А.Әлтай мен Қ.Әбілдина ата-ана қамқорлығынсыз қалған студенттермен кездесті
2016 ж. 28 қаңтар
3664
0
Астана қаласындағы кәсіптік техникалық колледжінде «Өмірі өнерімен ұштасқан қос тұлға» атты кездесу кеші болып өтті. Салтанатты кешке ҚР еңбек сіңірген қайраткері, айтыс аламанының ақтаңгері, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры Аманжол Әлтай мен эстрада әншісі, «Қарақат» дәстүрлі-эстрадалы ән мектебінің негізін қалаушы Қарақат Әбілдина қатысты. Сондай-ақ аталған колледждің ұстаздар қауымы мен студенттер қатысты.
Шара барысында риясыз әңгіме айтылып, танымал тұлғалардың өмір белестері мен шығармашылығына байланысты сауалдар қойылып, жауаптар айтылды.
Кездесу кешін жүргізген колледждің педагог-психологы Сая Қыдыралинаның айтуынша, бүгінгі шараның мақсаты жастардың бойына қайырымдылық сезімін ұялатып, студенттердің білімге, өнерге деген қызығушылықтарын арттыру.
«Студенттердің білімге, өнерге, деген қызығушылығын арттыру. Ой-өрісін, ойлау, бойларындағы жігер, талпыныс, өмірге оң көзқараспен қарауға деген саналық ойларын дамыту. Рухани адамгершілікке, өнерді, елін, жерін сүюге тәрбиелеу. Қоғамда кездесіп жататын келеңсіздіктердің алды алу, өскелең ұрпақты рухани жағынан тәрбиелеп, тағдыр тәлкегіне ұшырап, ата-ананың қарауынсыз қалған балаларға қоғамның назарын аударту мақсатында өткізіліп отыр»,-дейді С.Қыдыралина.
Аталған оқу ордасы ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға арналып 2009 жылы ашылған екен. Кездесу кешінде сөз алған колледж директоры Бірлік Қапезов бұл лицейдің Президенттің тапсырмасы бойынша салынғанын атады және бұл жетім балаларға арналған жалғыз оқу орны. Колледж директорының мәлімдеуінше: «болашақта колледж түлектерінің жұмысқа орналасуы жеңіл болады, өйткені олар оқытатын кәсіптер еңбек рыногында сұранысқа ие. Барлық шеберханалар беларус, ресей және ағылшын өндірістерінің заманауи өнімдерімен жарақталған».
Қорытынды сөзінде колледж директоры Бірлік Қапезов танымал тұлғалардың кездесу кешіне алтын уақыттарын бөліп, ата-ана қамқорлығынсыз қалған жастарға салихалы әңгіме құрып, кездесу ұйымдастырғандарына барлық студенттер мен ұстаздар атынан алғысын білдірді.
Бек Нұрбек
qazaquni.kz