ЖОҒАРЫ ҚАРҚЫН ЖАЛҒАСЫН ТАБАДЫ
2020 ж. 20 сәуір
1302
0
Өткен жылмен салыстырғанда биылғы жыл қай жағынан алып қарасақ та қиындықтарға толы болмақшы. Оны бүгінгі күннің өзінде көріп отырмыз. Әлемді жайлаған коронавирус індеті біздің елімізге де кері әсерін тигізері сөзсіз.
Сақтық шараларына байланысты бүкіл еліміз бойынша жарияланған карантин кәсіпорындардың қолын байлап, экономика саласына уақытша да болса тежеу болып отыр. Бірақ бұл «салымыз суға кетті» деген сөз емес, қазақ халқы өз тарихында талай қиындықтарды басынан өткеріп, одан абыроймен шыға білген. Бұл да сол сынақтардың бірі шығар...
Еліміздің жан-жақты дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан жер жанаты – Жетісу өңірін жайлаған Алматы облысы қашан да алдыңғы қатардан көріне білген. Қай аймақтың болсын басты көрсеткіші, жеткен жетістігі сол өңірде тұрып жатқан халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының деңгейімен өлшенері хақ. Өйткені сол байлықты өз қолымен жасайтын да сол халық болғандықтан олардың байлы-бақытты өмір сүруге толық қақысы бар.
Мына күрделі тіршіліктің өзге тарамдарын былай қойғанда, бүгінгі күні тұрғындарымыз үшін ең басты мәселе баспана мен тұрақты жұмыс болып отырғаны жасырын емес. Пәтерден пәтерге көшіп жүрген жандардың күйі белгілі, ал баспанасы бар адамның отбасында береке, өзіне деген, ертеңгі күнге деген сенім болады. Сол сияқты тұрақты жұмысы болса ешкімге тәуелсіз, бала-шағасын асырай алады. Бұл орайда Алматы облысы өткен жылы бірқатар жақсы көрсеткіштерге ие болған-ды. Атап өтсек, былтырғы жылы арнайы бағдарламалардан бөлек 135 отбасыға тұрғын үй сатып алынды, оның 71-і - көп балалы отбасыларына берілді. Ал, "Бақытты отбасы" бағдарламасы аясында 500 отбасы өз баспанасына қол жеткізді. Бұл еліміз бойынша алғанда елордадан кейінгі екінші көрсеткіш болып табылады. Биылғы жыл басынан бері де 69 пәтер сатып алынды, оның ішінде 30 көпбалалы отбасы баспаналы болды. Биылғы меже де жоғары, 2020 жылы "Бақытты отбасы" бағдарламасы аясында 600 отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі деп жоспарланып отыр.
Тұрғындарды баспанамен қамту алымен қаржыға және жүргізілетін құрылысқа байланысты екені белгілі. Осыған орай Алматы облысында биылғы жылы да құрылыс қарқыны жоғары болмақшы. Мысалы үстіміздегі жылдың өзінде өңірде 938,8 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру көзделуде. Соның 136,0 мың шаршы метрі немесе 1 714 пәтер, яғни 519 тұрғын үй бюджет есебінен салынатын болады. «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде 119 жобаны жүзеге асыруға республикалық және жергілікті бюджеттен жалпы көлемі 41,6 млрд. теңге қарастырылған. Соның ішінде 30,2 млрд. теңге болатын 52 жоба тұрғын үй құрылысына, 11,4 млрд. теңгелік 67 жоба инженерлік инфрақұрылымға арналған. Сонымен қатар «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша 977 жобаны жүзеге асыруға облысқа 109,2 млрд. теңге бөлініп, оның ішінде 429-ы - әлеуметтік саланың жобалары. Сол сияқты 53-і - сумен қамту нысандарын қайта жаңғырту мен жөндеу, 84-і – абаттандыру, 220 елді мекенде 500 шақырым жол жөндеу жұмыстары атқарылмақшы.
