МҰҒАЛІМНІҢ ҚАДІРІН ҚАЛАЙ АРТТЫРАМЫЗ?
2016 ж. 15 желтоқсан
4330
0
Қоғамда қай кезеңде болсын мұғалімнің алатын орны ерекше. Өйткені, мұғалім бүгінгі ұлт болашағының жарқын болуына себепкер бірден-бір тұлға. Дегенмен, бұрындары абыройы асқақ, беделі биік бұл мамандықтың қазіргі таңда қадірі қаша бастаған. Мұны күнделікті көріп біліп жүрген мектеп түлектері мұғалім болуға тапынбайды бүгінде. Ұстаздардың қадірін қашыруға қандай нәрсе түрткі болуда. Осы мәселенің себебіне үңіліп көрсек...
Біріншіден, мұғалім қызметіне орналасу қиынның-қиыны. Неге десеңіз өзге аймақтарды қайдам, әсіресе еліміздің Оңтүстік аймағында білім саласындағы кез-келген жұмысқа орналасу үшін міндетті түрде қалтаңызда әжептеуір қаржы болуы тиіс. Тіпті әрбір орынның бағасы да бекітіліп қойған көрінеді. Мәселен, ұстазды қызмет атқарғыңыз келсе, онда кем дегенде 700-600 мың теңге тіпті 1. млн. көлемінде қаржы беруге тиіссіз. Мұндай ақшаңыз болмаса қанша жерден жоғары білімді маман болсаңыз да мектептің маңына да жуый алмайсыз. Керек десеңіз балабақша тәрбиешілеріне де осыған ұқсас талаптар қойылады. Оқу орнын енді ғана бітірген жас маманда қомақты қаржы қайдан болсын. Сондықтан, олардың көпшілігі дипломды сандыққа салып, қалаға келіп ілінген жұмысты істеуге мәжбүр болады.
Тіпті кейбір мектептерде жең ұшына жалғасқан жемқорлықтың асқынғаны соншалықты, мұғалімдер қызмет барысында сатылап көтерілу үшін де, тіпті декреттік демалыстан кейін өзінің тиісілі орнына қайта кіру үшін де директордың айтқан қаржысын әкеліп беруге мәжбүр.
Екіншіден, елімізде «мұғалімдердің жалақысын көтереміз» деп қанша жерден ұрандаса да мұғалімдер сол баяғы мардымсыз айлықпен күн кешуде. Мәселен, бүгінде олардың орташа жалақысы – бар-жоғы 80 мың теңге. Кейбір мұғалімдердің бұған да қолы жетпей жатады. Жоғары білімді, жоғары санатты, 10 жыл еңбек өтілі бар ұстаз толық жүктемеге 78 мың теңге алса, ал жоғары білімді, 1-санатты, 10 жыл еңбек өтілі бар мұғалім 72 мың теңгенің көлемінде жалақы алады. Сондай-ақ, білімі жоғары болғанына қарамастан, 2-санатты, 10 жыл еңбек өтілі бар мұғалім 68-69 мың теңгені қанағат тұтуға тиіс.
Үшіншіден, онсыз да жоғары жалақы алмайтын мұғалімдердің қалтасы комиссия келген сайын қағылатын көрінеді. Жоғарыда атап өткеніміздей бұл құбылыс басқа аймақты айтпағанда, дәл осы оңтүстікке тән. Бұл жерде ел аймағын бөле жарудан аулақпыз, десе де осы өңірдегі педагог қызметін атқарып жүрген мамандардың пікірі осыған саяды. Қандай да бір тексеріс келе қалған жағдайда бүкіл ұжым болып бірігіп, қалталарындағы қалған соңғы тиындарына дейін санап береді екен.
Төртіншіден, қағазбастылық ұстаздарды әлі күнге дейін әуреге салып келеді. Мәселен, ауылдағы мектеп мұғалімдері аудандық білім басқармасына, аудандық білім басқармасындағылар қалалық, одан қалды облыстық білім департаменттеріне арнайы бекітілген бұйрық негізінде есеп тапсырып отырады. Бірақ сұратылған есеп тиісті деңгейде өтуі үшін де міндетті түрде педагогтар тарапынан қаржылай «сыйлық» жасалуы тиіс екен.
Бесіншіден, білім саласындағы бітпейтін жаңа реформалар да ұстаздар қауымын қажытып жіберді. Өйткені білім министрлігі шығарған көңілге қонымсыз әрбір жаңашыл жүйені орындау оңайға соқпай тұр. Керісінше, мұғалімдердің әрбір күнін қарбаласқа толтырып келеді. Осының барлығы айналып келгенде мұғалімдердің жүйкесін жұқартып, өз қызметтерін жоғары дейгейде атқаруына кедергі келтіреді.
