«Ақ жол» партиясы өнімдердің қауіпсіздігін бақылайтын арнайы орган құруды ұсынды

«Ақ жол» партиясы американдық FDA агенттігінің үлгісінде өнімдердің қауіпсіздігін бақылау жөнінде арнайы орган құруды ұсынды – тиісті депутаттық сауалды Мәжілістің пленарлық отырысында Ерлан Барлыбаев мәлімдеді. Депсауалдың толық мәтіні төменде көрсетілген:

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

Б.Ә. Сағынтаевқа

«Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына жолдауында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Бүгінгі таңда халықты сапасыз әрі өмірі мен денсаулығына зиян келтіретін тауарлар мен қызметтен қорғаудың біртұтас саясаты жоқ», деп айткан еді.

Осыған орай Президент тапсырма жүктеді. Дәйексөз келтіремін: «Келесі жылдан бастап Тауарлар мен қызмет түрлерінің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау жөніндегі комитет өз жұмысын бастау керек».

Оның басты көздеген мақсаты тұтыну өнімдеріне, дәрі-дәрмектерге, ауыз суға, балаларға арналған тауарлар мен медициналық қызметтерге сараптама жүргізуді іске қосу.

«Ақ жол» фракциясы өз ісіне адал кәсіпкерлердің мүддесін қорғай отырып, аталған тапсырманы барлық жағынан қолдайды. Өнімдердің қауіпсіздігі саласына тәртәп енгізу тұтынушыларды қорғап қана қоймай, сонымен қатар әділ бәсекелестікті қамтамасыз етіп, өзінің жеке басын күйттеген пысықайлар үшін мүмкіндікті азайтады.

Барлық ережелер мен стандарттарға сәйкес шығарылатын өнімдер әрқашан кәсіпкердің жіті қадағалауын және жауапкершілігін талап етеді. Ал, «шалағай істеу», я болмаса тауардың сапасына мән бермей үнемдеу олар үшін тиімдірек әрине.

Дегенмен, кейбір кәсіпкерсымақтар технологияны бұза отырып, балаларды қоса алғанда жүздеген адамдардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретінін де бір сәт ойламайды.

«Ақ жол» партиясы қазақстандықтар өздерінің тұтынатын тауарлары мен көрсетілетін қызметтің қауіпсіз болып, жоғары сапа талаптарына сай болуына әбден лайықты деп сенеді. Біздің фракция 2012 жылдан бастап американдық Эф-Ди-Эй (FDA) – АҚШ-тың Денсаулық сақтау департаментінің жанынан құрылған дәрі-дәрмектер мен тамақ өнімдерін қадағалайдын Федералдық агенттігінің үлгісінде қауіпсіздік талаптарын сақтауды қадағалайтын және мониторинг жүргізетін арнайы қызмет құру ұсынысымен бір емес бірнеше мәрте Үкіметке депуттаттық сауалдар жолдаған болатын.

Мұндай органның атқаратын жұмысының басты міндеті өнім айналымына бақылау жүргізу ғана емес, бизнес ұсынған жаңа тауарларды нарыққа жіберу бойынша шешім шығару, олардың тұтынушылық сипатын зерделеп, адамның өмірі мен денсаулығына деген әсеріне ғылыми-негізделген баға беру болмақ.

Осылайша, мұндай ведомство тек бақылаушының ғана рөлін атқармай, инновациялық өнімдерді енгізу мәселелерін қоса алғанда тұтынушылық нарықты тиімді реттейтін болады.

Сөз жоқ, бизнеске шамадан тыс қысым көрсетілмеуі үшін мұндай орган жалғыз болу шарт және ол тұтынушылық өнімдердің барлық түрін қамтуы тиіс.

Мемлекет басшысының жоғарыда міндеттеген тапсырмасын негізге ала отырып, аталған Комитет келесі жылдан бастап өз жұмысын бастау қажет. Алайда, бір апта ғана уақыт қалғанына қарамастан, әлі күнге дейін тиісті мемлекеттік органды құру жөнінен депутаттар бейхабар.

Осыған байланысты, «Ақ жол» фракциясы Президент Н. Назарбаевтың аталған тапсырмасын орындаудың форматы мен мерзімі жөнінде хабарлауыңызды сұрайды.