Ұлықбек Есдәулет: Күннің жарқырап тұрған кезінде президентімізді сайлап алғанымыз дұрыс
2019 ж. 10 сәуір
4279
1
Бүгін Қазақстан Жазушылар одағында еліміздегі кезектен тыс президент сайлауына қатысты қаламгерлердің кеңейтілген жиыны өтті, - деп хабарлайды baq.kz.
Алқалы жиынды Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулетов өзінің алғысөзімен ашып, аладғы уақытта өтетін президент сайлауының маңыздылығына тоқталып өтті. «Кеше ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үндеу жариялады. Онда биылғы 9 маусым күні бүкілхалықтық президент сайлауы өтетінін мәлімдеді. Елдің ішіндегі тұрақтылықты сақтау үшін және ішкі, сыртқы саясаттың ары қарай үйлесімді дамуы үшін бұл сайлау қажет екені белгілі. Ертең күніміз не болады деп жүрмей, айдың аманында, күннің жарқырап тұрған кезінде президентімізді сайлап алғанымыз дұрыс қой деп ойлаймын», - деді ол. Белгілі ақын, жазушылар да президент сайлауына қатысты өз пікірлерін білдірді. «Сайлау болады деп жатыр. Сайлау – бірліктің нышаны. Сайлаудың болғаны дұрыс, менің қарсылығым жоқ. Назарбаев елді 30 жыл басқарды. Ол Назарбаев басқарған дәуір деп солай дөңгеленіп өз бетінше қалу керек. Қазақ әдебиетін зерттегенде де сол Назарбаев дәуірі деп қараған дұрыс. Қазір ел басқарып отырған Қасым-Жомарт Тоқаев президенттікке түседі деген ойдамын. Егер сайлауға түсіп жатса оған еш қарсылығым жоқ», - дейді жазушы Қабдеш Жұмаділов. Жазушы Марал Ысқабай да ел басқаратын адамды көп созбай белгілеп алғанымыз жөн деген пікірін жеткізді. «Қалай болғанда да сайлаудың тездетіп өткені дұрыс. Ел басқаратын адамды белгілеп алғанымыз жөн. Өйткені айналамызда көзалартып отырған сұғанақтар көп. Олдарда текке отырған жоқ, аяғы не болады екен деп аңдып отыр. Егер қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев қайта сайланатын болса ол әдебиетке, мәдениетке дұрыс қарайды деп есептеймін. Сондай-ақ, Иманғали Тасмағанбетов те таза қазақи жігіт. Оның Мәскеуде отырып тілге қатысты айтқан сөздері оның азаматтығын көрсетіп отырады. Негізі ел басқаруға лайықты адамдар бар болу керек, біз тек танылып қалған адамдар арасында ғана айтып отырмыз. Бастысы халыққа жұмыс істейтін азамат келсе екен деген тілегіміз бар», - дейді жазушы.