Бір жылда жастарды жарылқай аламыз ба?
2019 ж. 23 ақпан
5404
0
ҚР Президентінің пәрменімен биылғы 2019 жыл – «Жастар жылы» деп аталды. Осыған орай Астанада оның салтанатты ашылуы да болып өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген әр саладағы озық, дарынды жастарымыз Елбасының пікірлерін тыңдап, өз ойларын да ортаға салды. Сөйтіп бүгін аузымыздан тастамайтын «Жастар жылы» өз жорығын бастап кетті...
«Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау – мемлекеттік саясатының басымдылығына айналуы тиіс. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек. Келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынамын», – деді Президент Қазақстан халқына арналған жолдауында. Сөз жоқ, ұтымды ұсыныс! Еліміздің ертеңіне жауапты – жастарымыздың болашағына жол ашу бүгінгі аға буынның басты парызы. Өйткені, елімізді өркендетіп, жерімізді қорғайтындар да солар. Ең бастысы бұл қағаз бетінде қалып қоймай, іс жүзінде жүзеге асса болғаны.
Елбасының ұсынысын қызу қолдаған саясаткерлер, қоғам қайраткерлері, жастарға білім мен тәрбие беретін белгілі ғалымдарымыз соның ертеңінде-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында көптеген пікірлерін шұғыл түрде жарыса жариялай бастады. Темірді қызған кезінде соққан дұрыс, бірақ бір-екі ай өтпей жатып оның да қызығы таусыла бастаған сыңайлы. Бүгін сол алғашқы қарқын жоқ, осындай арнайы жарияланған жылда нақты не істеу керек деген ойларын ортаға салып жатқандар да санаулы. Тағы да сол бұрынғыша, біздегі жиі орын алатын науқандық шаралардың біріне ұқсап кеткенге ұқсайды, соңы сиырқұйымшақтанып барады. Елбасының тапсырмасына орай жастар саясатына қатысты біздің Үкімет қандай нақты жоспарлар мен бағдарлама ұсынды? Жастар жылының екі айға жуығы өткенде қандай істер атқарылды? Кім ол туралы есеп беріп жатыр? Жұмсартып айтқанда, бұл жағы әзірге бұлыңғырлау. Рас, жер-жерлерде түрлі жиындар, форумдар өткізіліп жатқаны жайында хабарлар естіліп қалады. Ол да керек шығар, бірақ «Биыл жастар жылы!» – деп ұрандатып айқайлай бергеннен бірдеңе шыға ма? Алдымен біз «Жастардың алдында қандай мәселе тұр, оны қалай шешуге болады?» деген сұраққа жауап іздеуіміз керек емес пе? Нақты іс деген содан басталмай ма?
Ал, жастардың алдында тұрған мәселе жетерлік бізде. Солардың кейбіріне ғана тоқтала кетелік. Ол үшін жан-жақтан статистикалық деректер келтірмей-ақ, еліміздегі бетке ұстар бір топ зиялы қауымның Қазақстан азаматтары мен жастарына, ҚР Президенті Н. Назарбаевқа, Сенат пен Мәжіліс төрағаларына, ҚР Премьер-министріне жолдаған Ашық хатына тағы бір үңілсек те жетіп жатыр. (Abai.kz 16 Тамыз, 2018 ж.) Құжаттан үзінді келтірейік: «Мемлекеттің болашағы, яғни оның ғылымы мен технологиясы, демографиясы, экономикасы мен қорғаныс қабілеттілігінің дамуы халқымыздың жартысынан астамын құрайтын бүгінгі жастардың білімі, отансүйгіштігі мен іскерлігіне тікелей байланысты. Халық саны өсімінің 90 пайыздан астамын шешетін жастар болса, тәуелсіздік жылдары сол мүмкіндіктердің жартысы да іске аспады. Мемлекеттің негізгі міндеті – жастардың өсіп-өнуіне, білім алып елге қызмет етуіне жағдай жасау.
