2020 жылы Ұлттық қор 3,1 млрд долларға азайған
2021 ж. 14 қаңтар
2440
0
Бұл туралы валюта нарығындағы 2020 жылдың қорытындылары және өткен жылды сипаттайтын жаһандық оқиғалар туралы Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың баяндамасында айтылды, - деп хабарлайды baq.kz.
Алдын ала болжам бойынша, 2020 жылдың соңында Ұлттық қордың активтері $58,7 млрд болып, жыл басынан бері $3,1 млрд азайды. Активтердің төмендеуіне әсер еткен негізгі себеп – бюджетке алынатын Ұлттық қордың трансферті қорға түсетін түсімнен арта түсті. Ұлттық Банк 2020 жылы кезекті рет өзінің негізгі миссиясын, яғни, экономика үшін «қауіпсіздік жастығы» рөлін атқарып шықты. Мәселен, коронавирус пандемиясының салдарымен күресу үшін Ұлттық қордан бөлінген кепілді трансферттің көлемі 2,07 трлн теңгеден 4,77 трлн теңгеге дейін көбейді. Ал, сол аралықта, мұнай бағасы құлдыраған соң, жылда Ұлттық қорға түсетін түсім бар-жоғы 1,4 трлн теңгені құрады – дейді Әлия Молдабекова.
Солай бола тұра, Ұлттық қорды басқарудың нәтижесі бойынша жағымды кіріс нетто-шығындардың көп бөлігін өтеді.
2020 жылдың басындағы коронавирус пандемиясының салдарынан қаржы нарықтарының айтарлықтай құлдырауына қарамастан, Ұлттық Банк Ұлттық қордың активтерін консервативті түрде бөлуден тең бөлу тәртібіне ауысып, акциялар, корпоративті облигациялар мен дамушы елдердің облигациялары сияқты тәуекелді болса да, кірісті активтердің үлесін арттырды. Алтын портфелін қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғасты. Өткен жылы ҚР Ұлттық қорына 1 млрд АҚШ долларына тең алтын алынды. Соның нәтижесінде, қордың жинақтаушы портфелінің құрамындағы алтын портфелінің үлесі 4,4% немесе 2,4 млрд АҚШ долларына жетті – дейді ол.
Соның арқасында, Ұлттық қордың жағымды кірісіне қол жетті. Алдын ала алынған мәліметтерге сәйкес, 2020 жылы Ұлттық қордың активтері бойынша инвестициялық кіріс $4,1 млрд долларды немесе 7,5% құраған.
Қараша айындағы вакцина туралы жағымды жаңалықтардан кейін, желтоқсан айында әлемдік қаржы нарықтарындағы жағымды тенденциялар күшейе түсті. Желтоқсан айындағы өсімге серпін берген жағымды фактордың бірі АҚШ-тағы 900 млрд доллар көлеміндегі ынталандыру пакеті болды. Ұлыбритания ЕО-пен сауда мәмілесін нақты мақұлдаған соң, Еуропада Euro Stoxx600 көлемі 2,6% артты. Ұлыбританиядағы Covid-19-пен байланысты қатаң шектеулерге қарамастан, FTSE 100 Британ қаржы биржасындағы озық индекс желтоқсан айында 3,3% артты. Желтоқсан айында дамушы елдердің акцияларындағы MCSI World жаһандық индексі 4,3% қымбаттады. Жалпы алғанда, былтыр нарыққа әсер еткен Covid-19 және саяси белгісіздікке байланысты айтылған жағымсыз болжамдарға қарамастан, әлемдік қаржы индекстері жылды рекордты көрсеткіштермен аяқтады. MCSI World индексінің кірісі 2020 жылы 16,5% құрады – дейді банкир.