Жаңа Үкімет ел сенімін ақтай ала ма?
2019 ж. 02 наурыз
4686
0
Биылғы ақпан айы сарышұнақ аязымен ғана емес, ала-құла ақпараттар легімен де есте қалатын шығар. Жылдың ең қысқа айы айтарлықтай жаңалықтарға толы болды. Соның ресми жағынан бастасақ, Үкіметтің отставкаға кетіп жаңа құрамының қайта жасақталуын алдымен ауызға аламыз. Табиғат заңы бойынша қыста қар жауып, аяз қысатынындай, Үкімет құрамының өзгеріске ұшырауының да саяси, экономикалық, әлеуметтік себептері болғаны белгілі. Бас уәзір мен қатардағы министрлердің әдеттегідей ауысып жатқаны бұқараның басын айтарлықтай ауырта қоймаса да, халықтың көкейінде «Жаңа Үкімет ел сенімін ақтай ала ма?» деген үлкен сұрақтың тұрғаны анық.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үкіметтің отставкаға кету себебін мәлімдеген болатын. Назарбаевтың айтуынша, өнімді жұмыс орындары жеткілікті түрде ашылмай отыр. Бұл әсіресе ауылдық жерлерге қатысты. Шағын және орта бизнес өсімнің қозғаушы күшіне және оны дамыту ісі әкімдер мен министрлердің негізгі міндетіне айналмады. Елімізде индустриалды, әлеуметтік, инфрақұрылымдық, денсаулық сақтау және білім беру салаларын дамытуға қатысты маңызды мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Оларды жүзеге асыру үшін қажетті қаржы да бөлінді. Дегенмен, жүйелі жұмыс жүргізілмеді. Тұрғындардың нақты табысы өспеді. Аса қажет азық-түлік түрлері қымбаттап, қарапайым отбасыларының шығын көлемі арта түсті.
Атқарушы органдардың салғырттығынан әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тұрғындардың бір бөлігі атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылмаған. Оның үстіне Үкімет мүшелері, министрлер, әкімдер халықпен жұмыс істей алмады, сондай-ақ жұртшылықтың проблемаларына құлақ асып, атқарылып жатқан істер мен саясатты түсіндіру жұмыстарын жүргізуге шамасы келмеді. Елбасының мәлімдемесіне қарағанда үкіметті отставкаға жіберуге себеп-салдар жетіп артылады екен.
Сонымен жаңа үкімет жасақталды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Асқар Маминді ҚР Премьер-Министрі лауазымына тағайындады.
Асқар Мамин – 1996 – 2008 жылдары Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары, ҚР Көлік және коммуникациялар вице-министрі, Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда бірінші вице-министрі, Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникациялар министрі, Астана қаласының әкімі, 2008 жылғы сәуір айынан бастап «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының президенті болған. Жол жүру бағасы қымбат кірісті сала болғанмен А.Мамин ҚТЖ-ның тесік қоржынын бүтіндей алмай кетті. 2016 жылғы қыркүйектен соңғы тағайындауға дейін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары болып қызмет атқарды.
Әлихан Смаилов – бірінші вице-премьер, ҚР Қаржы министрі.
Әлихан Смаилов 2015 жылдан бері Мемлекет басшысының көмекшісі болған. Осыған дейін Ә.Смаилов екі мәрте Қаржы министрінің орынбасары, үкімет отставкаға кетпес бұрын ол қаржы министрі қызметін атқарған-ды.
Жеңіс Қасымбек – Премьер-министрдің орынбасары. Жеңіс Қасымбек Үкімет жұмысының стратегиялық бағыттағы шешімдерін қабылдап іске асыратын болады.
Гүлшара Әбдіқалықова Премьер-министрдің орынбасары. Ол 2014 жылдан бері Мемлекеттік хатшы қызметінде болған. Әр жылы Президенттің кеңесшісі, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі қызметтерін атқарған.
Бейбіт Атамқұлов – ҚР Сыртқы істер министрі. Б.Атамқұлов бұл қызметке 2018 жылдың 26-желтоқсан күні тағайындалған еді.
Нұрлан Ермекбаев – ҚР Қорғаныс министрі. Дін істері және азаматтық қоғам министрі болып тұрғанда «мешіттерде уағыз орыс тілінде айтылуы керек» деген мәлімдемесімен ерекшеленген Н.Ермекбаев бұрынғы лауазымын сақтап қалды.
