«Арселор Миттал Теміртау» лицензиясынан айырылуы мүмкін
2021 ж. 24 ақпан
13553
0
«Арселор Миттал Теміртау» компаниясының Қазақстанда жұмыс істеу лицензиясы тартып алынуы мүмкін.
Себебі, ең ірі металл комбинаты Үкімет қойған талапқа мән бермей, ауаны ластап отыр. Бұл туралы КТК хабарлады.
Экология министрлігі Теміртаудағы ауаға зиянды қалдық шығарып жатқан компанияның жұмысынан заңбұзушылықты анықтады. Мәселен, 50-жылдары салынған жылу электр станциясының әбден тозығы жеткен. Компания бір жылда ауаға 230 мың тоннадан астам зиянды қалдық шығарады. Ал соңғы бес жылда табиғатты қорғау іс-шараларына 28 миллиард теңге жұмсағанымен, қоршаған ортаға әкелген пайдасы өте аз.
Енді «Арселор Миттал Теміртау» алдағы 4 жылда қалдық шығарды 30 пайызға азайтып, өндірісті толық реконструкциялау және жаңғыртуы керек. Теміртауға 500 мың түп ағаш отырғызуға міндетті.
Егер бұл талап орындалмаса, ірі комбинат лицензиясынан айырылуы мүмкін.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің комитет төрағасы Зулфухар Жолдасов: «Негізі бірнеше рет талап қойғанбыз, оны орындамады. Орындап жатқан шаралары да тиімсіз деп айтып өттім. Талапты орындамағаны үшін рұқсатты алып қоюға да, тоқтатуға да болады. Негізі рұқсатты орындамағаны үшін қатаң жазаға тартылады».