АҚЫҚ ОЙДЫҢ АҚЫНЫ яки «БЕС МЕЗГІЛДІҢ БЕДЕРІ»
2019 ж. 27 сәуір
8207
4
«Айлы түннен сүт еміп...» таң – дүниеге тамсану ақынға берілген сый. Шын құдіреттен құлаған шым-шым әуендер дүбі – дала дауысымен еңіреп келердегі бір дүние – өлең! Емін-еркін самғап жеткен құсни жырдың ел есіне ұя салар тұсында, «уһілеген» әр жүректің дірілін сезгендей боласың! Содан кейін өзіңді иемденген бұла күшке қарай мұңлы көзіңді жайып тұрып, «...ақынға тағы бір күн ғұмыр берші...» деп жалбарынғандайсың.
Ең бастысы – өлең жауған кештің кеспірі жұққан бозғылт іңірді, «...ақ жүзіне нұр жұққан...» ана кейіпіндегі барқыт түнді, тезек жаққан ақ үйдің теңдессіз сүгіретін елестетесің!
...Апам жапқан таба нан,
Ұқсап кетті Айға әлгі,
Шоғы көкке тараған,
Жұлдыздарға айналды... –
Қазыбек Исаның өз үні. Бұл поэзиядағы ақық ойдың жұғыны!? Мүмкін оны тағы да өлең өрісіндегі бір қисында «рифма» дейтін ұғымға тіркеуге болады. Ғасырлар бойы үздіксіз бүткілұлттық әлемге айналған осы бір қазақы ып-ыстық ырғақтан түрлі мазмұндар өнеді. Қарапайым рәміз секілді құйма теңеулерден құдіретті лептер еседі. Оқырмандар ақындарды шеберлігіне сай – «ешкімге ұқсамау» деген жағынан қарай алмайтын деңгейде емес қазір. Биік талғам да қалыптасқан. Алайда, Қазыбек Исаның өлеңдеріндегі бейғажайып сызбаларды басқа тілді оқырмандар өз тілінде оқыса – ұлттық өлеңнің түрлі бояулары тағы бір белеске өте шығар ма еді!?
Осындай тосын реңді жырлардың белгілі бір таптауырын қағидаттардан аттап өтуі – (transcendentalis) жаһандық жаңғыруы тек бүгін ғана ізденіс аймағында тұрған жоқ. Кезінде Қытай жауһарларын әлемге таңбалаған Дү Фү (712-770) секілді ұлы ғұламалардың үні басқа болса да, бояулары көшпелі қауым біздікінен онша өзгеше болмаған. Қазыбектің өлеңдерінен тәңірге ұшатын көшпелі тылсым табиғилық реңі бізге етене жаттаулы болса да, басқаға тіптен – соны.
...Тұманды күн. Түнеріңкі ол дағы,
Тасырқатар тастақ жолдың тоңғағы... –
Қазыбек өзіне жолыққан мұң мен қуаныштың бәрін көшпелі өркениеттің сұлба сүгіреттеріне байлайды.
Қарап отырып осы «тоңғақ» сөзінің қолданысына риза боласың! Жол бойындағы әсірекүлгін реңнің әйдік шырқауы – өлеңде осылай зерленген. Ұшпалы ұйқас емес, қарлығаштың ұясы секілді жып-жылы шебер жасалған бедер.
Бірақ, мен мұнда қандай бір қалып пен жаттанды үлгі туралы айтып отырған жоқпын. Өлеңдегі ешкімге бойбермейтін арын мен екпіннің бірі –екіншісімен нақты байланыста болуы шарт емес. Ауада қалықтаған бұлттардың мұң болып көрінуі – оны көкірек көзімен көре білер ақеспе хас таланты бар ақын – Елміз.
Біз. Зәуде кейбір әлетте бей тылсыммен тілдесуші, ерекше жан нәзіктігімен ұштаса келетін сәтті саз шумақтары арқылы дарқан даламен сырласа алар қасиет қонған дарын иелерінің түп ортасында осы Қазыбектер жүр.