Ерлан Тұрғымбаев – ҚР Ішкі істер министрі. Үкімет отставкаға кетердің сәл-ақ алдында 2019 жылдың 12-ақпаны күні Ішкі істер министрлігіне тағайындалған Е.Тұрғымбаев та орнында қалды.
Дәурен Абаев – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі. Бұрынғы Үкіметтің құрамында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігін басқарған Дәурен Абаев қайта жасақталған ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тізгінін ұстады.
Марат Бекетаев – ҚР Әділет министрі. Үкімет ауысқанымен өз қызметін әрі қарай жалғастыратын министрлердің бірі.
Елжан Біртанов – ҚР Денсаулық сақтау министрі. Е.Біртанов та өз қызметін әрі қарай жалғастыра береді.
Арыстанбек Мұхамадиұлы – ҚР Мәдениет және спорт министрі.
Қанат Бозымбаев – ҚР Энергетика министрі
Өз қызметінде қалғандардың тағы бірі Қанат Бозымбаев. Асқар Жұмағалиев – ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі. Бұл министрлік те қайта жасақталды.
Бердібек Сапарбаев – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.
Бұған дейін Ақтөбе облысының әкімі қызметінде болған Б. Сапарбаев бұрындар да осы саланы басқарған болатын.
Роман Скляр – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі.
Бұның алдында Р. Скляр Жеңіс Қасымбек басқарған Инвестициялар және даму министрлігінде вице-министр қызметін атқарған.
Сапархан Омаров – ҚР Ауылшаруашылық министрі. Жаңадан тағайындалған министр ауыл шаруашылығының дамуына жауап береді.
Күләш Шәмшидинова – ҚР Білім және ғылым министрі. Білім саласынада және партиялық, әкімшілік қызметтерде болған.
Руслан Дәленов – ҚР Ұлттық экономика министрлігін басқарады.
Үкімет үйіндегі ақпан айында өткен ауыс-түйістің ұзын-ырғасы осындай. Енді кезек әкімдерге де жеткен сыңайлы. Өмірзақ Шөкеев Түркістан облысы, Оңдасын Оразалин Ақтөбе облысының жаңа әкімі болып тағайындалды
ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен алғашқы үкімет отырысы өтіп, онда жаңадан тағайындалған төрт министр ант беріп те үлгерді. Жоғары лауазымға ие болған Асқар Мамин Қазақстанның жаңа министрлер кабинеті «нақты істердің үкіметі» болатынын мәлімдеді. «Біздің жаңа құрылым нақты нәтижелі істерді атқаруы керек. Елбасы тұрғындардың өмір сүру деңгейі мен сапасын арттыруға, экономиканы әрі қарай әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған басымдықтарды белгіледі » – деді Мамин алғашқы үкімет отырысында. Ия, батыл мәлімдеме жасаған А.Маминнің бастапқы қарқыны жаман емес сияқты. Оны қалай іске асыратынын уақыт көрсете жатар.
Жалпы алғанда біздегі осы күнге дейін болған он үкіметтің ортақ бір кемшілігін алдымен атап өткеніміз жөн. Қолына көптеген құзырет берілсе де біздің үкімет жоғарыға, дәлірек айтсақ Президентке жалтақтап тұрады. Содан да болар Елбасы оларды «қорқақсыңдар» деп атағаны. Өз бетінше оң шешім қабылдап, батыл қимылдар көрсетуді білмейді. Тіпті қабылданған мемлекеттік бағдарламалар бойынша нақты жұмыс істеу де қолдарынан келмеді. Нәтижесінде арнайы бөлінген бюджеттік қаржылар жыл сайын толықтай игерілмей қалады. Қаржыны толық игермеу созылмалы «сырқатқа» айналды.
