Әлихан Байменов: Мемлекеттік қызметтегі ең өзекті мәселе - жемқорлық
2018 ж. 13 қараша
7841
2
Еліміз әлі күнге қағазбастылықтан жапа шегуде. Соның салдарынан ішкі өнім деңгейі азайып кеткен. Бұл жайлы белді экономистер дабыл қағуда. Халық жағдайын жақсартудың орнына қағазбен жол бөгеген мемлекеттік қызметкерлердің жұмысы қашан жеңілдейді? Халық игілігіне бөлінетін бюджетті игермеуге не себеп?
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Елімізде қағазбастылықтан қағажу көріп отырған салалар көп. Әсіресе, бизнес ашып, бақуатты болғысы келгендерге мұның зардабы көптеп тиюде. Қайда барса қағазға көміліп, уақыты зая кететін кәсіпкерлерлер мұндайдан әбден мезі болған. Жұмысын бастамақ түгілі, құжаттарын реттеумен әлек.
Бюрократия салдарынан елімізде жыл сайын қомақты қаржы игерусіз қалады екен. Қарапайым халықтың өзекті мәселесін шешудің орнына, құжатбастылықтан қолы тимейтін қызметкерлер көбейіп барады дейді мамандар.
"Енді ол ешкімге жасырын емес, біздің мемлекеттік басқару жүйесіндегі мемлекеттік қызметтегі ең өзекті мәселе бұл - жемқорлық. Бұл жемқорлықты тұсамай, ауыздықтамай, оның деңгейін төмендетпей тұрақты даму мүмкін емес" – дейді мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хабты басқару комитетінің төрағасы Әлихан Байменов.
Қазақстанның жыл сайынғы жалпы ішкі өнімі 51 триллион теңге. Алайда, жайбасар атқарушылардың арқасында қазынаға 5-7 триллион теңге түспей жатыр. Осылай деген сарапшылардың есебінше, еліміз 60 триллионға дейін табыс табуға қауқарлы көрінеді. Алайда, соған жетелейтін қажетті құжаттар түрлі кабинеттерді кем дегенде 9 рет айналады екен. Осылайша, рәсімделіп біткенше 1,5 жыл өте шығып,әр саладағы белгіленген маңызды міндеттер тұралап қалуда.
Мамандар түрлі саланы дамытуға арналған бағдарламаларда шикілік көп дейді. Қажетсіз индекстер шенділерді шатастырып, уақытты алады. Ал, өңірлерді дамытуға бағытталған жобаларда 80-нен астам көрсеткіш бар. Сондықтан, экономикалық өсімді көбейту үшін қажетсіздерінен арылу керек. Жемқорлықты жасыру үшін сан құжатқа шырмалып, қаражатты бір жағынан жұлмалағысы келетіндерге шектеу қою қажет дейді.
Ал мемлекеттік қызмет агенттігіндегілер әрбір қызметкер назарда, тіпті, оларды бақылауға арналған құпия бағдарламалар да бар екенін айтады. Мәселен, «жасырын тұтынушы» жобасында 80 агент жұмыс істейді екен. Олар мемлекеттік органдарға 1400-ден астам тексеріс жасап, 1300-ашық кеңестер жүргізген.
«Осы жылдың 1-қарашасынан бастап «Цифрлық агент» деп аталатын мобильдік қосымшаны іске қостық.Оның көмегімен әрбір ҚР-ның азаматы өзіне көрсетілген мемлекеттік қызметке баға бере алады. Осы қосымша арқылы көпшілік тарапынан түскен шағымдарды бақылап, бірден түзетіп отырамыз» - дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мемлекеттік қызмет департаментінің директоры Ильдар Уйсумбаев.
Құзырлы орган өкілінің мәліметінше, қазір жемқорлыққа қарсы жасалған әкімшілік хаттаманың саны 300-ге жеткен. Бұл 10 миллион теңге айналасында жасалған ұсақ-түйек тұрмыстық ұрлық-қарлық екен. Алайда, бюрократия салдарынан жыл сайын 5-7 триллионнан қағылу қазынаға кәдімгідей салмақ болуда дейді олар.