Димаш Құдайберген Лондонда қазақ тілінде сұхбат берді
2018 ж. 23 қараша
6050
0
Қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің шығармашылығына Ұлыбританияның ірі телеарналары, радио және ақпарат агенттіктері қызығушылық білдірді. Әнші Лондондағы концертінен кейін бірнеше сұхбат берді.
Бұл туралы sputniknews.kz хабарлады.Құдайберген BBC телевидениесі мен радиостанциясын аралап көрді. Британия қоғамдық телевидениесінің студиясында Димаш қазақ тілінде сұхбат беріп, шығармашылығы туралы әңгімеледі. BBC World Service радиостанциясында музыкант сенбі күнгі Cultural Frontline шоуында өзінің жетістікке жету тарихын баяндады. Радиостанцияны апта сайын әлемдегі 75 миллион адам тыңдайды, деп хабарлайды Red Point.
Сондай-ақ, қазақстандық өнерпаз The Independent интернет басылымының журналисіне өзінің музыкалық және шығармашылық карьерасы туралы айтып берді. Тілші қазақстандық әншіден қайда демалғанды ұнататынын сұрады. Димаш өзге мемлекеттерге тек жұмыс барысымен барғанын, шетелде ешқашан демалмағанын айтты.
"Қазақстанда Ақтөбе деген шағын қала бар. Сол жерде менің отбасым, ата-әжем, бүкіл туысым тұрады. Сол жерде мен керемет демаламын", — деп әнші ашық айтты.
Одан бөлек, жас әнші лондондық "Candid" журналының тілшісі Адам Зорганимен кездесті. Адам "indigo at the O2"залында өткен Димаштың концертінде болғанын және қазақстандықтың шығармасына тәнті екенін жеткізді.
"1883" интерактивті мультимедиялық платформасына Димаш өз шығармасы мен болашаққа құрған жоспары туралы әңгімеледі. Портал редакциясы сәнді музыка, кино, саяхат және өнер әлеміндегі соңғы жаңалықтарды таратумен айналысады.
Димаш Құдайбергеннің алғашқы жеке концерті 19 қарашада Лондонда DQ деген атаумен өтті. Концерт залы лық толы болды – талантты әншінің өнерін тамашалауға 45 елден жанкүйерлер келді.