақша құяды. Олар өз кезегінде кәсіпкерлерге бөлінетін кредитті субсидиялауға міндетті. Мәселен, сіз банктен 16 пайызбен несие алмақшысыз. «Дамудың» желісіне жүгінсеңіз, қор банктен алған несие үстеменің жартысын, яғни 8 пайызын төлеп береді, қалған 8 пайызын сіз банкке төлейсіз. Бұл жерде де банк екі жеп биге шығып тұр. «Дамудан» да ақша алады, сізден де қаржы өндіреді. Сонда үкімет банкті өздері ортаға делдалдыққа енгізіп отырған жоқ па? Соны олар білмей отыр ма? Білгенде қандай, банк иелерінің мықты екенін осыдан да көруге болады. Кәсіпкерлікке 100 миллионға дейін несие берілетінін ескерсек, бұл жерде банк жай ғана отырып алып қомақты пайда түсіреді.
Тағы бір табыс көзі – ипотека. Айталық, үйдің бағасы орташа алғанда 20 млн. теңге дейік. Егер сізге ипотеканы 20 жылға 20,5 пайызбен берсе, ай сайын 347 мың теңге төлеуіңіз керек. Ал 20 жылда сіз банкке 80 млн. теңгеге жуық ақша беріп, үйдің ақысына төрт есе көп ақша төлейсіз. Банктер «17 пайызбен кредит береміз» деп айқайлап жатады. Ал оның астына кішкентай әріптермен жылдық тиімділік есептеледі», деп ескерту жазады. Мұны көбісі түсінбейді. Сөйтіп шын мәнінде кредиттердің көлемі 17 емес, 20 пайыздан асып кетеді. Банктердің беретін келісімшартын қарасаңыз, «кредитті рәсімдеу ақысы» деп тұрады. Бұл да алдап ақша өндірудің амалы, банктің құйтырқы әдістері. Осыдан кейін «Мұндай банктердің қажеті қанша?» деген сұрақ туындауы орынды.
Осы нарық атты экономикаға бас сұғарда стратегиялық маңызы бар салалар мен нысандарды жекешелендіруге болмайды деген көпшіліктің ұсынысы айтылғаны белгілі. Оған жер, су, жердің қазба байлықтары, банк жүйесі, әуежайлар тағы басқа маңызды нысандар кіреді. Бірақ оны құлағына ілген билік болмады. «Өзімізде ақша жоқ, шетелдік инвестицияны тарту керек» деген желеумен қазба байлықтарымызды солардың басқаруына беріп жіберді. Өндірісті дамытамыз, жұмыс орындарын ашамыз деп ант-су ішкен үкімет бұрынғы қуатты зауыт-фабрикаларды сауда орындарына айналдырып жіберді. Мысалы Алматыда ондаған ірі зауыттардың қазір бірі жоқ. Бұрынғы мемлекеттік бір банктің орнына келген ондаған банктердің пайдасынан зияны көп халыққа. Сондықтан кейбір мамандар мемлекет қарамағындағы бір ғана банкті қалдыру қажеттігін айтады. Үкімет банк жүйесін өз қолына алса ондағылардың ниеті түзу, қолы таза болуы шарт. Өкінішке орай о жағы да сенімсіздеу. Біздегі тәжірибе көрсетіп отырғандай, бюджет ақшасын талан-таражға салып, жыл бойы ұсталып жатқан шенеуініктерге деген сенімін халық баяғыда жоғалтқан. Өз қарамағындағы, өздеріне тікелей бағынышты әкімдер, министрлер, банкирлер сияқты түрлі лауазымдыларға ие бола алмай отырған үкіметтен де үмітін үзген. Неге билік соншалықты бейшара болып қалды? Өйткені жең ұшынан жалғасқан жемқорлық жоғарыға
дейін жеткен. Бұлай демеске амал жоқ, қарамағында сот, прокуратура, полиция сияқты толып жатқан тағы да басқа күштік құрылымдары бола тұра қылмыспен күресе алмау соны көрсетеді. Ал өздерінің қолы таза болмаса олар кімге ақыл айтып, кімге жөн сілтемек? Біздегі қолда бар қазіргі заңды толық пайдалансақ жемқорлықтың өзін жеп жіберуге болар еді. Бірақ оған деген ниет жоқ. Ал ниет жоқ жерде нәтижелі іс те болмайтыны белгілі.
Зейнолла АБАЖАН