Жастардың 1/3 астамының әртүрлі діни секталарға кіруі, олардың арасындағы экстремизм, 500-дей қазақ жастарының Сириядағы соғыста жүруі т.б., – ол елді ыдыратуға салынған бомба. Қазақстан әлемдегі ең көпдінді яғни ұлттық, ұлтаралық бірлігі нашар, мемлекеттік идеологиясы қалыптаспаған елдің бірі.
Үкімет пен әкімдердің жастар мәселесіне тиісті көңіл бөлмей, елде жүйелі жастар саясатының болмауы – ол бұл елдің болашағының бұлыңғырлығын көрсетеді. Бастан шіріп берекет кеткен елден ғана талантты жастар мен білімді мамандар кетуге асығады. 2017 жылы елден 36 мың адам кетсе, соның 80 пайызы мұғалім, дәрігер, инженер, яғни кәсіби мамандар. Солтүстік облыстарда мектепті жақсы бітіргендердің 75-80 пайызы Ресейге оқуға кетіп, сонда қалуда. Барлық ғаламтор тегін оқытамыз деп қаптаған Қытайдың жарнамасы.
Астана, Алматы т.б. қалалардағы жастардың 55-65 пайызы баспанасыз, 30-40 пайызы жұмыссыз, 20-25 пайызы базарда арба сүйрету, аялдамаларды күзету т.б. уақытша арзанқол жұмыспен күн көруде. Сондықтан, жастардың көпшілігі уақытылы отбасын құра алмайды, құрғандарының өздерінің 40-50 пайызы ажырасып жатыр. Бұндай азғындық қазақ тарихында, тіпті соғыс пен аштық жылдарында болмаған. Тәуелсіздік жылдарындағы елде табиғи өсім мардымсыз. 1991 жылы 17 млн. болсақ, елге келген бір млн. оралманды қосқанда 2018 жылы 18,2 млн. болды. Бұл аралықта өзбек халқы 13 миллионға (54 %) өсіп 21-ден 33 миллионға жетті. Халықтың өсіп-өнуіне билік тарапынан нақты қадам жасалған жоқ. Дүниеге келген әр балаға айына берілетін көмек – $6. Ресейде дүниеге келген әр балаға $10 мың төленсе, АҚШ-тың мысықханаларында әр клиентке тәулігіне $45 жұмсалады.
Кейбір деректерде КСРО-ны Л.Брежнев басқарған 18 жылда 164 млн., Қазақстанды Г.Колбин басқарған екі жылда миллиондай адам тегін баспана алыпты. Одан кейін Шаңырақ пен Бақай шағын аудандарында өздері салып алған үйлерді бульдозермен қырғызамыз... талай қалаймақан болды. «Мемлекеттің азаматтарға баспанадан көмектесуі міндетті емес» дегені бұл биліктің халықтың емес, олигархиялық алаяқтардың мүддесін қорғайтын «сарайлық топ» екенін көрсетуде. Ал, Алматы мен Астана әкімдері Қазақстан азаматтарына жер таппаса, онда үй салып берсін.
Қазақстан Альянсы қауымдастығы 2016 жылы Жер комиссиясы кезінде «2003 жылы Жер Кодексінде қаралған 10 сотка мәселесін шешу керек», деген талабын билік амалсыздан қолдап 1,760 млн. адам жер учаскелерін алуда. Бірақ олардың ішінде жастар жоқ. Сонымен қатар, осы бағдарламамен берілетін жер, үйді билік көп жерлерде коммерцияға айналдырып, өз пайдаларына шешуде. Біз неге іштегі және шеттегі өзіміздің жастарға жағдай жасамаймыз? Олай жасамаудың себебі, сыбайлас жемқорлыққа былыққан билік жастардың да, ауылдың да (халықтың 43 пайызы тұратын ауылға ЖІӨ-нің 2,5 пайызы ғана бөлінеді), қазақ яғни, мемлекеттік тілдің мәселесін шешуді, жер тұтастығын сақтауды да қажет деп санамауда. Бұл, ат төбеліндей биліктегілердің жеке бастарының мәселесін мемлекеттік мүддеден жоғары қойғанының дәлелі. Ондай, елге қамқорлығынан кәстігі астам биліктің халыққа қажеттілігі қанша?!
