Несіпбек Дәутай: «Нұр» сөзі де, «сұлтан» сөзі де сакральдық мәнге ие
2019 ж. 23 наурыз
8729
0
Зиялы қауым өкілдері Астана қаласы атауының Нұр-Сұлтан деп өзгеруіне қатысты пікірлерін білдірді, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігі.
Шериаздан Елеукенов,
филология ғылымдарының докторы, профессор,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты,
«Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерінің иегері
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылдың 19 наурызында Астана уақытымен сағат 19:00-де республикалық телеарналар арқылы мемлекетіміздің аса маңызды тарихи сәттеріне ғана тән Қазақстан халқына үндеуін жариялады. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті ретіндегі өкілеттігін тоқтату жөнінде шешім қабылдадым деген сәтте, миллиондаған көрерменнің сілтідей тынғаны рас. Қазақстанның ата-бабаларымыз аңсап өткен тәуелсіздігін алған кезеңнен бастап 30 жылға жуық еліміздің ішкі-сыртқы саясатында асқан көрегенділік, даналық танытып келген Елбасы бұл жолы да тарихи шешім қабылдаған болатын. Соның негізінде еліміздің Президенті лауазымына Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тағайындалып, ант қабылдап, ресми түрде қызметке кіріскен сәтіне бүкілхалық болып куә болдық. Сол сәтте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Астана атауын «Нұр-Сұлтан» деп өзгерту туралы бастама көтерді. Бұл ойға өз тарапымнан ешқандай қарсылығым жоқ. Өйткені, өзі негізін қалаған елорданың бүгінгі келбеті, бүгінгі жетістіктері мен мемлекетіміздің әлемнің алпауыт елдерімен тереземіз тең болуы үшін қажыр-қайратын, күш-жігерін аямаған ұлт көшбасшысы еңбегінің ұшан-теңіз екені баршамызға мәлім. Қазақ еліне Мәңгілік ел идеясын ұсынған да Нұрсұлтан Әбішұлы болатын. Жоғарыда айтқанымдай өзі негізін қалаған елордаға Елбасының есімін беру идеясын қолдаймын.
Марал Ысқақбай,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері,
«Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері:
Кейбір адамдардың Елордамыздың атауын «Нұр-Сұлтан» деп өзгертуге қарсылық білдіріп жатқанын көзім шалды. Иә, қазір сөз бостандығы бар, әркім өз ойын ашық айтуға құқылы. Бірақ, бұл деген сауатсыз пікірлерді қарша борату деген сөз емес.
Әуелбаста астананы Алматыдан көшіріп, жаңа қала салу идеясын көтерген де, бұл идеяны адам таңғаларлық дәрежеде мінсіз атқарып әлемді аузына қаратқан жаңа шаһар тұрғызған да Нұрсұлтан Әбішұлының өзі екенін бұл күні кім білмейді. Бәріміз көріп отырмыз ғой. Солай екен, «Нұр-Сұлтан» атауына неге қарсылық білдіреміз?!
Санкт-Петербург, Вашингтон секілді өз мемлекетін үлкен биікке көтерген тұлғалардың қалаға есімі берілгенін мектептегі бала да біледі. Төл тарихымыздағы Сарай-Бату, Сарай-Берке сынды қалалардың болғанын естен шығармайық.
Өз басым бұл жерде еш сөкеттік көріп тұрғаным жоқ. Қазақтың, халқына еңбегі сіңген тұлғаның есімі астанамызға берілгенін құптаймын.
Несіпбек Дәутай,
жазушы, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі және Астананың 10 жылдығына арналған медальдармен марапатталған,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты:
Нұрсұлтан Әбішұлы Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Қазақстан халқымен бірге жасасып, елі үшін тынбай жұмыс істеп келе жатқан көрнекті тұлға. Бұл бір. Екіншіден, Астана қаласын тұрғызып, Елордаға айналдырған да өзі емес пе?! Ендеше, Елордаға «Нұр-Сұлтан» деген атау бергенде тұрған не бар?! Астанамыз қазақтың маңдайына біткен тұлғаның есімімен аталғаны құптарлық іс.
Бұл тарихи шешімнің жаңа президенттің ұсынысымен қабылданғанын бәріміз көрдік. Елдің тізгінін ұстап отырған азаматтар осындай қарарға келсе, халық боп қолдайтын жөніміз бар. Бұл шешімді жағымпаздыққа балап жатқандар да бар. Көзіміз шалды. Жаппай халықты бұл үшін күстаналаудың да қажеті жоқ. Саяси сауаты толық жетілмеген қарапайым халықты арандатуға құмар топтар болады. Халыққа сіз болып, біз болып ұғындыруымыз ләзім. Бұл тарих өзі жолымен, жоралғысымен шығарған шешім.
«Нұр» сөзі де, «сұлтан» сөзі де сакральдық мәнге ие сөз. «Нұр-Сұлтан» қаласы деп атау байтақ еліміздің астанасына жарасып-ақ тұр. Мен бәріңізді осы шешімді қолдап, ұлт болып ұйысу жолындағы тұтас идеяға қызмет етуге шақырамын.
Ақұштап Бақтыгереева,Ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері
Ұлы даланың еркіндік алған ғасырының тұңғышы болып тізгінін ұстау Елбасының маңдайына жазылған тағдыр екені даусыз. Сын сағаттардан сүрінбей өткен шыдамыңыз бен парасатыңызға куәміз, ризамыз. «Мың өліп, мың тірілген» ұлтымыздың сан түрлі мінезін де көтеріп, бүкіл әлем алдында абыройын асқақтатып көрсету үшін жасаған істерінің ұшан-теңіз екені тарихқа жазылып қалды. Бұл күнде бүкіл әлем көшпенділер мекені деген қазақ даласын Нұрсұлтан Әбішұлының есімінен танып білгені жасырын емес. Алаш жұртының рухын қайта көтерген қайраткерлігіне бүкіл халық сүйсінді.
Халықтың құрметіне бөленген қазақтың азаматы, нар тұлғалы ұлт көшбасшысының есімінің Астана қаласына берілуін дұрыс жасалған шешім деп білемін. Және өз тарапымнан оң көзқараста екенімді баса айтқым келеді.
Қойшығұл Жылқышиев,
ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Қазақстан Жазушылар одағы Атырау облыстық филиалының директоры:
Атақты Төлебидің: «Бір үйдің баласы болма, Көп үйдің санасы бол, Бір елдің атасы болма, Бар елдің данасы бол, Бір тонның жағасы болма, Бар елдің ағасы бол», – деген өсиет сөзі бар еді.
Кешегі Ататүрік секілді Нұрсұлтан Əбішұлы да дəл осындай өсиетке сай бұл күнде Атақазақ атанды. Жəй ғана бір нəрсені бастап оны соңына дейін жеткізу үшін де біраз жігер, шыдам қайсарлық керек. Ал отыз жыл бойы ел басқару, тығырықтан шыға білу жəне соның нәтижесін көргенше ұлы қайраткерлікпен қызмет көрсету тегін адамның қолынан келмейді. Нұрсұлтан Әбішұлы бүгінгі ел астанасын осылайша салды. Керемет қала салды. Қазақ халқының келбетін көрсетті. Қазақтың талғамын танытты. Міне, сондықтан да, еліміздің астанасын "Нұр-сұлтан" деп атайық деген Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың шешімі өте батыл шешім жəне оны қолдау біздің халықтың жүзін жарқырата түседі. Басшы-қосшымыз болып, бір тілекпен алға баса берейік.