Әділбек ҚАБА: "Ұлт тіліне көшіңдер, Осы болсын талабың!"
2018 ж. 23 желтоқсан
5349
1
Оу, Арсыздар!
Екіжүзді! Оңбағандар!
Ішінде бәрің барсың,
Тілімді қорлағандар!
Биік – биік мінберден,
Ала шұбар тілдермен,
Туған тілін өзінің,
Қорлағанды кім көрген?!
Тарихтан талай зіл көрген,
Қиын-қиын күндерден,
Азаттыққа жеткенде,
Сорлағанын кім көрген?!
Кешегі бабаң кім еді,
Елінің болған тірегі,
Асан Қайғы, Қазтуған,
Жыраулардың тілі еді.
Тіл- Ұлтыңның жүрегі,
Ұлт-Азаттық тірегі.
Доспанбет пен Шалкиіз,
Шайырлардың тілі еді.
Тілімен Қазақ Ұлы еді,
Тілі бай елдің бірі еді,
Ақтамберді , Бұқарды,
Жатқа айтып жүр еді.
Биліктегі ұрпақ легі,
Өз тілін қашан сүйеді?
Абай мен Жамбыл тілі еді,
Қазақ деп соққан жүрегі!
Құрметтеген бұл елі,
Энцклопедия бір өзі,
Қанышпенен Марғұлан,
Ғылым жайған тіл еді.
Тоқтағанша жүрегі,
Тілі болып сүйері.
Мұқағали, Қасымдар,
Жырын жазған тіл еді.
Аға ұрпақ біледі,
Кітаптарын сүйеді.
Кешегі Кеңес кезінде,
Тіліміз әлі тірі еді.
Айтылғанмен үнемі,
Еліміздің жүрегі,
Астанада көп жиын,
Өзге тілде жүреді.
Қаланың мектеп түлегі,
Тілін шала біледі.
Үйінде де сыртта да
Шүлдірлесіп жүреді.
Табылмай тұр бір емі,
Рухың неткен құл еді.
Көп қазақтың отбасы,
Бір-ақ тілді біледі.
Болса да Қазақ сүйегі,
Өзгеге басын иеді
Бабалардың атпай ма,
Аруақтары киелі!
Қазақсың ба, қарағым,
Ұлт мүддесі дара мың!
Ұлт тіліне көшіңдер,
Осы болсын талабың!
Өмірде қалса бір күнің,
Жеткіз! Жұртқа ұлт үнін!
Әрқайсың қазақ үлес қос,
Жойылғалы тұр тілің!
Әділбек ҚАБА,
Қазақ үні