Жастарға, демографиялық ахуалға т.б. байланысты мәселелерді шешу мақсатында:
1. 2018 жылы «Жастар және Адам капиталын дамыту агенттігін» құру қажет;
2. Үкімет, әкімшілік және қоғамдық ұйымдармен бірге:
а. 2018-2021 жылдары 1,3 млн. жасқа қала не ауылдан он сотка жер және 700 мың пайызсыз, ұзақ мерзімдік несиеге пәтер және тұрғын үй стиліндегі жатақхана салып беру. Шенеуніктерге арналған «7-20-25» т.б. бағдарламалар мәселенің 12-13 пайызын шешеді;
ә. Бұл бағдарлама бойынша алдағы қыркүйектің аяғына дейін облыстарда, Алматы, Астана, Шымкентте тізімдер, желтоқсанға дейін коммуникацияға, үй салуға қажетті қаржы бекітіліп, бағдарлама қабылдансын. Үкімет, салынып үлгермей жатып қайта салып жатқан жол т.б. босқа шығып жатқан қаржыны жастарға тұрғын үй салуға бағыттауы керек;
б. Барлық орта мектептер мен лицейлерде оқушылардың мамандық алуымен қатар, алғашқы әскери курстар ашу;
в. Тәуелсіздік жылдары «Болашақ» бағдарламасымен оқыған 12 мыңдай (бюджеттен $600 млн жұмсалды), барлығы шетелде оқыған жүз мыңдай жастардың ішінен халықаралық деңгейде бір ғалым, инженер, не менеджер шықпапты. Сапасыз білім алуды тоқтату керек. Бұл мәселені шешу үшін Халықаралық Адам институтының, ҚР ғалымдар қауымдастығы, университеттермен бірге дайындаған:
– қосымша білім беру бағдарламасы бойынша қашықтықтан оқыту және облыс, қалаларда конкурстар өткізу арқылы талантты жастардың еліміздің және әлемнің үздік университеттерінде оқуға мүмкіндік ашатын және ауыл мен қала мектептеріндегі білім деңгейін теңестіріп, жалпы білім сапасын көтеруге бағытталған жобасын іске асыру;
– Әлемнің ТОП-500 ғалымдарына лекция оқытып (оны барлық университеттерге тарату яғни, лекция құнын профессорды жеке шақырғаннан 40-50 есе төмендету), солардың күшімен елде және шетелде магистрант, докторанттарды дайындау;
– ҚР МжСМ т.б. министрліктер «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша Лувр музейі, КОНКОРД Академиясы (Фр.) т.б. халықаралық және отандық ұйымдармен бірігіп дайындалған «Аттила-Аэций» драмасын қойып С.Рафаэльдің 500 жылдығына Италияға апару, Луврда қазақ өнерінің көрмесін ашу, Батыстың 15 университетінде қазақ тілі, әдебиеті, өнерінің кафедраларын, 30 елде курстар ашу т.б., ҚР МжСМ тапсырылған, 1/3 демеушілердің көмегімен атқарылатын баламасыз жобаларды толығымен іске асыруы керек.
