Саакашвили: Туризмді дамытпасақ керуеннен қаларымызды түсіндім
2019 ж. 24 шілде
3477
0
Батумиді Грузияның Монакосына айналдырғым келді. Елге турист тартумен тікелей өзім айналыстым. Әрбір инвестормен жеке жолығып, иліп төсек, жайылып жастық болдым. Қыдырттым, концертке апардым, билеттім, масайттым, қымбатты мейрамханалардан дәм татқыздым, моншаға апарып арқасын ысқыладым, грузин шарабының ең бағалы дегенін алдарына тостым, тікұшақпен тұтас Грузияны аралаттым, әй әйтеуір қаржысын бізге құйдыру үшін не істемедім десеңші. Жеңіл жүрісті қыздарға ғана жолатқам жоқ, өзгесін түгел атқардым. Инвесторлардың көпшілігімен отбасы болып араласып-құраласып кеттік кейіннен. Өйтпесіме шарам жоқ еді, шікірейіп, шіреніп отырсам инвестор ат-тонын ала қашар еді. ... Монако князі Альберді арнайы шақыртып, үш күн бойы ел аралаттым. Князьға келгенде қызық оқиға болды. Сванетиядан Батумиға оралар тұста Еуропадағы ең биік тау Ушгулидің алқымында орналасқан ауылдың үстінен ұшып бара жаттық. Бұл ауыл бағзы ауыл. VII ғасырдан бері бар. Тұрғындардың өмір дағдылары да сол дәуірді еске салады. Жарық жоқ. Өркениеттің игілігінен ада, жалпақ әлемнің ырду-дырдуынан жырақта жатқан ауыл-тұғын. Альбер князь әлгі ауылға тоқтап, аз аялдайықшы, көргім кеп қызығым тұрмын, тікұшақ осы араға қонсыншы деп қолқалады. Қадірменді мейманның көңілін қалдырғанымыз орынсыз болар еді. Қондық. Тікұшақ ішінде төртеуміз - мен, ұшқыш жігіт, князь Альбер және оның көмекшісі бар. Түстік. Түсе сала ауыл тұрғындары қоршап алды. Мені бірден шырамытты, князь Альберді таныған жоқ, назар да аударған жоқ. Алақандай ауылға президенттің аяқ басқаны айтулы оқиға. Аман-саулық сұрасқаннан кейін тұрғындар бізді ауыл шетінде орналасқан - музейге алып жүрді. Бұл музейдің ерекшелігі сонда сонау Рим империясының жәдігерлері сақталған. Тұрғындарды түгел ілестірген жоқпыз, екі-үшеуі ғана жол бастады. Ауылдың жалғыз аяқ жолымен музейді бетке алып тартып бердік. Жол бойы жолыққан ауыл адамдарының ауласында аз аялдап, жергілікті жұрт ракы деп атайтын арақтан дәм таттық. Музейге жеткенше князь Альбер әжептәуір қызып алды. Тұрғындармен қалай тіл тапқаны белгісіз, әлденені айтып көңілді келеді. Жол бастаған жігіттердің алдын орап, керуеннің көш басына шығып алды. Музейге жете бере алдымыздан тайыншадай төбет арсылдап шықпасы бар ма! Қапелімде қайтерімізді білмей абдырап қалдық. Ұшқыш жігіт Шамильдің ұлты дағыстандық-тұғын. Жауырыным жер иіскемеген балуанмын деп бөскенде сондай еді, әлгі алмапсадай төбетті көргенде Шамиль екеш, Шамиль да жылыстай берді. Төбет князь Альберге тура тартты. Азу тісі ақсиып, аузынан ақ көбігі ақтарылып, шайнап жіберуге шақ тұр. Жергілікті тұрғындар да әлгі иттің шайпау жүзін көріп тәйт деуге батпады білем. Біткен жерім осы деп ойладым. Оқиғаның әрі қарай қалай өрбитіні көз алдымда көлбеңдеп өтті. Князь Альбер Грузияға келерден екі апта бұрын некелескен. Тойын тікелей эфирден көрсетіп, күллі әлем тамашалаған еді. Ал енді не болды? Ертесіне-ақ Еуропадағы газет-журналдың бірі қалмай: "Грузияда қыдырып жүрген князь Альберді ит талап өлтірді. Үйленгеніне ай да толмаған бейшара князьдің жары жесір қалды". "Саакашвили сорлатты. Ит талап тастаған князь Альбер шұғыл түрде Грузиядан Монакоға жеткізілді" деп жамыраса жазады. Грузияны туристік орталыққа айналдырам деген арман-мұратым әдірә қалады" деп ойладым. Сөйткенше болған жоқ, өзіне қарай тұра ұмтылған төбетті князь Альбер құлашын сермеп, тұмсықтан таңқ еткізіп ұрмасы бар ма! Мұндайды күтпесе керек, әлгінде ғана Альберді жұлып-жеуге шақ тұрған әлгі ит құйрығын бұтына қысып, жым-жылас жоғалды. Тайыншадай итті талдыра жаздаған князь Монакоға оралғасын әлгі оқиғаны келіншегіне әдемілеп тұрып әңгімелеп беріпті. Грузияны құмары қанғанша аралаған Альбер ақырында Батумиге қомақты инвестиция құюға келісті. ... Путин Ресейге грузин шарабын кіргізуге тыйым салғанда оның жарнамасын жасауды өз мойныма алдым. Тбилисиден сәл шеткерірек аумағы әрі кетсе екі гектар жүзім бағын сатып алып елге ресми сапармен келген шетелдің президенттері, премьерлерін әлгі жүзімдікке алып бардым. Келіссөздерді