Алтыншыдан, мұғалім мен оқушы арасында бүгінде дұрыс қарым-қатынас қалыптастпаған. Ата-аналар қит етсе балаларының сөзін сөйлеп келетіндіктен, бұл құбылыс өз кезегінде мұғалімдердің абырой-беделіне нұқсан келтіруде.
Жетіншіден, мұғалім беделі туралы сөз қозғағанда біржақты ұғым қалыптастырғымыз келмейді. Кейде ұстаз қадірінің қашуына олардың өздері де себепкер болып жататыны жасырын емес. Мәселен биылғы жылдың өзінде қаншама мұғалім оқушыларға қол көтеріп, денсаулығына залал келтіруге дейін барған. Оңтүстік Қазақстан облысы Манкент ауылындағы Рашидов атындағы №64 мектепте, өзбек тілі сабағы барысында мектеп мұғалімінің оқушыны соққыға жығуы осындай оқиғалардың бірі ғана. Осыдан кейін 5 сынып оқуышысының көру қабілеті күрт төмендеп кеткен. Ал, оқушының ата-анасы болса мұндай оспадарсыз әрекетке барған мұғалімді сотқа сүйреп әлек. Мұғалім мен ата-ана арасындағы мұндай қарым-қатынас әлбетте мектептің жүрегі саналатын ұстаздарға деген құрметтің кемуіне әкеліп соғатыны сөзсіз.
Сегізіншіден, қай кезде де жыры бітпейтін оқулық мәселесінің салдарынан да ата-ана мен педагогтар арасында келіспеушіліктер жиі туындайды. Мәселен, Талдықорған қаласындағы № 42 балабақшаның тәрбиешісі ата-анадан 18 оқу-дәптерін сатып әкелуді заңсыз талап еткені дәлелденіп, өз қызметімен қош айтысқан.
Тоғызыншыдан, мұғалімдердің арасында да тәртіпсіздік көрсететідері көп. Қарағанды облысының Осакаровка ауданында әкімшілік құқықбұзушылық әрекетіне екі рет қатарынан жол бергені үшін мектеп мұғалімі 22 тәулікке қамауға алынғаны бар. Қарап отырсақ, мұндай әрекеттер бір қарағанда майда-шүйде көрінгенімен оқушылар ұстаздарға қарап бой түзейтіндіктен мұғалімнің мінсіз тұлға болғанына не жетсін?!
Оныншыдан, мұғалім деген абыройлы міндетті атқару екінің бірінің қолынан келе бермейтіндіктен, оларға зор жауапкершілік жүктелетіні айтпаса да түсінікті. Бірақ әрбір мұғалім осынау жауапкершілікті жан жүрегімен сезінулері тиіс емес пе? Бүгінгідей ғаламтор желісі қарқынды дамыған заманда кез-келген жердегі қисынсыз әрекет әлеуметтік желілерде жарияланып жатқандығын көзіміз көріп жүр. Бірақ олардың арасында өз кәсібінің қиындығын айтып, видео жолдайтын ұстаздарымыз да жиілеп кетті. Ал осындай бейнежазбаларды көргеннен кейін қандай талапкер мұғалімдікті таңдағысы келеді. Бұл тұрғыда біз мұғалімдікі бұрыс дей алмаймыз. Бәлкім дұрыс та шығар, бірақ жариялылықтың жөні осы екен деп, бар әлемге жар салудың қажеті қаншалықты. Қазақта «су ішкен құдығыңа түкірме» деген жақсы сөз бар емес пе? Қаншалықты қиын әрі күрделі болса да осы кәсіп арқылы өзінің нәпақасын айрып отырғандықтан, төзімділік таныту да қажет шығар бір сәт. Мүмкін мұны мамандық таңдамас бұрын ойлануы керек пе еді, кім білсін?! Дегенмен, кез-келген мамандықтың өзіндік қызығы мен шыжығы болатынынан да ұстаздар қауымы ескергені жөн шығар. Әсіресе мектепте оқушылармен жұмыс істейтін мамандар.
Оңай жерде нан жоқ екені айтпаса да түсінікті ғой. Ал, оп-оңай келген нанның дәмі де болмайды емес пе?
Мұғалім мәртебесінің биік болғанын бүкіл қоғам қалайтыны анық қой. Сондықтан да, мұғалімдер кейбір жағдайда өз қадірін өздері қашырмаса жарар еді. Өйткені, мемлекет тарапынан мұғалімдердің жалақысын көтеру туралы мәселе жиі көтеріліп, бұл тұрғыда арнайы тапсырмалар да беріліп келеді ғой. Сондықтан бір сәт сабырлылық танытқанымыз да жөн шығар... Дамыған отыз елдің қатарына қосылуға талпынған егеменді елдің болашағы жарқын, келешегі кемел болуы үшін де бүгінгі ұрпақ білімді болуы қажет қой. Ал, білімді ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздардың жай-күйі қашан да қоғам назарында.
Гүлмира САДЫҚ
qazaquni.kz