Облыстық құрылыс басқармасының мәліметінше, 2020 жылы республикалық бюджеттен жалға берілетін тұрғын үй құрылысына 18,0 млрд. теңге қарастырылған, оның ішінде 8,6 млрд. теңге көп балалы отбасыларға арналған тұрғын үй құрылысына бағытталады. Әлеуметтік осал топтарға 975 жалгерлік тұрғын үй беріледі, оның ішінде көп балалы отбасыларға 669 пәтер беру жоспарланып отыр. Жергілікті бюджеттен 50 пәтер сатып алынады, жалпы 719 көп балалы отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Несиелік тұрғын үй құрылысы бойынша алаңы 51,4 мың шаршы метр құрайтын 648 пәтерлі 51 тұрғын үй пайдалануға беру жоспарлануда. Оның жалпы құны 5,7 млрд. теңге көлемінде деп есептелген.
Қазірдің өзінде жалпы алаңы 9,0 мың ш. м. құрайтын 91 коммуналдық тұрғын үйдің құрылысы басталған. Инженерлік - коммуникациялық желілер 6 264 жер телімдерінде жүргізілуде, оларға 483,6 шақырым желілер тартылатын болады. «Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес Алматы облысында тұрғын үй және әлеуметтік-мәдени нысандардың құрылыс жұмыстары тоқтамай, тиісті жұмыс кестесіне сәйкес жүргізіледі. Бұл өз кезегінде жұмыс орындарын құруға, өңір экономикасын дамытуға ықпал етпек. Бұл ретте коронавирустың таралуына жол бермеу мақсатында құрылыс нысандарының барлық санитарлық-дезинфекциялық шараларды орындауы, шектеулерге байланысты жұмысшыларға тиісті жағдай жасалуы облыс әкімінің бақылауында», - дейді әкімдік өкілдері.
Тағы бір көңіл қуантарлық хабар, биыл Алматы облысында 65 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов айтқан болатын. «Мемлекет басшысы атап өткен төтенше жағдай кезінде халықты, бизнесті қолдау шаралары экономикадағы оң серпінді сақтауға және жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Облыс бойынша 156 мың адам жұмыспен қамтылған. Ірі және орта кәсіпорындарда өндіріс көлемінің төмендеуі және қызметкерлерді босату жағдайлары тіркелмеген. Жұмыспен қамтудың жаңа жол картасына 1 трлн. теңге бөлу туралы шешім жұмыс орындарын құруға үлкен көмек берді.
Мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған жобалық-сметалық құжаттаманың арқасында облыста 22,8 мың жұмыс орнын құрып отырмыз. 977 жобаны іске асыруға 109,2 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 58,9 млрд теңгесі немесе 54 пайызы әлеуметтік-мәдени саланың 429 жобасын іске асыруға бағытталады», - деді облыс басшысы. Әкімнің айтуынша, аталған жол картасының арқасында өңірде биыл қосымша тағы 7 мектеп салынады. Жалпы осы жылы барлығы 23 мектеп салынбақ. «Бұл облыс үшін маңызды мәселе. Өйткені, біздің облыста қазіргі уақытта үш ауысымды 32 мектеп бар. Мұнан бөлек 5 ауылдық дәрігерлік амбулатория салуды жоспарлап отырмыз. 53 елді мекенде сумен жабдықтау нысандарын қайта жаңғырту мен жөндеу, 84 елді мекенде абаттандыру, 220 елді мекенде 500 шақырым жол жөндеу жүргізіледі. Облыста жол картасы бойынша жұмыстар атқарылған. Бірақ мұндай көлемде қаражат алғаш рет бөлініп отыр. Сонықтан біздің міндетіміз - оларды уақытында әрі сапалы игеру, жұмыспен қамту мәселелерін шешу», - деді өңір басшысы. Облыс әкімі мұнан бөлек «Еңбек» бағдарламасы аясында жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 22 мың адамды қамту жоспарланып отырғанын айтты. «Сонымен қатар жекеменшік инвесторлар тарту есебінен 367 млрд. теңгеге 75 нысан іске қосылып, 5 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Нәтижесінде облыс бойынша қолдау шараларының арқасында жұмыстан босаған және жұмыссыз тұрғындар үшін жыл бойы 65 мың жұмыс орны құрылады», - деді Амандық Баталов.
Несі бар, жақсы істің жаттығы жоқ. Жоғары межені бетке алған аймақ басшысына алға қойған жоспарларының нәтижелі болып, абыроймен атқарып шығуына сәттілік тілейміз.
Бек МЫРЗАҰЛЫ,
Қазақ үні