осы арада жүргіздік. Меркель, Буш, Обама, Ющенко, Саркози секілді әйдік адамдар жүзімді табандарымен таптап, шарап жасады. Мұны шарадағы журналистер таспаға түсіріп, жарыса жариялап жатты. Жаһандық держава басшыларының жалаң аяқ жүзім кешіп, шарап әзірлегені кімге де болса қызық қой. Грузин шарабының жарнамасын осылай жүргіздік. Грузияның аумағы алақандай ғана. Туризмді дамытпасақ керуеннен қаларымызды түсіндім. Тбилисиді малданып отыра бергеннен опа таппас едік. ... Батумиді дамытуда түріктердің көп көмегі тиді. Бұл өлке Түркиямен шекаралас жатыр. Дәл осы аумақта 10 млн-ға тарта адам тұрады. Алдымен Түркия мен Грузия арасында еркін барыс-келіс орнаттық, түрік туристері Грузияға жеке басын растайтын кез-келген куәлікті көрсетіп визасыз кіретін болды. Грузияның тап іргесіндегі Түркияның шекара маңы тұрғындары жүздеп, мыңдап Батумиге ағыла бастады бұдан соң. Сөйтсем түріктер үшін Батуми бөтен емес екен. Бұл өлкені өз араларында "мемлекетім", былайша айтқанда туған топырақтың бір пұшпағы деп атайды екен олар. Бұл да тектен-тегін емес. XVIII ғасырдың басы ХІХ ғасырдың соңына дейін Батуми Осман империясының құрамында болды. Ердоғанмен алғаш танысқанда: "Батумидің өткен тарихын майын тамызып әңгімелейтін әжемді аузымның суы құрып тыңдайтын едім. Бір бұйымтайым бар. Таныстығымыздың құрметіне Батумиге алып барсаңыз" деп өтінгені есімде. Сол жолы Батумиді аралаған Ердоғанның еңсесі түсіп, Түркияға тұнжырап оралғаны да жадымда. "Мұнда дауыл жүрген бе, әлде одан өзге табиғи апатқа тап болдыңыздар ма? Әжем айтатын Батуми мүлде басқа болатын", -деп еді ол. Бұл сол кездегі Грузияның тозыңқырап тұрған туризміне берілген шынайы баға еді. Грузия мен Түркияның арасында еркін барыс келіс орнағасын түріктер тайлы-тұяғы қалмай Батумиге ақша құюға көшті. Батумиге бет алған түріктердің көбі сауық іздеп келетін. Олар мұнда казино ойнайтын, қыдыратын, түнгі клубтардың табалдырығын тоздыратын, ішіп жейтін. Батуми түрік туристері үшін Еуропаның бір бөлшегіне айналды осылайша. Батуми түрік инвесторы үшін қаржылық офшорға айналды. Біріншіден бізде салық төмен, ақша аударымдары жеңіл, сәйкесінше жемқорлық атымен жоқ. Батумидегі экономикалық еркіндік түріктерді бірден баурап алды. Батумидегі ең алғашқы заман сұранысына сай қонақүйді түрік бизнесмені Нұретин Чармиклы тұрғызды. Сөйтіп түріктің өзге инвесторына Батумиге қаржы құюға жол ашты. Чармиклы Түркияны Грузиядағы елшісі-тұғын. Біз оған Батумидегі Лаврентий Берияның саясажайын су тегінге сата салдық. Іші-сырты сатпақ-сатпақ саяжайдың сықпыты кетіп тұрған. Оны бәрібір де ешкім алмас еді. Ал Чармиклы дәл осы жерден әзір әлемге әйгілі Шератон қонақ үйінің қабырғасын қалады. Аумағы ат шаптырым казино тұрғызды. Бұлардың іргесінен қонақ үй мен казино қызметкерлеріне арнап баспана салды. Батумиге инвесторды осылай тарттық. Әрбір инвестормен жеке жолығып, иліп төсек, жайылып жастық бола білдім. Қыдырттым, концертке апардым, билеттім, масайттым, қымбатты мейрамханалардан дәм татқыздым, моншаға апарып арқасын ысқыладым, грузин шарабының ең бағалы дегенін алдарына тостым, тікұшақпен тұтас Грузияны аралаттым, әй әйтеруір ақшасын бізге құйдыру үшін не істемедім десеңші. Жеңіл жүрісті қыздарға ғана жолатқам жоқ, өзгесін түгел атқардым. Инвесторлардың көпшілігімен отбасы болып араласып-құраласып кеттік кейіннен. Өйтпесіме шарам жоқ еді, шікірейіп, шіреніп отырсам инвестор ат-тонын ала қашар еді. ... Грузиядағы шаңғы спортын дамытпақ оймен әйгілі шаңғышы Альберто Томбаны Италиядан әдейілеп алып келіп, үш күн бойы шаңғы тептік. Үш күн бойы қарға малтықтым, құладым, жарақат алдым. Бірақ бәрібір мақсатыма жеттім. Әйгілі Альберто Томба сырғанаған шаңғы базасын көзімен көру үшін жер жүзінен жүздеген, мыңдаған шаңғышылар келді. ... Қазір Грузияда оқуға түсетін жастардың басым бөлігі туристік факультеттерді таңдайды. Туристік факультеттер пайда болғалы бізде сервис дұрысталды. Туристік факультеттердін пайда болуына біздің жанкешті еңбек түрткі болғаны айтпаса да түсінікті.
Саакашвили. "Пробуждение силы" кітабынан
Аударған: Думан Бықай
Фейсбук парақшасынан