Шөліркеген байтақ алап, шырайнала жан біткеннің аңқасына бірдеңе жетпей тұрғанда ұмай дала көгінен ұлпа аңсаған дүниеге жыр бұршақтары нәр болып жауады.
...Кең дүниеге кеберсіген ерніме,
Ұлпа ұшқындар қонбай жатып ериді... –
деген бір тосын жолдар тура сезімге оралады. Алтайдың ақық иінді асқарларынан хабаршыға қайырылатын қайран тамшылар сынды. Табиғатпен табиғатша ымдасу!!! Түн мен таңның түйіскен жиегіндегі үлбір шуақтың өлең болып келер һәм жымдасу тұсы осы аралық. Ақынның әлемі басқа ғаламның бір үзігіндей дара. Ақын тек ол, өз әлемінің ғана ықтиярында өмір сүреді.
...Саған дейін жазған өлең –
Желқобыздың желігі.
Гөзалыма арналған сөз ғазалым ғой ең ұлы.
Ажарыңа ашылады нәзік ақын көңілі –
Күннің көзі көрінбесе –
Гүлдің қиын өмірі...
Қай кезде де ақын сезімі алысты аңсайды. Шарқ ұруы… Егер жақсы ақын жанүздігер жаңашылдыққа қарай жүгірмесе, үнемі қайталанса, онда күллі поэзия шегініске кетері хақ. Шегініс – өз қасіретімен орнайды. Қатерлісі – қаперлі ояу оқырманнан айырылу.
Қазақ поэзиясындағы Тұманбай мен Жұмекеннің, Мейірхан мен Тыныштықбектің, Фариза мен Гүлнәрдің кезеңдері – елдің бүткіл әдебиет өрлеуіне ықпал еткенін байқауға болады.
Тәңірден уақытша қарызға алған рухани ғұмырда өзгенің жамаулы өркениетінің жамылғысы астында міңгірлеп жүру, жарамсақ ода жазумен машықтанудан ақын өзін аулақ, сергек ұстайды.
«...Поэзия – мойнымдағы тұмар-ды,
Көзіңді жұм –
Көрме менің күнәмді...» -
дейді. Сөйтеді де – «Ақын арызы» өлеңіменен өзіне өзі жауап береді. Бұл да ғибырат. Қаймана жұрттың кеудесінде тұмадай тұнған сырды ақын еппен, ұтымды ойларымен ақтара жөнеледі.
Қазыбекте «отан» туралы өлең атымен жоқ... Бірақ – «Қарабұлақ» өлеңінде
«...Басына кеп бір мезгіл байланады,
Желіндері сыздаған бұлттары...» деген элегия түріндегі шырқау жолдары бар. Қазақтың қасиетті жер-суына деген саф сағыныш, махаббат сарыны! Ол – жер мен суды, ну мен құсты суреттеуге келгенде, бір тылсым «үнмен» көсіліп-көсіліп алады. Қазыбек ақын - қазақ жер-суының жоқшысы.
Бүгінгі қоғамдық сужаңа қарым-қатынас, эволюциялық өмірдегі терең өзгерістерге сәйкес ұлттық поэзия да өз астарын өзгеше өңмен байыта бастады. Ендеше, Қазыбектің жырлары шығыстық рауаяттан да – көнеславяндық һауаттан да, Кеңестік дәрісіңген ұрани қалыптан да, тіпті жаңа еуроцентристік үлгіден де өзгешелеу, ұлттық сүрлеумен түрен тартып келеді.
ХІХ ғасыр басында ағылшындар әлемінде найзағай болған үш ірі ақын – Жон Китс (1795-1821), Перси Биш Шелли (1792-1822), Жорж Байрондар (1788-1824) еске түседі! Ал, қазақта – Қасым, Мұқағали, Төлеген. Алғашқы ағылшынның үшеуі – біздің соңғы үшеумен үндес. Тіпті – алдыңғысы да, соңғысы да бірінің соңынан бірі мына дүниені тастап, бақилық болса да, поэзия әлемінде жұлдыз кейіпінде жанады.
