Өз қолымен орнатқан бақыт
2019 ж. 28 ақпан
2439
0
Жеті баласы бар Гүлжамал Айдаралиева өз ерік-жігерінің арқасында көп балалы ана бола тұра, баспана алудың қолжетімді екенін көрсетті. Жесір ана азғана кірісіне қарамастан, үш жылда қалай ақша жинап, екі бөмелі пәтер алғанын айтып берді.
Гүлжамал 2012 жылы Қызылордадан Астанаға көшіп келген. Басты мақсаты – балаларына жақсы білім беру. Алты жыл бойы Гүлжамал жеті баласын ертіп, пәтерден пәтерге бас сауғалап, уақытша тұратын бір бөлмелердің табалдырығын тоздырған.
– Мен – тігіншімін. Бірақ, Астанада мамандығым бойынша жұмыс таба алмадым, сондықтан, екі мекеменің еденін жуатын болып, әрқайсысынан 50 мың теңге жалақы алып отырдым. Әрине, оңай болған жоқ. Бірді бірге жалғап, өмір сүрдік. Бірақ, бұның бәрі уақытша қиындық екенін де түсінгенмін, – дейді Гүлжамал.
100 мың теңге жалақымен бірге асыраушысынан айырылғаны үшін алатын 36 мың теңге мен көп балаға берілетін 10 мың теңгені қоса алғанда 146 мың теңгені отбасы төрт жыл қанағат еткен. Соңғы жылдары үлкен ұлы колледж аяқтап, жұмысқа орналасқан.
Гүлжамал ана әріптесімен әңгімелесе отырып, жалдамалы үйден әбден шаршағанын баяндайды Әріптесі болса оған Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы баспана алу үшін қалай шот ашу керектігін және сол депозит негізінде мемлекеттік бағдарламаға қалай қатысу қажеттігін айтқан. Гүлжамал ойланбастан, 2015 жылы банктен депозит ашып, артық ақшасын сонда салып отырған. Әуел баста ай сайын шотқа құятын қаражат көлемі 12 мың теңгені құраса,, кейін ұлы да табыс таба бастаған соң ол депозитке айына 100 мың теңгеден жинай бастаған.
– 2017 жылдың желтоқсанында "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша өтініш беріп, екі бөлмелі пәтер алатын адамдардың пулына кірдік. Ол кезде "Нұрлы жер" бағдарламасының шарты бойынша алғашқы жарна пәтер құнының 30 пайызына тең болды. Үш жылда біз одан көп ақша жинаған екенбіз, ал қалған соманы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 5 пайызбен несие ретінде берді, - дейді Гүлжамал Айдарәлиева.
Бүгінде бұл отбасы тұрғын үй заемын алты жыл мерзімге алып, ай сайын 57 мың теңгеден төлеп тұрады. Артық төлем – 800 мың теңгені құрайды. Осылайша, отбасы 48 шаршы метрлік екі бөлмелі пәтерді 8 млн 640 мың теңгеге сатып алды. Сегіз адам үшін, әрине, пәтер ауданы аздап таршылық еткенімен, отбасы Астанада армандаған баспанаға қол жеткізгендері үшін шексіз бақытты.
– Енді қонақтарды өз үйімде қуана қарсы алатын болдым. Өмірде еңбектенсең қол жетпейтін мақсаттың жоқ екендігіне көзім жетті. Бәлкім, біреулер ұлының табысы арқасында баспаналы болды деп айтар. Бірақ, мен жесір анамын, сондықтан, арқа сүйер азаматым болмады. Мен күйеуімнен ерте айырылдым, сондықтан өзіме ғана сеніп өмір сүрдім. Бірақ, әр нәрсенің шешімі бар, баспана алуға болатын мемлекеттік бағдарламалар бар. Үш жылда ақша жинап, үй алуға болатын болса, бұл өте аз уақыт деп ойлаймын. Ал, бәріне бірден қол жеткізгісі келген адамдарға айтарым – аспаннан дайын нәрсе түсе қоймайды, - дейді Гүлжамал Айдаралиева.
Ләйла ТАСТАНОВА, сурет автордікі. Астана.
qazaquni.kz