Қостанайда өткен жылы 26 мыңға жуық көлік құрастырылды
2020 ж. 25 ақпан
2376
0
Қостанайдағы «Сарыарқа АвтоПром» зауыты биыл 50 автокөлікті нарыққа шығармақ. Осылайша өндіріс ауқымы бірнеше есе көбейеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кәсіпорында былтыр 26 мыңға жуық көлік құрастырылған. Бұл 2018 жылғы көрсеткіштен екі есе көп. «Сарыарқа АвтоПром» зауытының директоры Сырым Семейбаевтың айтуынша, отандық көліктерге деген сұраныстың өсуі ел экономикасын дамытуға септігін тигізеді.
«Қостанайдағы зауыттан әлемдік бренд саналатын көліктердің жеті түрі шығарылады. Алғашқы ашылғанда тек дайын бөлшектер құрастырылатын. Бүгінде жұмыс дәнекерлеу мен сырлаудан басталады. Яғни, өнімнің отандық үлесі артқан. Сонымен қатар өндіріс ауқымы да еселеп өсуде. Мысалы биыл желіден шығатын көлік санын 50 мыңға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Өндірістің артуы тікелей сұранысқа байланысты. Ал сұраныстың өсу себебі мемлекеттің отандық көлікті сатып алушыларға жеңілдетілген несие беруінде. Сервистік қызмет жолға қойылған. Өндіріс артқан сайын өнімнің өзіндік құны да төмендей береді», - дейді зауыт басшысы.
Дәулет Нысанбаевтың осы кәсіпорыннда жұмыс істегеніне 6 жыл. Бастапқыда өзге де жергілікті мамандармен бірге Қытайдағы зауытқа барып тәжірибе жинап қайтқан. Қазір кәнігі шеберлердің бірі. Ол басқаратын дәнекерлеу цехында тәулігіне 16 көліктің кабинасы құрастырылады.
«Бізде жалпы өндіріс бөлімінде 1300 адам еңбек етеді. Зауыт оларға тек жалақы төлеумен шектелмей әлеуметтік жағынан да жан-жақты қолдау көрсетеді. Қала бойынша тегін автобус жүреді. Асханада тегін түскі ас беріледі. Көпбалалы отбасыларға мектепке қажеттіліктерге көмектеседі. Жаңа спорт залы салынды. Теннистен, футболдан турнирлер өтеді. Бұлардың бәрі бізге жақсы көмек», - деді Дәулет Нысанбаев.
Сонымен, отандық көлікке деген сұраныс ішкі, сыртқы нарықта бәсекелестікке төтеп беріп, автомобиль өндірісінің алға басуына мүмкіндік беріп отыр. Ал өндірістің дамуы мыңдаған жұмыс орындары ашылып, алдымен елдің әлеуметтік ахуалын түзеуге сеп болары анық. Қазақстан автобизнес қауымдастығының баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2020 жылдың қаңтарындағы жағдайда Қазақстанда өндіріс көлемі өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 81,9% ұлғайып, қаржы түріндегі көрсеткіші 71% -ға, яғни 35,845 млн теңгеге дейін өскен.
«Өткен жылы автомобиль өндірушілер өндірісті екі есе арттырды. Сонымен бірге, жеңіл автомобиль жасау саласының еліміздегі машина жасау құрылымындағы үлесі 38% -ға жоғарылады. Біз өсу көрсеткіші биыл да күтіледі. Бірақ оның қалай өсетіні алдағы сатылу нарығына байланысты айқындалады», - дейді Қазақстан автобизнес қауымдастығының вице-президенті Анар Мақашева.