Ағылшын тілінде оқытылатын пәндерді оқушылар өздері таңдайды
2018 ж. 18 маусым
3649
0
«Үкімет есебіндегі деректерге сәйкес, ағылшын тілінде оқытқаны үшін тек 725 мұғалім ғана тиісті үстемеақы алса, демек, 725 мұғалім ғана толыққанды ағылшын тілінде білім бере алады. Бұл жалпы қажеттіліктің 2% ғана құрайды. Арнайы оқытылған мұғалімдердің 1370-і терминдерді ғана үйретсе, қалғандары мүлдем сабақ бермейді. Мұндай қарқынмен бір жыл емес, екі немесе үш жыл қажет. Сонымен бірге, Президент Жолдауында 2019 жылдан бастап, 10-11 сыныптарда кейбір пәндер ағылшын тілінде беріледі деп жазылған. Осыған орай, Ел басшысы қойған тапсырманы қалай жүзеге асыратыныңызды білгім келеді», – деп Білім және ғылым министріне сұрақ қойды Жамилә Нұрмамбетова.
Еске салсақ,Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Әрбір қазақстандық үш тілді жетік меңгеруі керек. 2020 жылға дейін ағылшын тілін білетін тұрғындар саны біршама көбеюі керек» — деп айтқан еді.Бүгінгідей жаһандану заманында көп тілді игерген адамның қоғамдағы алар орны да ерекше екені белгілі. Өзге тілді үйрену, оны жетік меңгеру — бұл ең алдымен халықаралық қатынастар кезінде айрықша рөл атқаратыны баршамызға аян. Тіл – халықпен бірге өмір сүріп дамиды. Өз кезегінде Ерлан Сағадиев министрлік бұл мәселеде өз ұстанымын өзгерткенін мәлім етті. Мәселен, мектептер ағылшын тілінде қанша пәнді оқытқысы келетінін өздері таңдай алады. «Қазір министрліктің стратегиясы өзгерді, мектепте сынып пен олардың ата-аналарының тілектеріне байланысты 1-ден 4-ке дейінгі пәндерді ағылшын тілінде оқытуға таңдау құқығы беріледі. Бұл оқытушылармен ғана емес, халықтың да таңдау құқығын сұрауымен тікелей байланысты», – деді министр. Оның айтуынша, биыл алғашқы 12 мыңға жуық мұғалім ағылшын тілінде сабақ беру курсын аяқтаған. Министр екі мың мұғалімнің сабақ беруге кірісіп кеткенін, бірақ үстемеақының бәріне төленбегенін атап өтті. «Қыркүйек айынан бастап, тағы 2 мың мұғалім ағылшын тілінде сабақ беруге ниет білдірді. 8300 мұғалім В2 деңгейіне жету үшін оқуды жалғастырады. Бұл деңгейге жетпейінше, мұғалімді сабақ беруге жібере алмаймыз. Қосымша, педагогикалық факультеттердің 6 мың түлегі бакалавриат және магистратура деңгейінде ағылшын тілінде сабақ беруді үйреніп жүр. Сондықтан, екі жылда бұл тапсырманы орындаймыз деп айта алмаймын. 3-4 жылдан кейін барлық мектептер ең кемі – бір пәнді немесе 4 пәнді ағылшын тілінде оқытуға көше алады», – деп түйіндеді сөзін министр.
Мектеп табалдырығынан бастап жоғары оқу орындарында ағылшын тілін үйрету айрықша мәртебеге ие. Сонымен қатар, ағылшын тілінің Қазақстандағы рөлінің арта түсуімен қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін іске асыру мәселесін маңызды екенін ұмытпағанымыз жөн. Тіл үйренудің ешқандай зияны жоқ, керісінше пайдасы ұшан-теңіз. Туған тіліңді білу тиісті емес, әрбір адамның міндеті. Ал басқа мемлекеттің алдында өз еліңнің дәрежесінің биік екенін мойындату үшін, жеті тілді жетік меңгеру де артық етпейді.
Шолпан ҚОРҒАНБАЕВА
«Б.Тамабаев атындағы орта мектебінің» КММ-нің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
qazaquni.kz