Алайда, ішінде Қазыбегі бар – қазақ поэзиясы мөрленген (иероглифтік) жүйеден ада келеді деген сөзден аулақтамыз.
Бізде бергісі – бес, арғысы – жеті ғасырдың үні бар. Сол үшін тек поэзия әлемінде бағзыфранцуздық аса сергек өткен ұқсас ғасырлардағыдай ұксас жағдайда келе жатқандаймыз дейміз де. Мысалы, Омарғазы, Тыныштықбек, Мұрат Шаймарандардың идеограмматикалық сарынды поэзиясы келді. Өлең жазатындарды сырт қарасаң, бәрі біртекті ұқсас. Ал, ішкі – «бойы» мүлдем бөлек. Өйткені ол – Поэзия.
Бір кезде – әлем орта ғасырда да, желеу өлеңдермен шала бүлінген. Біз де одан қалыс қалмадық. Өткенді мансұқтаумен арпалысқан кезіміз Мағжандарға келіп тірелгенде ғана есімізді жидық. Бірақ, толық емес...
Солай, бұл орайда ақында қандай бір «жеңіс» туралы бедеу өлеңдер көрінбеді. «Жеңіс!» – деп тымақты аспанға атып, біреу үшін көше тұрғызып, гүл қойған жылдардағы түссіз поэзияны да еміс-еміс естідік.
Демек – Исаның немересінің «Сәкеннің соңғы сүгіреті...» толғауын оқығанда «жының» келеді... Концлагерлік жүйедегі бір кілтипан ғана айтылады!? Өлеңнің басталуы мен аяқталуындағы аңыс – қоңыр елдің қобызының сызылған жыртық сүгірет – тағдыры.
Поэзияда кеңістік деген ұлы ұғым бар. Сол, Кеңессіз кеңістікте біздің ақындар жаратушы туралы жартықұдайлық жырлар беріп жүр. Оны ұлы Тәуелсіздіктің шуағы деуге де келеді. Қазыбектердің осы тақырыпта жазған өлеңдері болса, оны осы ғасыр екшемейді. Ол басқа дәуірдің қарекеті, еншісі, мүмкін ол да оқыстан туған өлең шумағындай мәңгі қалуы керек.
Ақында қара халықтық сана, көптік пиғылда (таптық тұрғыда емес – С.Р.) жазылған өлеңдер баршылық. Қара өлеңдегі астарлы қаражібек сарын –соның жұғыны. Оның дәлелі – «...Ақ бесіктің әуелеткен әлдиін, әлі жалғап келе жатыр ән-күйім...»
Көнегректегі бұқаралық қара әуезді жырлардан суперөркениетік супер өркенге дейінгі философиялық қайырымдар халықтың төл құжатына арналған. Шүкір.
Жалпы поэзияға келген жақсы шайырлардың жырлары бір бегзадалық шуақты күйді жамылып келеді. Қазыбек Иса – «...Елес.Тұман. Екі есті, күйде келе жатырмын. Кешегі күн – көмескі, үйге келе жатырмын...» дейді. Бұл жалпы қисын (substratum) бойынша – «шын сөз». Иә, поэзия, проза түп -түгел, жалпы әдебиет текті бегзадалар қолына қарай өтіп, өрлеп кетті. Бүгінгі өлең бұрынғы соцүйірмедегіден мүлдемге бөлек. Бүгінгі қазақ әлемі орта дәулетті әлеумет қалыптастыру үстінде.
Бұрынғыша – «аштық» жырланбайды, тоқтық – қанағатымен жақсы мәйегі бар қауымға ауысты да. Иә, енді жұртқа жаһани жариялы жырлар ғана керек.