Халық арасында «Бұл үкімет – әйелдер ауыстырған үкімет болды» деген әңгіме тарап кетті. Баспанасыз, мардымсыз көмекақымен өмір сүрген көпбалалы аналардың жанайқайы да негізсіз емес. Тұрмыстық тауқіметтен түнгі ауысымды жұмыс істеуге мәжбүр болған Астанадағы ата-ананың үйде жалғыз өздері қалған бес бірдей баласының өртеніп кетуі осыған түрткі болды. Ал анығына келгенде үкіметтің отставка кетуіне халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының төмендеуі басты себеп болғаны белгілі. Өйткені атқарушы билік өз міндетін дұрыс атқармады. Әсіресе Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің атына сын көп айтылды. Бес-алты баласы барларға айына 16 мың теңге жәрдемақы беріледі деп «жарылқаған» министр Мәдина Әбілқасымова халық талабымен қызметінен кетті. Журналистердің «Бес баланы жалғыз қалдырып түнгі ауысымға жұмысқа кетуге ата-аналары не себепті мәжбүр болды?» деген журналистердің сұрағына осы саланың вице-министрі С.Жақыпованың «Ол өздерінің таңдауы» деп жауап беруі жұртты есінен тандырғанын білеміз. Тұрғындарымызды еңбекпен қамтып, әлеуметтік жағынан қорғауға тиісті шенеуніктің сиқы осындай болса басқаларынан не күтуге болады? С.Жақыпованың бұрынғы қызметінде қалған-қалмағаны белгісіз. Ашығын айтсақ, бұндай қызметкерді еңбек және әлеуметтік қорғау саласының маңына жолатуға болмайды. Бұл салада халықтың мұңын түсінетін, қарапайым адамдарға жаны ашитындар істеуі керек.
Үнемі сыннан көз ашпай келген тағы бір министрлік бар. Ол – басшысы тұрақтамайтын білім және ғылым саласы. Өзінің «жаңашылдығымен» жұртты жалықтырған Ерлан Сағадиев қызметінен кетті-ау ақыры. Мектеп мұғалімдері мен оқушылардың қысқа мерзімде миын ауыстырмақ болған «реформатор» министрдің жасаған пайдасынан зияны көп болды. Мұғалімдерді үш ай ғана шет тілге оқытып қыруар қаржы шығындаған, қысқа курстан соң балаларға ағылшынша сабақ беруге мәжбүрлеген министр білім саласын артқа шегіндіріп тастады. Е.Сағадиевтың аты санаға сыйымсыз реформаларымен есте қалатыны анық.
Бұл нені көрсетеді? Алдымен кадрларды дайындау мен оларды мемлекеттік қызметке қабылдау ісінің екі аяғынан бірдей ақсап жатқанын аңғартады. Мұндай мамандар көптеген саланың барлық деңгейінде жиі кездеседі. Сонда олар қалай ғана жоғары лауазымды қызметке көтеріліп жүр? Олардың біліксіздігі мен іске қырсыздығын министр немесе әкім болғанша ешкім байқамаған ба? Әлде жоғары лауазымды қызметке біз бармақ басты, көз қысты, тамыр-таныстық, туысқандық талаптар арқылы тағайындап жүрміз бе? Олай болса мұндай мамандардан бірдеңе талап етудің өзі артық. Біліктілігі мен іскерлігі төмен лауазымдылардан не күтуге болады? Мемлекеттік бағдарламалар орындалмай қалды, халықтың тұрмысы төмендеп кетті деп қынжылудың да керегі жоқ бұдан соң. Сол себепті мамандарды дайындау мен лауазымды қызметке тағайындау ісіне қатаң талаптар керек.
Кеше ғана өткен «Нұр Отан» партиясының кезекті сьезінде Елбасы көпбалалы отбасыларда әрбір баланың төлемақысын 21 мың теңгеге дейін арттырып, бұдан бөлек, мүгедек балаларды асырап отырған отбасылардың жәрдемақысын 30 пайызға өсіріп, әлеуметтік маңызы бар мәселелердің бәрін қатаң бақылауда ұстап отыруды тапсырды жаңадан құрылған үкіметке. Расында, белгіленген мемлекеттік бағдарламалар уақтылы атқарылса, бөлінген қыруар қаржы ұрланбай өз мақсатында дұрыс жұмсалса халықтың жағдайы түзелер еді ғой. Өкінішке орай, бұл жағынан мақтана алмаймыз Соңғы кезде жұртшылық тарапынан әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерге байланысты, көпбалалы отбасыларының жағдайы жиі қозғала бастағаны атқарушы биліктің жіберген кемшіліктеріне тікелей байланысты. Сондықтан жаңа үкіметке осы жіберілген кемшіліктерді түзетіп, қарқынды жұмыс істеуіне тура келеді. Олай болмаса он екінші үкіметтің де қарасы алыс емес.
Алдындағы он үкіметтен оңды іс көрмеген халық он бірінші рет атқарушы билікке сенім артып отыр. Еліне, халқына адал қызмет етуге ант берген министрлер алдағы уақытта тұрғындарымыздың әл-ауқатын жақсарту бағытындағы жұмысты жандандырады деп үміттенеді.
Зейнолла АБАЖАНОВ
qazaquni.kz