Салымдарды сақтандыру: сыйақының да шегі бар
2021 ж. 22 шілде
8810
0
Банк салымы несімен тартымды? Әрине, сыйақысымен. Ол жоғары болған сайын, адамдар сол банкке ақшасын сеніп тапсыруға бейім тұрады. Оның үстіне Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (Қор) банктерге ай сайын теңгелік салымдардың ең жоғары сыйақы мөлшерлемелерін ұсынып отырады. Көп адам мұны: «Банктер Қордың ұсынысын бұлжытпай орындаулары керек» деп түсінеді. Жоқ, олай емес. Бұл тек ұсыныс қана. Бағыт-бағдар ретінде берілген ақпарат. Әрбір банк Қордың ұсынысын ескере отырып, салымдар бойынша сыйақы мөлшерлемелерін өзінің депозиттік саясатына, тәуекелдерді бағалау жүйесі мен бизнес-моделіне сүйене отырып бекітеді. Яғни, салымдардың пайызын өзгертуге немесе бұрынғы деңгейінде қалдыруға құқылы. Сондықтан сыйақылар Қор ұсынған деңгейден әр түрлі дәрежеде төмен болуы мүмкін. Ал егер асып кетсе, салымдарды сақтандыру мақсатында Қорға үш ай сайын төлейтін міндетті жарнасының көлемі де арта түседі. Неге десеңіз, Қор жарнаның мөлшерін белгілерде банктің өткен есепті айда жаңадан ашылған депозиттер бойынша қандай сыйақы белгілегендігін ескереді.
Қордың банктерге ұсынатын шекті сыйақы мөлшерлемелерінің қалай есептелетіндігін білгіңіз келе ме? Әрі қарай кеттік.
Бүгінде елімізде банк салымдарының пайыздық мөлшерлемелері ақшаның ағымдағы нарықтық құнын көрсетеді деп сеніммен айтуға болады. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (бұдан әрі - Қор) алдына қойған мақсаты да осы – салымдардың құнын шынайы бағалап, халық арасында олардың тартымдылығын арттыра түсу. Сол үшін Қор 2019 жылдың 1 қыркүйегінен бастап ұлттық валютадағы депозиттер бойынша екінші деңгейдегі банктерге ұсынатын шекті сыйақы мөлшерлемелерін бұрынғыдай үш ай сайын емес, ай сайын жариялауға көшті. Бұл банктерге ақшаның нарықтағы бағасы күрт өзгерген жағдайда дер кезінде әрекет етуге, салымдар бойынша сыйақылардың мөлшерін өзгертіп, олардың тиімділігі мен шынайылығын арттыруға мүмкіндік береді. Әсіресе Қор ұсынатын ең жоғары сыйақы мөлшерлемелерін есептеу әдістемесіне 2019 жылы енгізілген соңғы өзгерістер салымдардың пайыздық мөлшерлемелерінің нарықтық негізде белгіленуіне зор септігін тигізді.
Қор салымдар бойынша сыйақылардың шекті мөлшерін жариялауды 2008 жылдың 1 шілдесінен бастады. Мақсат - қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету аясында банктерге жеке салымшыларды асыра көрсетілген пайыздық сыйақымен қызықтырып, ақшаларын арсыздықпен тартуға жол бермеу.
Сонымен Қор банк салымдарының түрі мен мерзіміне қарай сыйақылардың шекті мөлшерін екі түрлі мәнге сүйене отырып есептейді. Олар: Қазақстанның Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесі және орташа өлшемді нарықтық сыйақы мөлшерлемесі.
Базалық мөлшерлеме – бұл Ұлттық Банктің ақша-несие саясатының басты құралы. Қаржы реттеушісі бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету
үшін осы пайыздық мөлшерлемені бекіте отырып, ақшаның қысқа мерзімдегі құнын белгілейді. Сол арқылы Ұлттық Банк банктерге қысқа мерзімге несиелер береді және банктерден депозиттер қабылдайды. Мысалы ол өссе, ақша нарығындағы пайыздық мөлшерлемелер де (инфляция, валюта бағамы, кредиттердің сыйақысы) өседі. Егер төмендесе, керісінше түсе бастайды.
Нарықтық мөлшерлеме – жеке тұлғалардың жаңадан ашылған теңгелік депозиттері бойынша орташа өлшенген жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі.
Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені үш айда екі рет қайта қарайды. Ал Қор салымдар бойынша максималды мөлшерлемелерді ай сайын қайта қарап, осы мөлшерлемелер бекітілген айдан кейінгі айдың бірінші күні жариялайды және ол тек жаңадан ашылатын депозиттерге ғана тиесілі.
Ұлттық Банк әлемдік және ішкі нарықтық жағдайларға байланысты базалық мөлшерлемені шұғыл түрде өзгертетін болса, Қор депозиттер бойынша шекті сыйақыларды сол күні қайта қарап, банктерге жолдайды.