Үндінің Жавахарлал Неруі айтқандай – «кедей-кепшіктің жер кепесіннен жетіскен өнер тумайды, себебі, поэзияның жеткен тұрағы ашқұрсақта емес, мәйекті ауқаттылардың санасымен өзектес...» Жуырда ғана айтылған лепе ме дейсің, бірақ бағзыдан ұласқан көмескі ой.
Қазыбектер жүрген қазақ поэзия әлемі енді өз арасынан – «одагерлер одағы» деген пәкін-шүкін мәжбүрлік жасаушы жүйені сиам егіз туғызуға болмайды. Мұндағы ең негізі әңгіме – қазіргі қазақ поэзиясы туралы болып отыр.
Дүниедегі ақындардың барлығы өз өмір сүрген дәуірін жақсы көрмеген-ді. Ал, қазақ ақындарына ХХ ғасырды күшпен жақсы көргізді.
Сонау, тіпті Эпикур мен Хафиз де «жезөкше» аристократизмі туралы жырлағанда өздерінің «мені» сол қоғамның құрбаны болғанын жасыра алмайды.
Егер қазақ дүниесі өміршең екені рас болса – ең зау, ең тәңіри өнерді бағындыра алады. Поэзия үшін де қазақ әлемі – «ұмытылған ұлт» секілді болып алыста қала алмайды.
Соңғы кездегі Қазыбек өлеңдерінде «ақыл соты» туралы ойлар кездесіп қалады. Шынында қазақ өлеңі – «ақыл соты» секілді. Оның алдына барлық дүние жауап береді. Абай... Рух ұлығы ишара еткен... Ешбір конституцияда жазылмайтын әділ шешімдер мөрленеді. Осы ақынның «Ақиқат дауысы» өлеңін оқуға кеңес берер едім. Бұл ырғақтың ішкі жанайқайы нағыз харизматизм!
Қазыбек Исаның «Жапандағы жалғыз үй» атты өлеңі көшпелі өркениеттің керемет бір бояулы ишараты секілді. Түземдіктердің ішкі тысына үңілу, қайда да бір кезігетін қара бұйра бояу емес, қара мекенін сағынып келе жатқан жыл құсының қаңқылы іспетті ғажайып дүние. Қара шаңырақ, қара бала, қара мекен философиялық ізіне түссең – ең үлкен масштабта бүгінгі Қазақстанды көз алдыңа елестетесің. Қара өңнің де қандай ғажайып бояу екенін іштей ұғынасың. Сезініс деп осыны айт.
...Қара өлеңін тыңдайды дала ғана…
Қара талдай сарғайған жапырақпен,
Қарайлайды қарайған сағанаға…
Қарашада қара үйде қара бала…
Өлеңнің өсетін кезі және өлетін шағы болады. Өлетін шағы – жарамсақ ода, сөздің киесінен тыс әсірехаостық мағынасыздыққа ұрыну. Өзінің өлеңінің көтеремдігін білмей тұра, өзін өзгеден өте биік санайтындар бар. Кем емес, арғы жағы ештеңе. Ұлы әдебиеттің саясында бәрі болады. Көшпелі кигіз үйдің шаңырағынан көк кеңістігін көруге де.
Жалпы Қазыбек Иса ақынның мұраты – қаймана жұрттың мұраты. «Мұрат» – деген бір өлеңі бар екен. Көшпелі өмірден ұласқан көшпелі өлең. Өркениет тоздырған өңіне қарай кездейсоқ жазылған өтініштей... Даланың бетіне түскен жарақатты өзінің жүрегіне жабысқан кінәраттай сезіне алатындар ғана осындай ғазиз жырларды жаңбырлата алады.
Сұраған РАХМЕТҰЛЫ,
ақын, Тарих ғылымының кандидаты.
09 қаңтар 2018 жыл. Дереккөз: "Қазақ Әдебиеті" газеті, 26 сәуір, 2019 жыл