ҚР Сыртқы істер министрі Е.Ыдырысовқа Ашық хат: ЕЭО құру туралы шарт жобасының халықтық талқылауға шығарылуын талап етеміз!
2014 ж. 08 сәуір
2489
11
Сіз жақында Мәскеуде Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесу кезінде «Биылғы жылдың ең елеулі оқиғасы Евразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа келісім беру және оған қол қою. Ол біздің күнтізбеміздегі ең үлкен оқиға, біз оған қарқынды дайындалып жатырмыз» деп қуана мәлімдеме жасадыңыз. Сонымен бірге Евразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа осы жылдың мамыр айында Астана қаласында қол қойылатыны туралы айттыңыз.
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Е.Ә. Ыдырысовқа
Құрметті Ерлан Әбілпайызұлы!
Сіз жақында Мәскеуде Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесу кезінде «Биылғы жылдың ең елеулі оқиғасы Евразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа келісім беру және оған қол қою. Ол біздің күнтізбеміздегі ең үлкен оқиға, біз оған қарқынды дайындалып жатырмыз» деп қуана мәлімдеме жасадыңыз. Сонымен бірге Евразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа осы жылдың мамыр айында Астана қаласында қол қойылатыны туралы айттыңыз. Қазақстан Республикасының миллиондаған азаматтары, ондаған қоғамдық ұйым жетекшілері, ғалымдар мен зиялы азаматтар Евразиялық одаққа кіру тәуелсіздіктен айырылу екенін айтып дабыл қағуда. Осыған орай төмендегі қол қойған қоғамдық ұйым жетекшілері мен Қазақстан Республикасының азаматтары Евразиялық экономикалық одақ құру туралы шарттың жобасын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялап, жалпы халықтық талқылауға шығаруыңызды талап етеді. Біз, емлекеттің тағдырын, тәуелсіздігін шешуі мүмкін құжатқа тек бірнеше жеке тұлға немесе лауазымды адамның ғана шешімімен қол қойылуына біз үзілді-кесілді қарсымыз. Қазақстан Республикасы Конституциясының 3-бабында көрсетілгендей мемлекеттiк билiктiң бiрден-бiр бастауы – халық екенін, әрбір азаматтың мемлекетті басқару ісіне және маңызды мәселелерге өз ұстанымын еркін білдіруге құқығы бар екенін ескере отырып, Евразиялық экономикалық одақ құру туралы шарттың жобасын халықтың талқылауына салып, қоғамдық ұйым жетекшілерінің, ғалымдардың, зиялы қауымның талқысына салмай тұрып ресми түрде қол қоюға қарсы екенімізді білдіреміз. ___________________________________________________________________________ P.S. Жоғарыда келтірілген ашық хатты қолдауға ниетті азаматтар өз пікірлерін төмендегі пікір жазатын жерде қалдыруына болады.