Мерзімсіз және қысқа мерзімді (3,6 ай) салымдар бойынша Қор ұсынатын шекті сыйақылар базалық мөлшерлемеге тікелей тәуелді. Ал ұзақ мерзімге (12, 24+ ай) ашылатын мерзімді және жинақ салымдар бойынша шекті мөлшерлемелер өткен есепті айда банкте ашылған депозиттердің көлемі мен сыйақы мөлшерлемелері негізінде айқындалады.
Формула бойынша Қордың банктерге ұсынатын максималды сыйақы мөлшерлемелері:
1) мерзімсіз салымдар бойынша – базалық мөлшерлемеге;
2) үстінен ақша салуға болатын және болмайтын, 3 және 6 айға ашылған мерзімді және жинақ салымдар бойынша – базалық мөлшерлеме + спредке;
3) үстінен ақша салуға болатын және болмайтын, 12 және 24 айға ашылған мерзімді және жинақ салымдар бойынша – нарықтық мөлшерлеме + спредке тең.
Бұл жерде спред – базалық немесе нарықтық мөлшерлемеден тыс табыстылық. Ол пайыздық тармақпен көрсетіледі. Спред банктерге қажет жағдайда мөлшерлемені тиісті деңгейге жоғарылатуға мүмкіндік береді. Қордың Директорлар кеңесі спредті мерзімсіз кезеңге белгілейді және депозиттердің жеке тобы бойынша қайта қарауға құқылы.
Қор ұлттық валютадағы мерзімді және жинақ депозиттер бойынша шекті сыйақы мөлшерлемелерін банктерден өткен есепті айда жеке тұлғалардың атына ашылған депозиттердің көлемі мен сыйақы мөлшері бойынша алынған мәліметтер негізінде есептейді. Бұл ретте әрбір банк ең алдымен өткен айда әртүрлі мерзімге ашылған барлық мерзімді және жинақ салымдарының орташа алынған жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін (ЖТСМ) есептеп алады. Қорытынды нәтижені Қорға ұсынады. Түсінікті болуы үшін депозиттердің нарықтық мөлшерлемесін есептеу мысалдарын келтірейік:
1. «А» банкі өткен есепті айда мынадай депозиттерді тартты делік:
10,5%-бен 738 000 теңге көлеміндегі 9 айлық;
12,0%-бен 2 350 000 теңге көлемінде 12 айлық.
«А» банкі үшін жеке тұлғалардың 6 айдан 12 айға дейінгі мерзімге ашылған депозиттері бойынша орташа алынған ЖТСМ былайша есептеледі:
Орташа алынған ЖТСМ = (10,5×738 000)+(12,0×2 350 000)(738 000+2 350 000) = 35 949 000 3 088 000 = 11,6%
2. Қор 6 айдан 12 айға дейінгі мерзімді қамтитын мерзімді және жинақ депозиттер бойынша орташа алынған нарықтық мөлшерлемені былайша есептейді:
Банк (1,n) Орташа өлшенген ЖТСМ Тартылған депозиттер сомасы, Vi
А банкі 11,6 3 088 000
Б банкі 10,3 1 550 000
В банкі 13,4 1 075 000
Г банкі 6,0 500 000
(11,6×3 088 000)+(10,3×1 550 000)+(13,4×1 075 000)+(6,0∗500 000)3 088 000+1 550 000+1 075 000+500 000 = 69 190 8006 213 000=11,1%
Осылайша стандартты мерзімі 12 айға тең депозиттер бойынша нарықтық мөлшерлеме 11,1 пайызға тең. Енді Қор белгілейтін спред – 1,5% болсын делік. Егер оны нарықтық мөлшерлемеге қосатын болсақ, ең жоғары сыйақы мөлшерлемесі (ЕСМ): 11,1% + 1,5% (спред) = 12,6% болады.
Салымдар бойынша бекітілген сыйақы мөлшерлемелерінің үздіксіз өсуі банктер үшін қаржыландыру құнын өсіре түседі Ал бұл өз кезегінде кредиттердің қымбаттауына әкеп соғады. Сондықтан Қор өткен жылы Мөлшерлемелерді шектеу мөлшері – КЭП (ағылшын сөзі: «cap» - қалпақ, төбешік, жоғарғы шек) шамасын енгізді. Ол Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі мен Қордың қосымша спредінің қосындысына тең. Спред мәнін Қордың Директорлар кеңесі мерзімсіз кезеңге бекітеді және қажет кезде қайта қарауға құқылы.
Қазіргі уақытта базалық мөлшерлеме 9,0 пайызға, ал спред мөлшері 5 пайыздық тармаққа тең. Ал CAP - 14,0 пайызды құрайды. Бұл жоғары деңгей және салымдардың жоғары табыстылығын қамтамасыз етеді. Базалық мөлшерлеме өзгерген жағдайда КЭП қайта қаралады.
Осылайша депозиттердің әрбір тобы мен мерзімі бойынша нарықтық мөлшерлемелер негізінде есептелген максималды сыйақы мөлшерлемесі КЭП деңгейінен асып кететін болса, онымен теңестіріледі.