Себебі, осы уақытқа дейін тиісті министрліктер мен облыс әкімдері құрамында әлемнің 3500 атақты ғалымдары (ТОП-500 және 87 Нобель лауреаттары бар), соңғы 50 жылда ғылым, технология, экономикада жаңалықтардың 70% ашқан Әлемдік инновациялық Қор, әлемнің ТОП-50 технологиялық компаниялары т.б. бірігіп дайындалып, Парламент пен «НұрОтан» партиясы қолдаған білім, инновация, рухани жаңғыру т.б. жобаларының мазмұнын да, мағынасын да түсінбестен кері қайтаруда. Оның орнына, Білім министрлігі халықтың 90% қарсы, педагогика ғылымының ұстанымдарына кереғар реформаларды іске асырса, инновацияға бөлінген екі трлн.-дай қаржының 1/3 (Есеп комитетінің дерегінде 505 млрд., т. басқа бағытқа жұмсалған, ҚР инновацияның экономикадағы үлесі 0,96%, Беларуссия мен РФ –18-20%, АҚШ-55%, Швейцария – 62%), рухани жаңғырудың негізгі бөлігі Президенттің 2017-2018жж. Жолдауларыда көрсетілген Адам капиталын дамыту мен кванттық технология дәуірінде үңгірлік (пещерный) сананы уағыздайтын «сакральды яғни «О дүниелік» Қазақстан» дегенге жүздеген млн. қаржы бөлініп, Қаржы министрлігі мен фискальдық органдар ай қарап отыр. Жалпы, білім, индустрия, мәдениет министрліктері мен облыс әкімдерінің жұмыстары «ұрлықтан да жаман» – қарабайырлардың тірлігіне айналды. Үкімет, атқарушы емес, стат мекеменің жұмысын да істей алмайтын жағдайға жетті?! Бұл, Үкімет мүшелері мен жауапты шенеуніктерді тағайындауда және олардың жұмыстарында ашықтықтың яғни халық алдында жауапкершілік жоқтықтың салдары. Президент тағайындаған шенеуніктердің жартысынан астамы коррупционер мен реформаларды құртушы швондерлер;
г. Қоғамдық сұрау т.б. келісім негізінде жастардың екі жылдық жалпы бірдей міндетті әскери қызметін өтеуді және әскерде болғандардың міндетті түрде бір не екі мамандық алып, сол мамандық бойынша жарты жылдық тәжірибеден өтуі, әскери дайындықтың сапасын арттыру т.б. шешу;
ғ. Үкіметтің, халықты оңтүстіктен солтүстік өңірге көшіру бағдарламасына жастарды тарту және көшіп барғандарға, олар барған жерде қала маңынан қосымша міндетті түрде 12-25 сотка жер мен мал (бір бас сауын ірі қара+үш бас қой) және пайызсыз ұзақ мерзімдік несие бергізу арқылы бағдарламаны толыққанды шешуге атсалысу;
д. Шетелдік компанияларда ҚР азаматтарының, оның ішінде жастардың жұмысқа орналасуына және шеттегі қазақ жастарының елге келуіне (оларға арналған 2-3% гранттардың үлесін көбейту, жұмыспен қамтамасыз етіп, бизнес ашуға жағдай жасайтын т.б.) жобалар қабылдап, іске асыру...»
Ашық хаттың негізгі бөлігін тұтастай назарларыңызға босқа ұсынып отырған жоқпыз. Құжатта жастар алдында тұрған түйіндер тізіліп, оны шешудің бірқатар ұтымды жолдары көрсетілген. Бұдан артық қандай бағдарлама керек?! Әрине ашық хат жастар проблемасын толық қамтымайды, дегенмен, осы құжатта көрсетілген ұсыныстардың тым болмаса жартысын орындап шықсақ та көш ілгері жылжып, жастарымыздың болашаққа деген сенімін арттырып, қанат бітіретін едік. Әділін айту керек, Елбасы өзіне жолданған ашық хатты жауапсыз қалдырған жоқ деп айтуға болады – 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялап, негізгі бағыттарын атап көрсетіп берді. Ендігі нақты іс-қимыл салалық министрліктер мен аймақтық және жергілікті жерлердегі әкімдіктер тарапынан болуы керек. Бұл іске қоғамдық үйымдар да жауапты. Енді мақаламыздың тақырыбындағы «Бір жылда жастарымызды жарылқай аламыз ба?» деген сұраққа қайта оралайық. Әрине, жоқ. Бұл жастарға деген қамқорлықтың бастамасы ғана. Тіпті, жастарға аса қамқорлықтың да қажеті жоқ, жолын көрсетіп, мүмкіндік берсек өздері-ақ іліп алып кетеді. Жастар мәселесі бір жыл емес, тұрақты назарда болғаны жөн. Сонда ғана біз еліміздің болашағына сенімді боламыз.
Зейнолла АБАЖАНОВ
qazaquni.kz